Ауыл

Байқадамда бейбітшілік алаңы бар

Жеңіс күні Есет Көтібарұлы ауылдық округінің орталығы Байқадамда «Ауыл — ел бесігі» жобасы аясында осы өңірдің төл перзенті, жанашыр азаматы, облыстық мәслихаттың депутаты Бердібек Шәкірбекұлының демеушілігімен тұрғызылған Бейбітшілік алаңының салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Жиында аудан әкімі Бауыржан Қаниев сөз сөйлеп, жиналған қауымды Жеңіс күні және қасиетті Ораза айымен тұспа-тұс келген Бейбітшілік алаңының ашылуымен құттықтап, осы игілікті істі қолға алып, жүзеге асырған Бердібек Шәкірбекұлына алғыс айтып, оның аудан, ауыл халқының игілігі үшін жасаған жүйелі жұмыстарын ерекше атап өтті. Оның кәсіпкерлік саласындағы еңбегіне табыс тіледі.

Еңбек ардагерлері Жеткерген Елемес, Жәрдемберген Піралин Бейбітшілік алаңының өскелең жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беруде маңызы зор екенін, ерліктің ешқашан ұмытылмайтынын айтып, бұл игілікті істің жастарға үлгі-өнеге екенін тілге тиек етті. Жиналған қауым марқұм болған Ұлы Отан соғысының ардагерлерін бір минут үнсіздікпен еске алды. Аруақтар рухына құран бағышталды.

Осында бас қосқан жұртшылық «Ерліктің даңқы мәңгілік!» стелласына, Қорғантұз орта мектебінің 11-сынып оқушылары «Анаға тағзым» монументіне гүл шоқтарын қойды.

Бейбітшілік алаңында орнатылған «Ерліктің даңқы мәңгілік!» стелласының биіктігі —

12 метр, «Анаға тағзым» монументінің биіктігі — 6 метр.

Сол күні Мәдениет үйінде мерекелік концерт ұйымдастырылып, ауыл сыртында киіз үйлер тігілді.

Аламан бәйгеде бақ сынасқандар саны көп болды. Солардың арасынан Ернұр Жұмабайдың жүйрігі бірінші орынды иеленіп, 500 мың теңге сыйлық алды. Басқа жеңімпаздар да құр қалған жоқ.

—  Ерлікке арналып тұрғызылған стелла қабырғасында бұрынғы «Сарыбұлақ» кеңшарынан (Сарыбұлақ, Алақозы, 8 март, Аяққұм елді мекендері) шыққан жүзге жуық Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің есімдері жазылды. Алда осы жерден демалыс саябағын жасауды жоспарлап отырмыз.

Бейбітшілік алаңының, онда орнатылған стелла мен монументтің бой көтеруіне демеушілік жасаған Бердібек Шәкірбекұлына ауыл халқының атынан айтар алғысымыз шексіз, — дейді Есет Көтібарұлы ауылдық округінің әкімі Мейрамғали Кенжалин.

Сағымбек  ҰЛЫҚПАНОВ,

Шалқар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button