Жеңіс

Бомбылаушы ұшақтағы оқтаушы қыз

 1942 жылдың қыркүйегінде Ақтөбе облысынан  майданға аттанған 300 қыздың бірі — Калинин және 1-Украина майданы  2-Әуе армиясы  728-әуе шабуылдаушы  полкінің  1-эскадрилия сержанты, Еңбек Қызыл Ту орденінің иегері, 7 баланың анасы  Шолпан  Қожамұратқызы  Рахметова-Тасмұхамедова.

Шолпан апайдың қызы, Хромтау ауданы Тассай орта мектебінде орыс тілі пәні мұғалімі болған  Сария  Қожақызы Рахметова әңгімелейді:

 Әкем мен анам

 Әке-шешем Ұлы Отан соғысының майдангерлері болса да, үй ішінде  соғыс туралы өте сирек айтылды. Әкеміз соғыс жайындағы сұрағымызды мүлде ұнатпаса,  шешемнің әңгімесі  қашанда аяқталмай қалады. Қарулас құрбыларының  қалай өлгені көз алдына келе ме, көзі жасаурап, дауысы бұзылып бара жатқасын біз де қоя қоямыз.

1923 жылдың  20 наурызында Ключевой ауданы (Алға ауданы) Табантал ауылдық кеңесі «Қызыл ту» колхозында дүниеге  келген анамның қыз кезіндегі тегі — Тасмұхамедова. 10 жасында анасы қайтыс болып, үйде әкесі, кішкентай інісімен үшеуі қалған. Мектеп бітірген бойы  Новоресей  аудандық партия комитетінің  құпия бөліміне хатшылық жұмысқа алынып, 1942 жылдың қыркүйегінде Ақтөбе облысынан шақыртылған 300 қыздың  қатарында  майданға аттанды. Әкем  20 жасында, анам 18 жасында майданға кірген.

Анамның естелігінен:  «Ақтөбеден пойызға отырып жатырмыз. Шығарып салушылар қарасы өте көп, кейбірі көзіне жас алса, кейбірі дауыстап  жылап жатыр. Біздер, 17-18-дегі жастар, оларға қарап  күліп тұрмыз. Вагон сыртында тұрған ересек  командирлер: «Қорықпаңдар, бәрі жақсы болады, — деп  қояды. Алдағы соғыс қорқынышын түйсігіміз әйтеуір бір сезсе де, нағыз майданның қандай болатынын соғыстың ортасына түскен соң бір   білдік».

Саратов  қаласының түбінде  3 ай  жеделдетілген  әскери-оқу жаттығудан өтіп, қарашаның соңында  Мәскеу түбіндегі Монино қалашығында жасақталған  2-Әуе армиясының  728-полкі 1-эскадрилиясына алынды.  Сөйтіп, 1942-нің қысында Калинин майданындағы әуе соғысына кірді. Жас қыздар бастапқыда  аэродромда ұшақтарға қару-жарақ тиейді. Бірақ Мәскеу түбіндегі қиян-кескі шайқас басталғанда, курсанттар  әуе шабуылына алынды. Анам — бомбылаушы  ұшақтың оқтаушысы, мина тастайды. Экипажда — 4 адам. Осылайша  18 жастағы сержант Шолпан Тасмұхамедова  майданда Шура атанды. Эскадрилия Мәскеу түбі қорғанысы, Ржев плацдармы, Курс шайқасына кіріп, кейін 1-Украина майданына  ауыстырылды. Бұл — Екінші дүниежүзілік соғыста  жаудың 400-ге жуық әскери ұшағын атып түсірген, 10 кеңестер одағының батыры шыққан атақты 728-ші  полк.  Полк командирі —  Кеңестер Одағының Батыры — Сергей Иванович Лазарев. С.И.Лазарев  1944 жылдың көктемінде әуеде ұшағымен қоса жанып кетті. Бір деректе  әуеде неміс ұшағымен соқтығысты делінсе, басқа  деректе  кеңес бомбылаушы ұшағымен әуеде соқтығысып қаза тапты делінеді. Соғыстың соңғы күндерін бірге өткізген қаруласы Маша анама жазған хатында: «Войну мы закончили под Берлином аэродром Гайнау. Там же погиб наш командир Василяк В.С. Не дожил 5 дней до Победы. Потом мы уехали  под Прагу Бреслау. Местечко Хальбау. Оттуда мы все демобилизовались. За всю войну освободили 60 населенных пунктов, сбили 490 самолетов противника. Было у нас 10 героев», — деп еске алады.

Әкем — Қожа Атаниязұлы Рахметов 1920 жылы Ойыл ауданында туған. Аштықта ата-анасы қайтыс болып, 1933 жылы Ойыл, Ақбұлақ балалар үйлерінде тәрбиеленді. Әкем: «Түнде жатқанымызда, күн сайын таңертең  2-3 бала ұйқыдан оянбай қалады. Біз оларды өзіміз көмдік».

Әкем Ақтөбедегі №6 қазақ мектеп-интернатында оқып, бітірген соң  Байғанин атындағы Ақтөбедегі оқытушылар институтын физика-математика мамандығы бойынша аяқтап,  қазіргі Қопа мектебінде  мектеп директоры болып жұмыс істеп жүргенде, 1942 жылы мамырда  өз еркімен майданға сұранады.  Благовещенск  қаласында 4 ай кіші командирлер курсын аяқтап, қазанда Украина майданына аттанды.  Брянск, Орелді азат еткен. 1943 жылдың қаңтарында сол жақ жамбасынан ауыр жараланып,  госпитальда ұзақ емделген соң  майдан мен Мәскеудегі Бас штаб арасындағы байланысшылар тобына жіберілген. 1943 жылдың қарашасынан 2-Балтық майданында, одан Оңтүстік Украина, Оңтүстік Балкан майдандарында соғысып, Венгрия, Болгарияны азат еткен. Соғыста сол жақ жамбасынан ауыр жараланып, госпитальда емделген соң қайтадан майданға алынған. Госпитальдан соң  Рокоссовский армиясының штабын Мәскеудегі Бас штабпен байланыстыратын арнайы байланысшылар тобында болды.

Анам  1945 жылдың қыркүйегінде  майданнан оралып, екеуі 1947 жылы бас қосты.

Алғашқы соғыс

 Анамның естелігінен: «Алғаш соғысқа кіргенде, бізді алдыңғы  шепте соғысып жатқан жаяу әскерге қосымша көмекке жіберді.  Мезгіл — күз. Күні бойы дыбысымызды білдірмей жүріп келеміз. Кешкілік өзеннің таяздау жерінен белімізден жоғары  судан өте бастадық. Су салқын, киім жұқа. Жол бастаушы  командир, соңындағы қыздар  винтовка, қапшығымызды жоғары көтеріп, біріміздің соңынан біріміз  өзеннен  өтіп жатқанда,  қарсы беттен  ата бастады. Жан-жақтан жауған оқтар суға ысқырып түсіп жатыр. Командир  артқа қарамай, тез жағаға шығыңдар деп айқайлайды. Жүгіріп келе жатып, дәл жаныңнан  суға бірдеңе батып кеткенін сезесің, бірақ артқа қарауға рұқсат жоқ. Содан  жағаға шыққасын, командиріміз түгендей бастағанда, жаңағы дыбыстың дәл қасыңда келе жатып, оқ тиіп, суға батқан  қыздар  екенін білесің.  Біз жеткенше  ұрыс аяқталған.  Қолға түскен бір топ немісті дәл біздің алдымыздан тұтқындап алып барады. Ылғи әдемі, аппақ, ұзын бойлы, еңгезердей, күшті әскери форма киген  фрицтер. Тұтқынға түстік деп сескеніп тұрған олар жоқ.  Алғаш неміс көрген біздер аузымызды ашып қалдық. Олардың қасында біз  тым қорашпыз, арық-тұрақ, бойымыз да кішкентай, киіміміз де жұпыны. Айдалып  бара жатқан  офицер бізге тәкаппарлана, сондай жеккөрушілікпен,  төбемізден  қарап өтіп барады.  

                                            *    *   *

Жау шебіне кіргенде, әуеде немістің ұшағы тап алдыңнан жарқ ете қалғанда, көзіңнің қиығымен  кабинадағы ұшқышын көріп қаласың.  Жалма-жан  көздей, ұшағын құлатсаң, ұшқышы да бірге кетеді  деп  ойлайсың.  Ең бастысы — ұшақты бірінші құлату, атып үлгермесең, өзіңді құртады.

1943 жылдың  соңына қарай  майданға ел ішінен  жастарды  шақырту біртіндеп азайды.  Бұл кезде біз де  талай қиянкескі шайқастардан өтіп, соғысуда  тәжірибелі болып алдық.

                                     *    *   *

Блиндажда қаперсіз демалып  жатсаң, аяқ астынан бомбылай бастағанда, аспан төңкеріліп түскендей, бәрі әп-сәтте жермен-жексен болады. Тірі қалғандар қаруын ұстай сала сыртқа  жүгіреді. Снаряд оғы тура түскен қаруласың жайрап жатыр, бірақ  оған қарауға шама жоқ.  Артынан шабуылдың беті қайтып, блиндаж орнына кері оралғанда, шашылған денеден адамды  тану мүмкін емес. Эскадрилияның бір қызын саусағына қарап таныдық. Жауынгердің өлгенін растап, туысқандарына қара қағаз жіберу үшін бір бөлімде соғысып жатқандардың куәлігі керек».

1951 жылы ата-анам Ақтөбеде  ескі жерүйде пәтерде тұрғанда,  пештен өрт шығып, үй өртеніп кеткен.  «Осы өртте майдандағы ең басты фотосуреттерім жанып кетті. Сол күні  еңбектеп жүрген Әлияны жұмысқа кетерде көршіге тастап кеткенім қандай жақсы болды. Әйтпесе, ол өрттен аман қалмас па еді?» — деп айтқаны есімде.

Соғыстан кейін

Соғыстан кейін Ақтөбеде қалып, пединститутта ғылыми жұмыспен айналысқысы келгенімен,  коммунист әкемді қазіргі Хромтау ауданының Қопа ауылына рабкооп төрағасы етіп жіберді. Кейін Новотроицкіге (қазіргі Тассай) көшіп келді. Анам —дүкенде сатушы.  Соғыстан оралғасын анам бір жыл бойы қатты ауырып, емделді. Тұңғыш 3 баласы бірінен соң бірі шетінеді.

Шешем айтады: «Жалғыз арманым — соғыс бітіп,  үйге қайту еді. Ауылда қалған әкем мен жалғыз інімді ойладым. Отбасын құрған соң  баламыз көп болса, олардың тамағын тоқ, киімін бүтін етсек  деп армандадық. Себебі, әкең жалғыз, менде де  жалғыз іні. Соғыстың алдында уәделессек те, 4 жыл бойы  бір-бірімізді көрмедік, алда не күтіп тұрғанын  да білмедік. Қанды қырғынның қақ ортасынан екеуміздің аман шығып, үйленгенімізге қуанып, басқа ештеңені  ойламадық».

Әке-шешемнің бір-біріне дауыс көтергенін естімей өстік. Айтқаны болмай жатқан кезде  анам жайлап қана: «Туу, осы шал», — деп әкеме қарап күледі де қояды. Анам бізге жастайымыздан: «Ер адам — үйдің қожайыны. Күйеуіңді сыйлап, балалардың алдында оның беделін түсірмеңдер. Оның жақсысын асырып, жаманын жасырыңдар», — деп үйретті.

Әкем ұлдарға: «Ешқашан да әйел адамға  қол көтермеңдер. Әйеліне қол көтеретін еркек, меніңше,  еркек емес, надан», — дейтін.

Әлі есімде, үлкеніміз Әлия ол кезде 12 жаста. Мамам таң атпай пеш жағып, отқа тамақ пісіріп, жұмысына  кетерде   «Пештен шоқ ұшып түспесін» деп Әлия апайыма  тапсырады.

Анам орта бойлы, қараторы, өте шапшаң қимылдайтын. Мінезі ашық болса да,  кіммен қалай сөйлесуді біледі, ретсіз сөйлемейді. Әкем де ашық-жарқын. Олармен кез келген тақырыпқа әңгімелесетінбіз.  Достарым  «Ата-анаңызбен сөйлесу өте қызық, жас айырмашылығын сезінбейміз» дейтін. Анам 4-5 сиыр сауады. Тассайдағы үйдің  бақшасы  өте үлкен.  Әкем көктемде ұлдармен  бірге ұзын атыздарға  картоп отырғызады. Жаздай  әр балаға екі  қатардан бөліп беріп, шөбін жұлып, суаруды тапсырады. Өзі түскі тамаққа келгенде, жұмысымызды  тексереді. Атыздардың шөбі жұлынып,  картоп  жақсы суарылса, әкем  бізді мақтайды.

Үйде әрқайсысымыздың өз міндетіміз бар. Біреуіміз үй жинасақ, екіншіміз  аяқ-табақ, үшіншіміз кір жуамыз. Мен 6-сыныптан сиыр саудым. Үйден әкемнің жұмысына келген қонақтар үзілмейді. Мамам оларды   күтуге еш қабақ шытпайды. Өз басым шешемнің әкеме «анау жетпейді, мынау жетпейді» деп айтқанын естімедім. Жетпей жатқанды өзі-ақ үнсіз жетістіреді. Киім қат. Анам кейде  іс тігетін машинкасымен түні бойы  4 қызына көйлек тігеді.

Жертөледегі  үлкен ағаш бөшкені көктемде балалар сыртқа шығарып,  жуып- тазалап, кептіреміз. Мамам қара күзге дейін осы бөшкеге шарбақта өскен  қырыққабат, қияр тұздайды.  Шешем сауда саласында 30 жыл қызмет етіп, 1976 жылы Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды.

Анам соғыстан  ұзақ жылдар бойы  Украинадағы майдандас құрбыларымен, экипаж командирі Борис Полищукпен хат жазысып, өзара  сәлемдемелер жіберіп тұрды. Монина, Севастополь қалаларында  өткен  728-ші әуе полкі майдангерлерімен кездесуге барып келді.

Әке-шешем әдемі жұп еді, 51 жыл отасып, Әлия, Мәрия, Арыстан, Наташа, одан кейін мен — Сария, Асқар, Алтай есімді 7 бала тәрбиелеп-өсіріп, бәріне жоғары білім берді. Балаларын Мәскеуде,  Оралда,  Алматыда оқытты.

Папам Тассайда кіші інім Асқардың қолында тұрып, 1998 жылы 78 жасында қайтыс болды. Мамам  81 жасында қайтыс болды. Соғыс майдангері ретінде пәтер кезегі әкем қайтыс болған соң ғана келді. Анам онда бір жыл тұрып, келесі жылы қайтыс болды.  Олар өте қарапайым адамдар еді, ешкімнен ештеңе сұрауға жоқ. Интеллектуал адамдар болғанымен, ауылдағы ауыр тұрмыс, жеті баланың қамы бойларындағы қабілеттерін жарқыратып көрсетуге мүмкіндік бермеді.

                                                        Баян СӘРСЕМБИНА,

                                                          Тассай ауылы,

                                                          Хромтау ауданы.

 

  

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button