Жеңіс

Екі майданның ері еді

1934 жылы Құмсай ауылында ауылшаруашылық артелі құрылып, оған азды-көпті мал жиналып, сол малды бағатын, жауапкершілікті жете түсінетін адамға беру мәселесі қаралды. Жұрттың бірауыздан қолдауының арқасында бұл жауапкершілік сол кездегі өрімдей жас жігіт Қуаныштың еншісіне тиді. Ол уақытта халықтың жағдайы онша жақсара қоймаған кезең еді.

Одан кейін араға біраз жыл салып, тұтқиылдан соғыс басталып, Қуаныш Ержанов ағамыз қолына қару алып, малды да, елді де, жерді де тастап ел қорғауға майданға аттанды. Сұрапыл соғыс елдің экономикасын әлсіретті, халықтың жағдайын нашарлатты. Бас көтерген елдегі азаматтар майданға аттанып, елде әйелдер мен балалар қалды. Соғыс зардабы күйсіз елдің жағдайын одан әрі әлсіретті. Дегенмен халық шыдап бақты. Осылайша 1945 жылдың мамыр айында Герман басқыншылары әбден жеңіліп, тізе бүкті. Алайда көп боздақтар елге оралмай, қыршын кетті. Ал Қуаныш ағамыз майданнан «Қызыл жұлдыз» ордені мен «Варшаваны азат еткені үшін» медалімен туған жерге оралды. Бұрыннан да елдің жайы жақсы емес екенін білетін ол соғыстан келген бойда еңбек майданына кірісіп кетті. Қолына қайта таяғын ұстап, атакәсібіне кірісті.

1953 жылы шопандар бригадасын құрып, оны басқарды. Озық әдістер енгізіп, ынта-жігерімен еңбекті ұйымдастырып, жастарды қой шаруашылығына бағыттады. Қой шаруашылығы жөнінде мектеп ашты, онда жыл сайын Ойыл ауданы бойынша 20-30 жас оқып білім алып отырды. Қой шаруашылығын кеңінен дамыта түсті, мемлекетке ет, жүн, қаракөл елтірісін өткізіп, ең жоғарғы нәтижеге жетті. Сол еңбек нәтижесінің негізінде КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1958 жылғы 29 наурыздағы қаулысы бойынша Қуаныш Ержанов үкіметтің ең жоғарғы наградасы — Социалистік Еңбек Ері атағымен, сондай-ақ Ленин орденімен марапатталды. Бұл марапат елдің де еңсесін бір көтеріп тастады.

Қуаныш Ержанов мұнан кейін де төлді көп алып,  қаракөл елтірісін жоғары сапада өткізіп, колхозға айтарлықтай табыс әкелді. Өзіне бекітілген 559 саулықтан 720 қозы алып, екінші рет Ленин орденімен наградталды.

Мен Қуаныш ағамен бір ауылда, бір құдықтың суын ішіп, бір ауамен дем алып, бірге жүрдім. Жүзі жылы, ақ көңіл, қолы ашық, күле сөйлейтін кісі еді. Шаруасы жай, көңілі көтеріңкі болып отырғанда: «Көп қиындық бастан өтті ғой, соның ішінде екі бірдей майданда болдыңыз, соғыс майданы, қала берді еңбек майданын бастан өткіздіңіз. Ел сізге өте риза. Сізге бүкіл ауыл арқа сүйейді, бұл, әрине, үлкен бақыт қой», — дегенімде, ол кісі: «Иә, елім бақытты болса, мен де бақыттымын», — деп, ауыр күрсініп, үнсіз ұзақ отырып қалды. Бір ауыр жүк арқалап отырғандай, ауыр күрсініп алды да, сөзін жалғастырды: «Адам жұмыс жасап, еңбек еткенге еш уақытта шаршап, шалдықпайды ғой, елді шаршатқан кешегі соғыс. Бір ауылдан бірнеше боздақ майданға аттандық, солардан елге тек санаулы ғана адам оралдық. Денемізге тән жарасы, жанымызға жан жарасы түсті. Тән жарасы жазылады екен. Осы жүргенде денеде автомат пен зеңбіректің оғы тесіп өткен, жанамалап жырып өткен, әуеден түскен бомбаның жарқыншағынан тіліп өткен тыртықтары бар ғой, бірақ орны болмаса, бәрі де жазылып кетті. Алайда менің кеудемдегі жан жарасы әлі жазылар емес, елге оралғанда менде қуаныштан гөрі үрей басым болды. Өйткені майданға кеткен боздақтардың көбі елге оралмады, көз алдымда оққа ұшып, опат болды, көзім көрді. Елге барғанда солардың жұбайлары, ата-аналары, бала-шағалары «менің әкем, менің балам қайда?» дегенде, не деп айтамын деген ой мені жегідей жеді. Не деймін, не айтамын, қалай өтірік айтамын, көңілдерін қалай жұбатамын деген ой жанымды қатты қинады. Әлі есіме түссе, басым айналып қоя береді. Кейбіреуіне келеді десем, кейбіреуіне көрмедім деймін, тіпті кейбіреуіне өзім қосыла жылаған кездерім болды. Дүниедегі ең ауыр жүк, маған осы болды», — деді майдангер.

Саналы ғұмырында Қуаныш ағамыз қой шаруашылығын дамытумен қатар ауданда қоғамдық жұмыстарға да белсене атсалысты.

Совхоз партия комитетінің мүшесі, Ойыл аудандық комитетінің мүшесі, Ақтөбе облыстық кеңесінің депутаты, облыс коммунистері Қуаныш Ержановты коммунистік партиясы орталық комитетінің ІХ, Х және ХІІ съезіне делегат етіп сайлады. 1966 жылы ХІІ съезде шопан Қазақстан коммунистік партиясының Орталық комитетінің мүшелігіне кандидат болды. Сондай-ақ майдангер КПСС ХХІІІ съезінің делегаты атанды.

Қуаныш ағаның елге еткен тағы бір үлкен еңбегі бар. Ол — Ақтөбе мен Ойылды байланыстырып тұрған үлкен көпірдің салынуы. Көктемде Ойыл өзені арнасынан тасығанда ешқандай техника әлгі көпірден өте алмай жататын. Осы мәселені шешу жолында майдангер Алматыға арнайы барып, сол кездегі Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Бірінші хатшысы Дінмұхаммед Қонаевқа халықтың көпірден көріп отырған бейнетін айтып, тікелей көмек сұраған еді. Елдің өтініші орындалып, сол көпір бүгінге дейін халық игілігіне қызмет етіп отыр.

Сондай-ақ Қуаныш Ержанов Ш.Берсиев атындағы селолық округтің орталығы Қаратал ауылында орта мектептің салынуына да ықпал етті. Бүгінде екі майданның ері, өз өмірін еліне қызмет етуге арнаған Қуаныш Ержанов атында аудан орталығында да, Қаратал ауылында да көше бар. Даңқты майдангердің есімі біздің мәңгілік жадымызда!

Жауғашты ЖОНЫСОВ,

еңбек ардагері.

Қаратал ауылы,

Ойыл ауданы.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button