Ақтөбе — 95

Меншікті тілші Жарылғас Нұрғожин

Кеңестік газеттер коммунистік идеологияның сойылын соқты. Алдағы маусым айында 95-ке толатын «Ақтөбе» газетінің арғы атасының бірі — «Социалистік жол» газеті де одан тыс қала алған жоқ, әрине. Өзге басылымдар сияқты өзінің күнделікті қызметінде негізінен бұқараның хат-хабарына, ауыл-село тілшілеріне сүйенді. Өйткені редакцияның негізгі құрамында кәсіби журналистер санаулы ғана еді. Күн құрғатпай шығып тұратын басылым үшін бұл қиындық келтірді. Сондықтан газет жұмысына қоғамдық негізде ауыл-село тілшілерімен бірге, енді штаттан тыс тілшілер деп аталатын жазуға бейімі барлар тартылды.

Ал қырқыншы жылдардың басында облыстық газеттің жағдайы біршама жақсарып, республикалық, одақтық мерзімдік басылымдар сияқты, кейбір ірі аудандық өңірлерде меншікті тілшілер ұстауға шамасы жетті. Алайда  редакцияның құрамына кіріп, жалақы алып тұрған алғашқы меншікті тілшілердің қанша адам, кімдер болғаны туралы біздің қолымызда әзір деректер  жоқ. Бүгін біз соның тек біреуі туралы ғана әңгімелейміз. Ол — Алтықарасу ауылында тұрып (қазір Темір ауданының құрамында), отызыншы жылдардың аяғы, қырқыншы жылдардың басынан аталған облыстық газеттің Ойыл ауданы бойынша меншікті тілшісі қызметін атқарған  журналист Жарылғас Нұрғожин.

Жақындарының айтуынша , бұл азамат 1915 жылдары дүниеге келіп, елуінші жылдардың басына қарай жүрек талмасынан өмірден өткен. «Социалистік жол» газетінің жауапты редакторы Құбаш Қожамұратов 1940 жылы 14 қазанда қол қойып берген №2 куәлікті де сол ағайын-туыстары бізге редакцияға жеткізіп берді.

«Ғалымның хаты өлмейді» дегендей, бір кезде журналистік қызметімен елге танылған азаматтың есімін Алтықарасу, Темір өңірінің бүгінде санаулы ғана қалған аға ұрпақ өкілдері ұмытпапты. Қазірде де сол Алтықарасу ауылында тұратын, жасы сексенді орталаған, кешеге дейін осы елді мекендегі мешіттің имамы болған Жаңабай Қалекешов ақсақал біз меншікті тілшінің атын айтқаннан-ақ:

— Білемін, неге білмеймін. Жарылғас ағам журналист болды. Ауылда тұрды, бірақ Ойылға, ауданның барлық елді мекендеріне шығатын. Күшті жазды. Біз онда баламыз, мектептің жоғары класында  едік. Облыстық газетті үзбей оқитынбыз. Денсаулығы нашар, сырқаттау болды. Жүрек ауруынан қайтты. Соңында ұрпақ қалған жоқ, — деді.

Біз Жарылғас Нұрғожиннің шығармашылығын білуге жұмыстандық. Бір жақсысы, редакцияда  қызмет істеген журналистің еңбегін дәлелдеу қиын шаруа емес қой. Газет тігіндісінен сайрап көрініп тұрады. Облыстық архив қорында сақталған «Социалистік жол» газетінің отызыншы жылдардың соңы, қырқыншы жылдардың басы, аяғындағы тігінділерін парақтағанымызда ол жазған мақалалар номер аралап, жиі кездесіп отырды. Мәселен, «Колхозшылар майдандағыша жұмыс істейді»  («Социалистік жол», 1941 жыл 10 желтоқсан, №251) деген мақаласында: «Ойыл ауданындағы Бабатай колхозында ауылшаруашылық жұмыстарының қай саласы болса да ұйымдасқан түрде жүргізіліп отыр. Колхозшылар жұмысты Ұлы Отан соғысы күндеріндегі міндеттерге сай істеп келеді. Уақытпен санаспай, бір өзі 2-3 кісінің қызметін атқарып жүрген колхозшыларды ондап санауға болады. Сондықтан да колхоз биылғы егінді дер кезінде, ысырапсыз жинап алды» деп  бастап әрі қарай өрбітеді.

Меншікті тілшінің жергілікті жерлерден жолдаған көпшілік мақалалары сыни тұрғыда жазылғанын көреміз. Соның бірі — «Сельпоның товарын үлесіп алды» деген мақала («Социалистік жол», 1943 жыл 10 желтоқсан, №251).   Осында сол тұстағы Алтықарасу сельпосының жұмысы туралы ол былай деп жазады: «Сельпоға осы жылы октябрь айында бірталай товар келтірілді. Сельподағылар оны көп кідіртіп, 17 ноябрь күні ғана колхоздарға «бөлді». Сельпо бастығы Тортин, сатушысы Жұмашева, есепші Итемгенова 45 метр матаны үлесіп алды. Оның ізін толтыру үшін қабат матаның бір метрін екіге есептеп, бағасын өсіріп 35 сом 70 тиыннан сатады. Бір пальтоны,10 килограмм тәттіні және бірнеше иіс сабын, шырпыларды тағы да өздері бөліп алды. Сельподағылар товарға таласып, өзді-өзі бір күн тартысады. Бұлар сельпоның шаруашылығын да нашарлатты. Сельпода 3 сиыр, 2 өгіз, 2 ат, 18 шошқа бар. Бұл малдарға қысқы азық дайындалған жоқ. Иесіздіктің салдарынан 6 шошқа аштан өлді. Бұл жағдай аудандық патрепсоюз басшыларына да  мәлім. Бірақ, мұны олар қылмыс деп санамайтын болса керек.

Заң орындары сельпо жұмысын мүлде ақсатып, товарды тобымен өздері пайдаланып отырған Тортинды және оның сыйбайластарын жауапқа тарту керек».

Қаламы уытты меншікті тілшінің бұл сын мақаласының соңына «Редакциядан» деген сілтемемен  «Алтықарасу сельпосындағы мына жағдай төзбестік қылмыс. Ойылдың аудандық прокуроры Тіленшин жолдас мұны тексеріп, қорытындысын редакцияға хабарлауын сұраймыз» деп жазған.

Журналист Жарылғастың газеттегі меншікті тілшілік қызметі негізінен соғыс жылдарына, соғыс салған бүлікті қалпына келтіру кезеңімен тұспа-тұс келеді. Бұл тек соғыс емес, тылда да еңбек майданы қызып, әр саланың иелері майдандағыша қажырлылық пен қайсарлық танытқан шақ болатын. Газет бетінде қаламгерлік күресімен көрінген Жарылғас Нұрғожиннің ауылдастарының есінде күні бүгінге дейін сақталуы осымен байланысты болар деп ойлаймыз.

 Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button