Басты жаңалықтар

Автокөлік жолдарының сапасына жауапты шенеуніктер жұмыстан босатылды

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Аязбай Османғалиев қызметінен босатылды. Бұдан басқа, облыс әкімінің құрылыс саласына жетекшілік ететін орынбасары Серік Төленбергенов пен қала әкімінің орынбасары Ыбрайым Көзбаев та жұмыс орындарын босатады. Бұл туралы облыс әкімі Оңдасын Оразалин кеше мемлекеттік органдардың атқарушылық тәртіпке қатысты мәселелер бойынша өткен жиынында жеткізді.

Жұмыстан босату жолды жөндеу, пайдалану жұмыстарын тиімсіз жүргізіп, жөндеу, абаттандыру жұмыстарының сапалы орындалуына тиісті бақылау жасалмауымен байланысты.

Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов Ыбрайым Көзбаевқа ағымдағы жобаларды тапсыруға екі апта берілгендігін атап өтті.

Сондай-ақ, облыс басшысының тапсырмасымен облыс әкімінің әлеуметтік салаға жетекшілік ететін орынбасары Марат Тоқжановқа, Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испановқа, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының башысы Қайрат Отаровқа құжаттарды қабылдау, өңдеу және көпбалалы отбасыларға атаулы әлеуметтік жәрдемақыны тағайындау жұмыстарын тиісті дәрежеде ұйымдастырмағаны үшін ескерту түріндегі тәртіптік жаза қолданылды.

Айта кетейік, мемлекеттік органдар басшыларының жұмыстан босатылуы мен жазаға тартылуына қоғамдық пікірдің де әсері тимей қойған жоқ, азаматтар Facebook пен  Instagram-да өңірдегі жол жағдайы мен Ақтөбе қаласындағы жұмыспен қамту орталығындағы ұзын-сонар кезек пен себепсіз сергелдеңге қатысты көп жазған.

Бұдан өзге, облыс әкімі спорт, мәдениет, мемлекеттік сатып алу, денсаулық сақтау және білім басқармаларының жұмыстарына көңілі толмайтынын айтты. Сондай-ақ, облыс басшысы Мәртөк ауданының әкімі Жандос Байырхановтың басқа жұмысқа ауысуына байланысты өз еркімен жұмыстан кеткенін жеткізді.

«Облыс әкімдігіндегі  жұмысыма үш ай болды. Осы уақытқа дейін тәртіптік жаза шараларын қолданғым келмеді. Ауызша ғана ескертіп келдім. Бірақ, өкінішке қарай, мемлекеттік органдардың кейбір басшылары ескертуге атүсті қарап, кемшілікті болдырмауға тырыспады. Халық үшін жұмыс істемегендер, мемлекеттік органдарға жүктелген міндеттерді дұрыс атқармағандар жазаланатын болады, тіпті жұмыстан босатылады да», — деді Оңдасын Оразалин.

Жиын барысында облыс әкімі студенттер жатақханасын салу үшін инвесторларды белсенді түрде іздеу, абаттандыру жұмыстарын күшейту, көшелерді жарықтандыру, Ақтөбе қаласының көшелері мен аулаларын санитарлық тазалау бойынша бірқатар тапсырмалар берді.

«Барлық мемлекеттік органдардың басшыларына ескертерім: егер кімде-кім менің атымнан белгіленген заң мен ережелерге қайшы келетін қызметтерді көрсетуге келетін болса, ең алдымен бұл туралы маған хабарлаңыз. Менің атымнан келгендер кім болса да өзіме хабарлаңыз. Осындай өтінішті орындағандар сол үшін жауап беретін болады», —  деді ол.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button