Жеңіс

Он сегізінде от кешкен

 

Жыл сайын Жеңіс күні жақындағаннан әкемнің майдан жолдары ойыма оралып, ел қорғауға қатысқанын бір жағынан мақтан тұтсам, екіншіден сондай сұрапыл соғыстан аман-есен оралғанына тәубе етумен боламын.

Әкем Әбу Шүйіншалыұлы  әулеттің ең үлкені болатын. Ол он  сегіз жасында майданға аттанды.

Астауши елді мекенінде 1923 жылы дүниеге келген ол Шахты поселкесіндегі сегіз жылдық мектепті бітірген. 1941 жылы желтоқсан айында әскер қатарына алынып, 1942 жылдан бастап ұрыс майданына кірген. Содан елге 1947 жылы оралды.

Әкем: «Ұлы Отан соғысын өткеріп, одан кейін жапон милитаристермен шайқасқа қатыстым. «Қырық жыл қырғында да ажалды өледі» дегендей, сондай оқ пен оттың ортасынан аман-сау келдім. Мен әлі тоқсан жас жасаймын», — деп айтып отырушы еді. 88 жасында дүниеден озды.

Әкемнің жазып кеткен естеліктерін негізге ала отырып, оның майдан жолдарынан аз-кем дерек бергім келеді.

Ол 1942 жылы 7 қарашадан Оңтүстік Батыс майданында соғысқан. Ал 1943 жылдың 1 қазанынан Беларус майданында артеллерист болған. 1944 жылы 3 ақпаннан І Украина, 1945 жылы 5 мамырдан ІІ Украина майданына жауынгерлік сапта қолына қару ұстаған.

1945 жылы 9 тамызда Забайкалье майданында Жапониямен соғысқа қатысып, майданда төрт рет жараланады.

Отты жылдардағы жанқиярлық ерлігі үшін І және ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, Германияны, Жапонияны, Белоруссияны азат еткені үшін және «Ерлігі үшін» медальдарымен марапатталған.

Соғыс аяқталып, елге аман-есен оралған соң анам Тәрбиямен бас қосып, шаңырақ көтереді. Соңынан ерген бауырларын қанаттандырып, оларға қамқоршы бола білген. Мен бұл туралы ауылдың үлкендерінен, ағаларымның аузынан көп естідім.

Әкем 1947 жылы Орал қаласындағы ауылшаруашылық мамандарын даярлайтын зоотехникалық-малдәрігерлік техникумында оқып, Жаңақоныс селолық округі аумағындағы ұжымшарда басқарма, ферма меңгерушісі, партком хатшысы, зоотехник болып, беріректе ауылшаруашылық өнімдерін дайындау және өткізу жұмыстарына жетекшілік жасап, 1986 жылы құрметті демалысқа шықты.

Баланың ата-анаға деген сағынышы қанша жасқа келсе де басылмайды екен, ұрпақтары бас қосқанда асқар таудай әкемді, мөлдір бұлақтай анамды іздеп, еске алып отырамыз. Қай отбасында да әкенің өзіне жақын ұстайтын бір баласы болады ғой. Менің әкем қыз болсам да мені өте жақын тартып, үлкен сеніммен шаруасын тапсырып, сырын айтып отыратын. Әкемді әрдайым мақтанышпен айта аламын. Өйткені артында өшпестей ізгі істері, ұрпағына үлгі болатындай ерліктері мен естеліктері қалды.

Орынгүл ӘБУҚЫЗЫ,

Шалқар қаласы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button