Жеңіс

Ржев даласындағы ерлік

Жылдар жылжып өтсе де, Ұлы Отан соғысының кейбір тұстарын әлі толықтай зерделеп біткен жоқпыз. Тіпті бірқатар майдандардағы шығын көлемі осы күнге дейін жұртшылыққа құпия болып келді. Осындай Ұлы Отан соғысы шежіресінде ештеңемен салыстыруға келмейтін қантөгіс — Ржев-Вязьма шебінде болған шайқастар.

Атақты қаламгер Илья Эренбург «Отан соғысының қай шайқасы өмірде ұмытылмастай болып есіңізде қалды?» деген сауалға: «Ржев» — деп жауап берген екен. Даңқты жазушы Константин Симонов осы қанды қырғынды «өлім аңғары» деп атапты. Қиян-кескі ұрыстар туралы аса көрнекті орыс ақыны Александр Твардовский: «Я убит под Ржевом» деген атақты өлеңін жазып, сол кезеңнің ащы шындығын жырлады.

Ржев-Вязьма плацдармы КСРО астанасына 150 шақырымдай жерде еді. Сондықтан Ржев қаласы «Мәскеуді алатын кілт» болып саналды. Кеңес өкіметі басшылығы үшін фашистердің 1942 жылғы нақ осы бағыттағы шабуылы елеулі қауіп төндірді. Сондықтан Ржев-Вязьма бағытындағы жан алып, жан беріскен соғыс қимылдары — тұтастай Ұлы Отан соғысындағы ең шешуші, ең бетбұрысты шайқастар. Кеңес әскерлерінің Мәскеуден Батысқа қарай бет алған алғашқы шабуылы нақ осы Ржевтен басталған болатын. Кейбір жарияланымдарда нақ осы майдан алаңында бір миллионнан астам кеңес әскері құрбан болды деп тұжырымдалады. Ал екі жақтың адам шығынын қоса есептегенде, қаза тапқандар саны — 2,5 миллионнан астам. Ел аузында әдетте «қолбасшылықтың қателігі», «еттартқыш», «өлім аңғары», т.б. деп айтылатын Ржев қырғынының нағыз шындығы соңғы жеті-сегіз жылдың жүзінде белгілі болды. 2007 жылы ғана Ржевке «әскери даңқ қаласы» құрметті атағы берілді. 17 айға созылған Ржев-Вязьма бағытындағы шайқастарға екі жақтан 10 миллионға жуық адам қатысып, бес майданды, отыздан астам армияны қамтыды. Ржев азат етілгенде қаланың түгелдей қирағаны, жаудың қол астында болған 20 мың халықтан тірі қалғаны 200-дей ғана адам екені белгілі болған. Сондай-ақ, соғыс жылдарында И.Сталин бір рет қана соғыс даласына барған. Ол Ржев өңірі екен. Жоғарғы Бас қолбасшы Ржев жерінде 1943 жылғы 3-5 тамызда болған. 1941 жылғы қазанда басып алған Ржев қаласынан Гитлер өз әскерлерінен қандай жағдайда да айырылмауды талап еткен. Олар үшін Ржев — Шығыс майданның ең маңызды негізгі шебі болды.

Ржев даласындағы қайнаған ұрыстың ортасында Алматыда құрылған 100-ші және  Ақтөбеде құрылған 101-ші дербес атқыштар бригадалары да болды. Қазақстандықтар негізінен Ржев-Вязьма түбінде, Оленино селосы аумағында, Молодой Туд және Белый деревнялары маңында жанқиярлықпен шайқасты. Деректерге сүйенсек, Калинин майданы 39-армиясының құрамында «Марс» операциясы шайқасына қатысқан қазақстандық ұлттық 100-ші және 101 бригадалардың алдыңғысы он мың, соңғысы он үш мың жауынгерінен айырылған.

Менің әкем Өтежан Иманалин осы қанды қырғынның бел ортасында шайқасқан.1942 жылы 101-ші ұлттық атқыштар дивизиясына әскерге алынып, 1944 жылы ауыр жараланады. Елге аман-есен оралған әкем бейбіт еңбекке араласып, өзінің туған жері  Қорғантұз ауылының өркен жаюына атсалысқан. Өмірінің барлық саналы ғұмырын қызметке арнап, ауылдық кеңестің хатшысы болып жұмыс істейді. Соғыста алған ауыр жарақатының салдарынан 1974 жылы бар болғаны 52 жасында өмірден озды. Оның есімін ауылдастары әрдайым сүйіспеншілікпен еске алады.

Әкемнің бір естелігінде: «1942 жылдың қысы қатты болды. 35-37 градус аяз. Қардың қалыңдығы бір жарым метрге жетті. Жер қатып қалған, тоң. Окоп қазуға әл бермейді. Жау оғынан қорғанатын ешқандай мүмкіндік болмады, қарды тасалаумен шектелдік. Жылы киім, фуфайка, пима жетпей жатты. Әскери дала асханасы қардың қалыңдығынан алға жылжи алмады, үздіксіз атыстан көлік, ат-арба қатынасы тыйылды. Біздерге қатқан нан, консерві секілді азық-түлікті аспаннан ұшақпен тастады. Азық-түлік қар астына түсіп, көміліп жатты, оны іздеп-табудың өзі бораған оқтың астында тәуекелге барумен тең еді», — дегені есімде қалыпты.

Елін, жерін жаудан қорғаған әкелеріміздің ерлігі —ұрпақтарының мәңгілік жадында. Біз жыл сайын Ұлы Жеңіс күні қарсаңында ержүрек батырларымызды еске алып, олардың рухына тағзым етеміз. Лайым еліміз тыныш, халқымыз аман болсын! Ал ерлердің есімі — ел есінде!

 Қуандық Өтежанұлы,

зейнеткер.

Шалқар қаласы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button