Спорт

Майдангерді еске алды

Жеңіс күніне орай Шалқар ауданында фин соғысы мен Ұлы Отан соғысының ардагері, екі мәрте «Қызыл жұлдыз» орденінің иегері Баттал Тіржановты еске алуға арналған жастар арасында шағын футболдан жарыс өтті.

№2 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде өткен ашылу салтанатында аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Нұржан Шойғарин, аудандық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері Әлима Қыдыралина, Баттал Тіржановтың туысы Рамазан Төлегеновтер сөз сөйлеп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Ал майдангердің немересі Серік Баттал аталған музейге атасының марапаттары тағылған бешпетін табыстады. Сондай-ақ, аудандық тарихи-өлкетану музейі соғыс заттары қойылған көрме ұйымдастырды.

Баттал Тіржанов 1917 жылдың 9 мамырында Шалқар ауданында дүниеге келген.  1937 жылы Отан алдындағы азаматтық борышын өтеу үшін Кеңес әскерінің қатарына алынады. Әскерден елге  оралғалы тұрған сәтінде 1939 жылы Фин соғысы басталады… Осы соғыста ерлігімен көзге түскен оған 1940 жылы Мәскеу қаласындағы Кремльде М.Калинин өз қолымен кеудесіне «Қызыл жұлдыз» орденін тағады.

Туған жерінде еңбекке араласа бастаған кезде Ұлы Отан соғысы басталып, тағы да ел қорғауға аттанады. Ұлы Отан соғысында да екінші рет «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталады.

Баттал Тіржанов зайыбы Орынша екеуі 8 бала тәрбиелеп өсірген. Ол 1999 жылы 82 жасында дүниеден өтті.

Екі күнге созылған жарыс қорытындысы бойынша І орынды І.Үргенішбаев атындағы орта мектеп командасы жеңіп алса, ІІ орынды мектеп оқушыларынан құралған команда, ал ІІІ орынды «Қайрат» командасы иеленеді. Жеңімпаздарға аудан әкімінің Алғыс хаттары мен Тіржановтар әулеті атынан ақшалай сыйлықтар табысталды. Жарысқа барлығы 18 команда қатысқанын айта кетейік.

Шарада №5 мектеп-лицейінің оқушылары өз өнерлерін көрсетті.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button