Ақтөбе — 95

Штаттан тыс тілшілер

Облыстық газеттің кейінде қалған жылдарына көз жүгірткенде белгілі бір кезеңде штаттан тыс тілшілердің жұмысына ерекше көңіл бөлінгені байқалады. Шалғай аудандарда, алыс ауылдарда тұратын әр түрлі мамандық иелері газетпен тұрақты байланыста болып, өздері тұратын елді мекендердегі жақсы жаңалықтарды, кейде көпшілік көңілінен шықпаған мәселелерді де қозғап мақалалар жазып тұрған.

Облыс бойынша тілшілердің арнайы слеті өткізілуі де бірі мұғалім, бірі теміржолшы, бірі малшы болып еңбек етіп жүрген сол қалам иелеріне деген құрметті көрсетеді.  

Қазіргі Әйтеке би ауданынан Сұлтан Әзбергенов, Шалқардан Дмитрий Гражданкин, Қарабұтақтан Қызмет Нұралин, Ойылдан Александр Рудаев, тағы да басқа көптеген ауыл тілшілерінің елден жазған хабарлары баспасөз арқылы қалың елге таралып жатты.

Біз бүгінгі топтамамызда газеттің сондай екі тілшісі туралы айтып өтпекпіз.

Қаламының желі бар

Ырғыздық Жебеген аға Омаров туралы осылай айтуға болатын сияқты. Өйткені ол кісі көбінесе уақыт тынысына сай көкейкесті мәселелерді қозғап, өзінің жүрек түкпіріндегі жанайқайын да әсерлі сөзімен білдіріп отыратын.

Қызылорда педагогикалық институтын 1961 жылы сырттай оқып бітірген ол бұған дейін аудандық комсомол комитетінде шыңдалып, Нұра жетіжылдық мектебіне мұғалім болып та үлгерген-ді. Сол кездерден бастап ол облыстық «Социалистік жол», өлкелік «Батыс Қазақстан», одан кейін облыстық «Коммунизм жолы», «Ақтөбе» газетіне хат-хабар жолдап отыруды дағдыға айналдырған. Беріректе Жабасақ орта мектебінің директоры болған тұсында жас ұрпақ тәрбиесі, шәкірттерге сапалы білім беру мәселелерін ұдайы қозғап отырған. Ал аудандық халықтық бақылау комитетіне жетекшілік жасаған кезінде социалистік меншікті қорғау, әлеуметтік мекемелердегі халыққа қызмет көрсету жайына көңіл бөлген.

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі болған Жебеген Омаровтың мақалалары облыстық газетте 1957-2003 жылдар аралығында жарияланып тұрған екен. Сонымен қатар республикалық «Социалистік Қазақстан», «Лениншіл жас», «Қазақстан мұғалімі», «Халық кеңесі», «Қазақ әдебиеті», тағы да басқа басылымдар да абзал ағаны Ақтөбе өңіріндегі тілшісі ретінде таныған.

Штаттан тыс тілшінің елуінші жылдардың соңында облыстық газетте жарияланған мақалаларының тақырыптары «Комсомолдардың оқуына мән берілмей…», «Нақты сан», «Оқу-тәжірибе участогі», «Комсомолецтер астық үшін күресте» деп аталады.

Ал ақсақалдық жасқа жеткен автор ойлары «Тіл ұшында тұрған сөз», «Қазақшаны қалпымен, орысшаны орнымен», «Қазақ қалайша «халық жауы» болды?», «Намыс пен ардың биігі», «Жаңсақ сөз жанға батады», «Ақыл туралы нақыл» деген тақырыптар аясында беріледі. Оның қай мақаласында да өзіндік ой атойлап тұрады. Мәселен, «Түсіндірме сөздікке түсіндірме» атты мақаласында қазақ ұғымындағы тіркестердің жұртшылыққа ұғынымды, түсінікті жеткізілуі туралы өз байыптамаларын ұсынады.

Жебеген аға өмірден өткен соң «Жүректе жылу болмаса», «Қалам қайраты» атты кітаптары жарық көрді. Осы кітаптарда өмірдің талай сынынан өткен, соның бәрінде де адамгершілік пен туралықтың туын жоғары ұстап, сөзінен жаңылмаған қалам иесі өзінің тәлім-тағылымын ұсынады.

Теміржолшы Біржанов

«Құрметті теміржолшы» атағының иегері Байқуан Біржановтың есімін бүгін жас ұрпақ біле бермеуі мүмкін. Өйткені, оның өмірден озғанының өзіне ширек ғасырдан асты.

Мұғалжар өңірінде дүниеге келген ол мектепте оқып жүрген кезінде, яғни он бес жасында еріктілер қатарына теміржол бойына жұмысқа барады. Бұл соғыс уақыты еді. Балаң жігіт пойызда кондуктор болып, Никельтау-Орск-Гурьев-Орынбор, тіпті Түркістан бетке де жолға шығып тұрады.

Байқуан аға ұзақ жылдар бойы Қандыағаш станциясында кезекші болып қызмет атқарады.

Бір атап өтерлігі, ол қай жерде жұмыс істесе де, қай жаққа сапарласа да, жүрген жерінің тарихын зерттеп, қағазға түсіріп отырған.

Он төрт жасынан қолына қалам ұстаған тілші бала күні бойы теміржол бойында тынымсыз еңбек етсе, кешкісін қағазына үңіледі, поштамен келген газет-журналдарға үңіледі. Беріректе теміржол мектептеріндегі қызылізшілердің жетекшісі ретінде жас өрендерді азамат соғысы, Ұлы Отан соғысы кезіндегі тарихты түгендеуге жұмылдырады. Және сол ізденістер нәтижесін облыстық газетке ұсынып отырады.

Теміржол бойындағы қызметтес жолдастары Байқуан ағаны баспасөздегі өздерінің өкілі ретінде таныпты. Өздері бір жақсы жаңалықтың куәсі болса, деректерін жинап әкеліп береді екен.

Ол зейнет демалысына шыққан соң Ақтөбе станциясындағы соғыс және еңбек ардагерлері тораптық кеңесінің мүшесі, теміржолшылар музейінің жанашыры ретінде көп шаруалар тындырады. Тәжірибесі мол ардагер теміржолшыны Ақтөбе теміржол транспорты техникумының басшылығы өздеріне шақырып, жастармен тәжірибесін бөлісуді ұсынады.

Теміржолшы Біржановты ол еңбек еткен Қандыағаш маңы, сондай-ақ Ақтөбе станциясы айналасындағы әріптестері жақсы танитын. Ал тілші Біржановпен облыстық газеттің оқырмандары басылым арқылы жиі жүздесіп отырды.

Оның төсқалтасында облыстық газеттің штаттан тыс тілшісі куәлігі үнемі жүретін болған. Бүгінде Ақтөбе қаласында тұратын Нұрпатша Байқуанқызы әкесінің газетке өте жақын болғанын, ол кісінің мақалалары жарияланған облыстық «Коммунизм жолы» газетінің сарғайған тігінділері әлі күнге дейін өздеріне ыстық жәдігер екенін, сол арқылы балаларының да бүгінде бұқаралық ақпарат құралдарын өздеріне жылы тұтатынын мақтанышпен айтады.

 Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button