Жаңалықтар

Санкт-Петербургте Әлияның ескерткіші ашылды

Жеңіс күні қарсаңында Ресей Федерациясының Санкт-Петербург қаласында Кеңес Одағының Батыры, қазақтың қаһарман қызы Әлия Молдағұлованың ескерткіші ашылды. Бұл жобаны Санкт-Петербург билігі, Ресейдегі Қазақстан елшілігі және Ақтөбе мен Атырау облысы әкімдіктері бірлесе жүзеге асырды.

Ескерткіштің ашылу салтанатына Қазақстанның Ресейдегі Төтенше және өкілетті Елшісі Иманғали Тасмағамбетов қатысты.

— Батырлық — басқа қонатын бақ емес, жүректен ерлік болып шығатын сындарлы шақ. Ал біздің халқымыз үшін бұл – ұланына ғана емес, қыздарына да бірдей дарыған ұлттық қасиет. Тарихымыздың әрбір беті ел басына күн туғанда ерлермен иық теңестіріп, жауға шапқан батыр рухты апаларымыздың есімімен хатталып, ел есінде сақталып келеді. Бүгін, міне, сол даңқты дәстүрді жалғастырушы, қазақтың қайсар қызы Әлия Молдағұловаға Санкт-Петербург қаласының төрінен еңселі ескерткіш ашылып отыр. Біз ержүрек жерлестерімізді еске алып қана қоймай, Ұлы Отан соғысының барлық батырларына, соның ішінде Ленинградты қорғаушыларға құрмет көрсетеміз! Сөз жоқ, бұл шара — Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында қаһарман апамыздың рухына көрсетіліп отырған ұлы тағзым ғана емес, екі елдің бірлігі мен ерлігін, айбыны мен даңқын паш ететін дара дүние,  —  деді И.Тасмағамбетов.

Ақтөбе облысы Қобда ауданында дүниеге келген Әлия Молдағұлова Екінші дүниежүзілік соғыстың алдында Ленинград қаласында Красногвардия ауданындағы №46 балалар үйінде тәрбиеленген. Санкт-Петербургтегі 9-орта мектебінде оқыды. Бүгінде Әлия тұрған көшеге батырдың есімі берілген. Жеңіс күні қарсаңында ашылған ескерткіш осы көшенің 5-інші үйі алдында орналасқан. Батырдың мүсіні қондырылған гранитті тұғырда батырдың есімі мен жапсырма жұлдызы бедерленген. Сыртқы жағында мергеннің ерлігі туралы қысқаша ақпарат жазылған.

Ескерткіш авторы — белгілі қазақ мүсіншісі Едіге Рахмадиев. Мүсіншінің айтуынша, постамент жасауға Қазақстанның кен орындарынан алынған сапалы гранит пайдаланылған. Композиция Алматы облысында құйылды.

Салтанатты рәсімге ардагерлер, әскерилер, саясаткерлер, қоғамдық ұйымдардың өкілдері мен өнер қайраткерлері қатысты. «Әлия мәңгілік ерлігімен, отансүйгіштігімен өзі қазақ ұлтының рухы болып қалды.  Ескерткіш қоятын орын арнайы таңдалған. Тап осы жерде, сол кездегі №46 балалар үйінде Әлия Молдағұлова тәрбиеленген болатын. 1942 жылы балаларды қауіпсіз жерге эвакуациялаған. Ал жап-жас Әлия өз еркімен Қызыл әскер қатарына жазылды. Мерген қызымыз 19 жасында оққа ұшып, жастығы мен өмірін Отаны үшін құрбан етті. Оның ерлігі халықтың мәңгі жадында», — дейді белгілі әлиятанушы Ғалымжан Байдербес.

Әлия Молдағұлова 1944 жылы қаңтарда Ленинград-Новгород операциясын өткізу кезінде Псков облысының Казачиха селосындағы шайқаста ерлікпен қаза тапты. Бүгінде батырдың тас мүсіні өзі жанын беріп қорғаған Ленинград — Санкт-Петербург қаласының қақ төрінде қасқайып тұр.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button