Жеңіс

Барлаушы

Дүниежүзі халқының 80 пайызы қатысқан Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде 110 миллион адам әскерге алынған. Қазақстаннан 1 миллион 366 мың адам майданға аттанған. Соның бірі — Ақтөбеде құрылған 101-атқыштар бригадасы құрамында болған барлаушы Атағұл Сейілов.    

Атағұл Сейілов 1909 жылы Қобда жерінде дүниеге келген. Әке-шешесінен ерте айырылып, туыстарының қолында өскен ол жетімдіктің, аштықтың зарын көп тартса да, бірбеткей, қайсар болып ержеткен. Ақтөбедегі жеті кластық мектепте оқып, еңбекке ерте араласқан. Алғыр, есепке жүйрік болғандықтан, есепші курсына қабылданып, оны да жақсы аяқтап шыққан. Соғыстан кейінгі жылдары оқ сынығы алынбаған жүрегін емдеу үшін КСРО-ның курорт-санаторийларынан ем алып,  құрметті  зейнеткерлікке  шыққанынша өз топырағында бас есепші қызметін атқарған.

— Атамыз соғыс туралы айтқанды мүлде ұнатпайтын болған. Әлемді шарпыған қан майдан туралы кейінгі ұрпағым білмесін дегені шығар. Дегенмен, атамыз туралы мәліметтерді жинап, оны ұрпаққа қалдыру — біздің міндет, — дейді бізге барлаушы туралы мағлұмат берген ұрпағы Әлия Мусеева.

… 1941 жылдың 1 қарашасында Ақтөбе қаласында 101-атқыштар бригадасын жинақтау басталды. Оған Ақтөбе, Гурьев, Батыс Қазақстан, Қызылорда облыстарынан шақырылған жігіттер алынды. Бригада құрамындағы жігіттерге 1941 жылдың 11 желтоқсанында Қобда аудандық әскери комиссариатының жолдауымен Атағұл Сейілов курсант болып тіркелген. 101-атқыштар бригадасы сарбаздары 1942 жылдың тамызында жауынгерлік ұрыстың әдіс-тәсілдерін үйренді.

—   Жасақталған жеке атқыштар бригадасының соғысқа дайындығын 1942 жылдың 19 шілдесінде Кеңес Одағының маршалы Климент Ворошилов тексеріп, жаттығу нәтижесіне риза болған. Ол 26 шілде де бригаданы ҚССР Президиумының Жоғарғы Советінің Қызыл Туымен марапаттаған. Бұл жаттығуларда Х.Бекішев, У.Ахмедзянов, А.Сейілов, А Алпысов, Ш.Қарамергеновтер  көзге түскен, — дейді Ә.Мусеева.

1942 жылдың 19 қазанында бригадаға соғысқа аттануға жауынгерлік бұйрық берілген. 26 қараша күні атқыштар бригадасының Екінші дүниежүзілік соғыс майданындағы жауынгерлік жорықтары тарих беттеріне жазыла бастады.

Қатардағы жауынгер Атағұл Сейілов те 101-ұлттық атқыштар бригадасы құрамында майданға аттанды.

Бригада барлаушылары 28 қарашада Калинин майданының 39-армия құрамында Оленино маңындағы Кувшиново және Букарево деревняларында алғаш жауынгерлік сынақтан өтті. Ржев түбінде болған екі айға созылған соғыс барысында біздің жауынгерлер жаудың 2500-ден астам солдатын қатардан шығарды.

Екінші дүниежүзілік соғыстағы ең шешуші шайқас 1942 жылғы тап осы Ржев түбіндегі қанды қырғын еді. Ұзақ жылдар бойы құпия ұсталып келген Ржев-Вязьма түбіндегі «Марс» операциясы кезінде 1 миллион 350 мыңнан астам адам қаза тапқан. Сондықтан тарихта бұл жер «өлім аңғары» аталып кеткен.

101-атқыштар бригадасының атқыш барлаушылары да осы шешуші шайқаста ерлік көрсетті. Солардың бірі аға сержант А.Сейілов еді. А.Сейілов кезекті тапсырманы Ржев түбінде алды:

«Мен басқарған арнайы жасақталған атқыш барлаушылар тобы жаудың техникасын жоюға түнде көтерілдік. Қою қараңғылықта айналаны бағдарлап келе жатқанымызда, кенеттен жан-жағымыз жарқырап қоя берді. Сөйтсек,  жау әскерлері өз шептеріне қарай өткен бізді байқап қалып, жүздеген прожекторларын жаққан екен. Сол-ақ екен, айнала астан-кестен болды да кетті. Біздің ойымызда бір ғана мақсат — тапсырманы орындау. Артқа шегінуге болмайды, қалайда оққа жараланбай, алға қарай жүріп, нысанаға дәл түсуді көздеп келемін. Әбден бағдарлап алған соң, бомбаны тастап жібердік. Аспан жерге түскендей болды.  Сол түні біз берілген тапсырманы орындап, аман оралдық. Сап алдында жеке өзіме, қарамағымдағы барлаушыларға алғыс жарияланды».  Бұл — Атағұл Сейіловтің естелігіндегі мәліметтер. Осы қанды қырғын кезіндегі ерлігі үшін

аға сержант, барлаушылардың арнайы атқыштар бөлім командирі Атағұл Сейілов бірнеше орден, медальдармен наградталды.

1943 жылдың көктемі мен жазында А.Сейілов қасындағы жауынгерлерімен бірге Великие Луки түбінде қорғаныста болды. 1943 жылдың 22 ақпанында бригаданың 881-атқыштар полк басшылығы бұйрығымен бөлім командирі болып тағайындалды. Күзде Демидов, Сураж-Витебский қалалары бағытында шабуылға қатысып, барлаушылардың атқыштар бөлім командирі жаудың көптеген солдаты мен офицерін саптан шығарды, 158 елді мекенді азат етуге қатысты.

1944 жылдың жазына дейін Полоцк солтүстігіндегі ұрыстарға қатысып, барлаушылар бөлімі жаудың мыңдаған адамын жойды. Кейінгі ұрыстарда барлаушылар тобы Ресейдің Витебск, Смоленск облыстарын, Белоруссия мен Прибалтиканы азат етуге қатысты. Жаумен шайқаста ақтөбеліктер Б.Ержанов, Г.Житников, Р.Нұртазин, И.Нұркин, А.Сейілов, Б.Хасанов, А.Аязбаев секілді көптеген жауынгерлер ерлік көрсетті. 1944 жылдың 15-ші мамырында А.Сейілов кіші лейтенант курсына жіберілді.

Барлаушы мен ол басқарған барлаушылар бөлімі 1942-1943 жылдары Ржев түбіндегі қантөгісті шайқасқа қатысты — Отан үшін оққа түсті, отқа күйді. 1945 жылы 16 сәуірде 252-барлаушылар бөлімінің командирі, мерген жауынгер Атағұл Сейілов Ржев үшін болған ұрыста асқан батылдық көрсетіп,  жау объектісіне басып кіріп, жүрегіне оқ тиіп жараланды…  «Жүрегіне тиген оқ жауынгердің жігерін жасытып, рухын сындыра алған жоқ», — дейді ұрпақтары.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.  

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button