Басты бет » Жеңіс » Партизандық қозғалыстың ұйымдастырушысы

Партизандық қозғалыстың ұйымдастырушысы

Біздер әке тәлімімен өстік. Ол тәрбиенің ерекшелігі көбінесе, қас-қабақпен, іс-қимылмен берілетін. Өзі майдангер болғандықтан ба, көп нәрсеге өзіндік көзқарасын ұстанатын.

Әкеміз Төлтай Шанов 1942 жылдың қаңтар айында армия қатарына шақырылып, Сталинград майданында қолына қару ұстайды. Дон өзені бойындағы жан алысып-жан беріскен соғыста ауыр жарақат алып, көптеген жауынгерлермен бірге тұтқынға түседі. Лагерьде астыртын жұмыстар жүргізіп, неміс бұғауын бұзып өтіп, Италияның «Фри-Юли» партизан қауымына қосылады. Сол партизан құрамасында насихатшылыққа тағайындалып, тұтқын лагеріндегілерге арнап әр ұлт тілінде үндеулер жазып, жасырын жұмыстар ұйымдастырады. Тұтқын лагерінен жауаптар келе бастайды.

Соғыс аяқталғанға дейін 25 ұлт өкілінен құралған партизандар саны 250 адамға жетеді. Немістер осындай жұмыстарды жүргізуші Төлтай Шановтың басын 30 000 неміс маркісіне бағалайды.

Жиырма жасында Адриатка теңізінің жағасындағы Альпі тауының жоталарында, Югославия жерінде алғаш ұйымдастырылған партизан тобын басқарған ол қатардағы жауынгерден батальон комиссарлығына дейінгі дәрежеге өседі. Өз арасында оны Анатолий Исмагулович деп атайды.

Югославия Халық азаттық армиясы жоғары бас командашысы, маршал Иосиф Броз Титоның 1945 жылғы 19 қаңтардағы өкімі бойынша қайсарлықпен соғысқандығы және әскерді жігерлі басқарғаны үшін Төлтай әкеміз «Қаһармандығы үшін» орденімен, «Ерлігі үшін» медалімен марапатталады.

Әкем құрамында болған батальон соғыстың соңғы айларында Германияға қарай шегінген неміс фашистерінің жолын бөгеп, олардың қайта күш жинауына мүмкіндік бермеу әрекеттерін жасайды.

Әрине, әкемнің майдан жолдары туралы бір демде айтып шығу мүмкін емес. 1995 жылы оның «Өмірімнің өткелдері» атты естеліктер кітабы басылып шықты. 2005 жылы баспадан «Төлтай Шанов» атты кітап жарық көрді. Майдангер-ұстаз естеліктері тәлімдік-тағылымдық тұрғыдан жоғары бағаланып, мектептер мен кітапханаларға тегін таратылып берілді.

Әкемнің майдандағы ерліктері туралы Мәскеуден, Алматыдан жарық көрген әскери жинақтарда талай рет айтылды.

Ол кісінің бейбіт күндерде тынымсыз еңбек етіп, алдынан талай шәкірттерді тәрбиелеп шығарғаны да бір ерлік деп есептеймін. Олардың арасында елге танымал ғалымдар, шаруашылық, өндіріс басшылары, кәсіпкерлер, қаламгерлер көптеп саналады.

Аттанған Отан үшін біз солдатың,

Жеткізгей жеңістерге ата даңқың! — деп жыр жолдарымен майдандастарын жігерлендіріп отырған әкеміздің асқақ есімі ұмытылмайды.

Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1996 жылғы 1 қарашадағы қаулысымен өзі ұзақ жыл жемісті қызмет атқарған Дамбар орта мектебіне Төлтай Шанов есімі берілді.

Майра ТӨЛТАЙҚЫЗЫ.