Әдебиет

Боз даланың бозторғайы

Неге екенін білмеймін, боз жусанды жерден бозторғай көрсем, ақын ағам — Есағам, Есенбай Дүйсенбайұлы еріксіз есіме түседі. Бәлкім, күні кеше өлеңін шабыттанып, бұрқыратып жазып жүрген шайырды сағынғандықтан шығар. Жалғыз мен ғана емес, жыр деген құдіретті мойындайтын исі қазақтың оны аңсауы орынды. Алдымен өлең сүйер қауымға есімі жақсы таныс Есенбай Дүйсенбайұлы жайлы өзгелер не дейді. Соған назар аударалық.

Герольд Бельгер: «Есенбай Дүйсенбайұлы деген ақын бағаланып жүр ме? Ал мен айтайын, бұл азаматтың ұстанымы берік, түйсік-түсінігі терең, талантты, қуатты керемет ақын».

Бұл — ұлты неміс, жүрегі қазақ Бельгердің пікірі.

Қатар оқыған жазушы Қоғабай Сәрсекеевтің мына бір лебізі де Есағаңның әдебиеттегі орнын дәл бағалаған: «Есенбай — тәжірибелі, талантты редактор ғана емес, сонымен бірге публицист-журналист, аудармашы, сыншы, ғажап ғалым және жас ақындардың жанашыр ұстазы».

Жалпы Есағаң — суреткер ақын:

Боз бауыр аспан иіп бір,

Рахат жаңбыр құйып тұр.

Тобықтай ғана бозторғай

Тобылғыдан аласа,

Тораңғыдан биік тұр.

Толқып-толқып күйіне,

Тоғыз тоқсан сыйып тұр.

Тылсым тартып дүние,

Тыңдай берді ұйып бір.

Жұмбақ ақын Жұмекең өлең әлеміне қоңыр үні, қоңыр бояуымен келсе, ал Есенбай боз бояумен өз келбетінде, өз ерекшелігінде танытты. Осы бір өлең жолдарында тәңірі жаратқан табиғат тіршілігі дейсіз бе, тыныш атқан таңдағы бозторғай үні, күллі тірліктің тылсым тынысы ақын жүрегінің көзімен бейнеленген. Зады Есенбай ақын сөзбен сурет салудың қас шебері екенін байқайсыз. Таңғаласыз. Сүйсінесіз.

Есенбай Дүйсенбайұлының бала күнгі парталас достары оған бізден гөрі ертерек сүйсінген. Жарқамыстағы пансионатта бірге оқыған, бүгінде көзі тірі Көлбай Жәнелов, Алмас  Дәрібаевтар: «Сол бір кездерде ол әдебиет туралы әңгіме бола қалғанда біздерге ұстазымыздай болып толғап кететін. Мектептегі қабырға газетінің редакторы, шығарушысы ретінде талай мінезімізді сынап, өлең жазатын еді», — дейді.

Есағаңды ең алғаш 1967 жылы Жарқамыста көргенмін. Қоңыр күзде байларға қарсы күрескен комсомол боздақтарға Жарқамыстағы паркте ескерткіш тұрғызылып, сонда шамырқанып, шабыттана өлең оқыған-ды. Көзге кішкентай көрінгенімен, жүрегі үлкен болар деп ойға қалғанмын. Аудандық «Ленин туы» газетінде қызмет жасаған жылдары жақсы араласудың реті бола қойған жоқ. Бірақ Алматыда Пушкин кітапханасында ауыл — елдің тынысымен сол газет арқылы танысып жүріп, бір күні бір топ өлеңімді жібергенмін. Он шақты күннен соң түгел жариялап, сәттілік тілегенін көргенімде төбем көкке жеткендей болған-ды.

Университетте оқыған жылдары бірде әдебиеттен лекция оқитын ғылым докторы Рымғали Нұрғалиев «Ақтөбеден кім бар?» деп сұрап алып: «Мен сол өңірден шыққан күшті ақын Есенбай Дүйсенбаевпен бір курста оқығанмын. Өлең үшін жаратылған жан еді. Оқуды бітіріп, Алматыда қала алмай, еліне қайтып бара жатқанда шығарып салдық. Сонда «мен бір кішкентай Абаймын, Алатаудың бауырайын қимай барамын» деген-ді. Біз де қимай қоштасқанбыз. Алғашқы жинағы жұп-жұқа болғанымен үлкен талант иесі екенін танытқан-ды», — деп баға бергенді. Солай болды да. Баспада жүргенде  талай дарындылардың жинақтарының шығуына себепші болды. Ешкімді жатсынбайтын, өте қарапайым азамат ақынның тірлігінде талай қаламдастарына жасаған қамқорлығы бір бөлек.

Жазушы Қоғабай Сәрсекеев айтқандай, қазіргі күнде елге белгілі болған ақындардың кезінде Есағаңның адал ниетінің шуағына бөленіп, қолдау таппағаны кемде-кем. Жеріне қарамай, жылт еткен сәулелі, ойлы шумағымен көзге түскендерді бауырым деп танып, мақтан ететіні тағы бар. Кешегі Жұматай, бүгінгі Тыныштықбек, Шәкизада, Ертай сынды ақындарды өлең өлкесінің хас жүйріктері деп айтып отыратыны әлі есімде.

Жұртшылық іздеп оқитын, болмысы бөлек ақын бұл өмірден озғанда Қазақстан Жазушылар одағында өткен соңғы сапарға шығарып салған қаралы митингіде сол кездегі одақ төрағасы Нұрлан Оразалин: «Біз бүгін қазақ өлеңінің күрең салы, өлең үшін жаратылған үлкен ақынмен қоштасқалы тұрмыз. Есенбай Дүйсенбайұлы бітімі бөлек шайыр болуымен қатар, баспадағы қызметінде өлеңнің қадір-қасиетін түсіне білген нағыз таразышы редактор ретінде көрінді. Бұл оңай шаруа емес-ті. Талайға жек көрінішті болғанмен, өлең деп аталатын сұлу әлемге адалдық танытқанның бірегейі» деп айтқаны есімізде. Адалдығы, әділдігі үшін таяқ жеген сәттері де жасырын емес. Кемшілік көрсе тіке айтатын-ды. Төрт жол өлеңімен қатыратынына көпшілік куә.  Жалпы Есағаң ақиқатты айтуға келгенде алдына жан салмайтын-ды. Оған «Толайым», «Боз ала таң Бозторғай», «Пешене», т.б.  жинақтары дәлел бола алады.

16 мамыр — Есенбай ақынның іңгәлап дүниеге келген күні. Рухы ырза болсын деп кейінгі толқын үшін түйгенімізді жазып отырмыз. Жүрегі дүрсілдеп соғып тұрғанда «Ай, азаматтар, мен келер жылы 80-ге келем» деп жай жымиып еске салар да еді. Иә, келер жылы Есенбай Дүйсенбайұлы есіміне Ақтөбеден бір көше берілсе дейміз. Бұл — ел тілегі. Айтпақшы, ол биыл 95 жылдығын тойлағалы тұрған бүгінгі «Ақтөбе» газетінде бірсыпыра жылдар абыройлы қызмет атқарды. Жүрегімізде есімі жатталып қалған қарға бойлы Қазтуғандай ақын Есағаң туындылары ғасырлармен бірге тыныстай бермек.

Жақсылық АЙЖАНҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button