Басты жаңалықтарӘлеумет

Бес қыздың анасы 212 мың теңге атаулы әлеуметтік жәрдемақы алды

Елбасы тапсырмасына сәйкес, биыл 1 сәуірден бастап елімізде аса мұқтаж және көпбалалы отбасыларға әлеуметтік көмек тағайындалды. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан мұндай көмекті қазір әлеуметтік топтағы отбасылар сезініп те жатыр. Соның бірі — ақтөбелік көпбалалы Әлібековтер отбасы.

К.Нокин ауылында тұратын Әлібековтер отбасында бес қыз тәрбиеленіп жатыр. Олардың үлкені — 14-те. Ең кішісі — егіздер Жанерке мен Назеркенің жастары төртте. Көпбалалы ана Ақтолқын Дүйсенбекованың мамандығы — есепші. Ол Ақтөбе қаласындағы арнаулы оқу орындарының бірінде қызмет жасайды.

— Елімізде мен сияқты көпбалалы аналарға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетінін естігенде қатты қуандым. Биыл 1 сәуірден бастап тиісті мекемеге құжат тапсыру жұмыстары жүргізілетінін біліп, мен де қамдандым. Ол үшін жеке куәлігім мен жолдасым екеуіміздің еңбек табысымызды растайтын анықтама, сосын балаларымның туу туралы куәліктерінің көшірмесі қажет болды. Осы құжаттарды 12 сәуір күні Алматы ауданы әкімдігі ғимаратындағы халыққа қызмет көрсету орталығына тапсырған едім. Әрине, бұған дейін қалалық жұмыспен қамту орталығының мамандары үйімізде болып, әлеуметтік карта толтырып, ай сайын біздің отбасымызға 106 мың теңге көлемінде атаулы әлеуметтік жәрдемақы тиесілі екенін есептеп берді, — деді Ақтолқын.

Ақтолқынның жолдасы Асхат Әлібеков қазір қаладағы мектептердің бірінде еңбек етеді. Бұған дейін бұл отбасы көп бала тәрбиеліп отырғаны үшін ай сайын небәрі  10500 теңге көлемінде ғана әлеуметтік жәрдемақы алып келді. Бұдан бөлек, ерлі-зайыптылардың екеуінің табысы 100 мың теңгеге жетіп жығылады.

Сәуір, мамыр айларына 212 мың теңге көлемінде атаулы әлеуметтік жәрдемақыны қолыма алғанда қатты қуандым. Өз көзіме өзім сенбедім. Бұл — мен сияқты аналарға мемлекеттен көрсетіліп отырған үлкен қолдау. Сол үшін де Елбасыға ерекше алғысымды білдіремін, — деп, Ақтолқын  өз қуанышымен бөлісті.

Бес қыздың анасы алғашқы атаулы әлеуметтік жәрдемақыны балаларының киім-кешегіне жұмсағанын айтады.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button