Басты жаңалықтарМереке

Айрықша құрмет, ерекше тағзым

Негізгі мерекелік бағдарлама Ақтөбе қаласындағы Орталық саябақта ұйымдастырылды. Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен қала тұрғындары қатысқан салтанатты шарада облыс әкімі Оңдасын Оразалин құттықтау лебізін білдірді.

ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев атындағы Орталық мәдениет және демалыс саябағына ақтөбеліктер көптеп жиналды. Олардың арасында Ұлы Отан соғысының ардагері Ғиззат Тоқтабаев та бар. Жасы 90-нан асқан ақсақал сұм соғыс оны ерте есейткенін айтады.

— Соғыс дегенде, әрине, қорқынышты көріністер елестейді. Оны еске алудың өзі оңай емес. Алғаш барғанда мылтық атуға қорыққан жігіттер кейін бәріне үйренісіп кетті. Алдыңда жау тұрғанда, не нәрсеге де бейімделуге тура келеді екен… Содан елге 1946 жылы бір-ақ оралдым.

Украина жерінде жаумен шайқастым. Елге келген соң да еңбек етіп, жолдасым екеуміз 4 баланы өсіріп-өндірдік. Шүкір, қазір жағдайым жақсы, — дейді Ғ.Мұхтарұлы.

Дәстүр бойынша жиналғандар соғыста қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алып, артынша әскерилер ортаға Ақтөбеден шыққан Кеңес Одағы Батырларының суретін алып шықты. Ал сахнада театрландырылған көрініс ұсынылып, хор ұжымы, өнерпаздар мен балалар Жеңіс тақырыбындағы әндерді шырқады.

Саябақта облыс әкімі жиналғандарды осынау мерекемен құттықтап, Ұлы Жеңіс күнінің мән-маңызына тоқталды:

— Жеңіс мерекесі — тарих төрінен орын алатын, халқымыздың ерлігі мен даңқының жарқын көрінісі. Осыдан 74 жыл бұрын әкелеріміз бен аталарымыз тұтастай мемлекеттер мен ұлттарды қырып-жойған фашизмді талқандады. Осы Жеңіс жолында миллиондаған адам құрбан болды. Сондықтан да Ұлы Жеңісті жақындатуда майданда да, тылда да жанқиярлықпен күреске түскендердің барлығы айрықша құрметке ие. Қаза тапқандардың рухына тағзым етеміз.

Кеңес Одағы қарулы күштерінің құрамында соғыс жылдары барлығы 35 миллион адам болса, бұлардың 1 миллион 366 мыңы қазақстандық болды. Соның ішінде соғысқа 120 мыңнан астам ақтөбелік азамат қатысып, олардың 36 мыңнан астамы елге оралмады… Өкінішке қарай, соғыс ардагерлерінің саны жыл өткен сайын сиреп бара жатыр. Бүгінгі таңда Жеңіс мерекесін облыс бойынша 41 майдангер қарсы алып отыр. Сондықтан біздің міндетіміз — әр соғыс ардагеріне қамқор болып, құрмет көрсету, — деді Оңдасын Сейілұлы. ​

Бұл күнде атасының портретін ұстап, осылайша, оны еске алғандардың қатары аз болған жоқ. Ақтөбелік Айна Алманиязова — атасы, соғыс ардагері Опабек Мұхамбетовтің суретін саябақта ұстағандардың бірі. «Атам сұм соғысқа Ойыл ауданынан аттанған. Сталининград шайқасына қатысып, Берлинге дейін жеткен. Кейіннен ұзақ жылдар бойы әкімшілікте қызмет атқарды. Әжем екеуінен бір бала тараған. Мен соның қызымын. Атамды осылай еске алып, саябақта портретін ұстап шығуды ұйғардым», — деп сағынышпен еске алды ол.

Әскери-далалық асханалар Орталық саябақты айтпағанда, А.Пушкин атындағы саябақ пен «Керуен сити» ойын-сауық, сауда орталығының маңында да ұйымдастырылды. Майдангерлер мен облыс әкімі бастаған атқарушы билік өкілдері, ақтөбеліктер сарбаз асханасынан дәм татты.

— 9 мамыр күніне 300-ден астам консервіленген ет, 150 келі қарақұмық пен 150 келі пиязды қосып, сарбаздар ботқасын әзірледік. Бұл — 1200 адамға арналған ас. Нан мен суы, 50 грамы және бар, — дейді екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Т.Бигелдинов атындағы Әуе қорғаныс күштерінің Әскери институты азық-түлік қызметінің басшысы Самат Сәрсенбеков.

Ал «Қазақ халқына мың алғыс!» стелласының жанында шаһардағы бас-аяғы 7 мектептің оқушылары Жеңіс күніне арналған театрландырылған көріністерді сахналап, тақырыпқа сай әндерді орындады. Мұндағы көшпелі көрмеге майдан даласын еске түсіретін көне заттар, әскери киімдер, басқа да соғыстағы керек-жарақтардың қойылғанын айта кетейік.

Кешқұрым Өнер орталығында хор ұжымының концерттік бағдарламасы, ал Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрында «Снайпер» тарихи драмасы көрермен назарына ұсынылды.

Сол күнгі мерекелік бағдарлама ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев атындағы Орталық мәдениет және демалыс саябағында өңірдегі өнер мекемелері ұйымдастырған концерттік бағдарлама мен отшашумен тәмамдалды.

Айта кетейік, ресми дереккөздерге сүйенсек, 9 мамыр — Жеңіс күні мерекесінде облыста 154 шара өткізілген. Оның ішінде мәдени-көпшілік, спорттық шаралар, байқаулар, көрмелер мен түрлі акциялар бар.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button