Рухани жаңғыру

Терең тамыр

Зерде

Басқұдық селолық округіне қарасты Сарыбұлақ ауылында XVIII-XIX ғасыр аралығында  өмір сүріп, халық арасында әулиелігімен танылған Қарабас әулиеге ұрпақтары ас беріп, белгі қойды.

Әулиенің асына облыс пен ауданның зиялы қауым өкілдері жиналды.

Асқа жиналған жұртшылық алдымен әулиенің ұрпақтары қойған белгі тастың ашылу салтанатына қатысты. Биіктігі 3 метр болатын болат темірден құйылған белгітаста «Қарабас ата қорымы» деп жазылған.

Асқа келген ағайынды алдынан шығып қарсы алып, белгі тастың ашылуында сөз алған аудан әкімі Мәлімбет Ибрашев:

— Қасиетті Рамазан айында тарихы тереңде жатқан Әйтеке би ауданында бас қосуымыздың өзіндік себебі бар. Бүгін халық арасында Қарабас әулие деген атпен таныс баба рухына тағзым етіп, үлкен ас беріліп жатыр. Бұл — өте құптарлық әрі келешек буынға үлкен үлгі боларлық іс. Өйткені, өткеніңді білмей, келешегіңді болжау мүмкін емес. Сондықтан бүгін халық ақсақалдарының басын қосып, ұйымшылдық пен ауызбіршілікте өтіп жатқан шараның басы-қасында жүрген азаматтарға аудан басшылығы атынан алғыс білдіремін. Өткенді ұмытпай, бабалар рухына тағзым жасап жатқан ел азаматтарына беріп жатқан садақаларыңыз қабыл болсын деймін. Осы бір қасиетті айда жасап жатқан игі істеріңіз сауапқа жазылсын, — деді.    

Бұдан соң асқа келгендер Сарыбұлақтың етегінде тігілген киіз үйге жиналып, үлкендер Қарабас әулие туралы өздері білетін деректермен бөлісті.

Айта кетейік, Әйтеке би ауданы жерінде ақ шаңқан киіз үй тігіп, бабалар рухына Құран бағыштап жатқан Ақтөбе өңіріне абыройлы азаматтардың бірі — Құдайберген Бекенов. Айтуынша, ол Қарабастың тікелей жетінші ұрпағы екен.

— Өткеніңді білмей, алға ұмтылудың өзі көзсіздік секілді болып көрінеді. Бабалар рухына тәу етіп, ас беру көкейде ертеден жүрген дүние еді. Сәті бүгін түсті. Өткенімізге бір сәт үңіліп, өзімізден кейінгі буынға олардың қайдан шыққанын ұғындыру мақсатында бүгін көпшіліктің басын қосқан жайымыз бар. Бұған бірден- бір себеп  — Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа арнаған «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы.  Біз болашақта өзімізді жоғалтып алмауымыз үшін өткенімізді білуіміз қажет.

Мен шежіре бойынша Қарабастың жетінші ұрпағымын. Қарабас әулие өте білімді, тақуа, ислам таратушы адам болған. Өзінен тараған 6 ұлдың төртеуі өзінің ізімен жүрген. Есімі белгілі Алаш қайраткері Телжан Шонанұлы да осы Қарабастың ұрпағы, — дейді Құдайберген Бекенов.

Мамырдың мамыражай күндерінің бірінде берілген Қарабас әулиенің асы елдің басын бұрынғыдан бетер біріктіріп, тамырын одан әрі тереңдете түскендей болды. Асқа жиналған қалың қауым ұйымдастырушыларға зор ықыласын білдіріп, аталы сөз естіп, елдеріне тарқасты. Ал әулиенің есімін ұлықтауға атсалысып жүрген бірқатар ел ағаларына алғыс айтылып, шапан жабылды.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.   

Әйтеке би ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button