Жаңалықтар

Қоғамдық штаб құрылды

Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың облыстық қоғамдық штабы құрылды. Бұл туралы Nur Otan партиясының облыстық филиалында ұйымдастырылған брифинг барысында белгілі болды.

Облыстық қоғамдық штабтың отырысына республикалық штабтың мүшесі, қоғам қайраткері Елеусін Сағындықов қатысты. Өңірдегі штабтың төрағасы болып  облыстық мәслихаттың хатшысы Сәния Қалдығұлова тағайындалды.

— Өздеріңізге мәлім, биыл 9 маусымда Қазақстан халқы жаңа Президентін сайлайтын болады. Бұл — өте маңызды науқан. Nur Otan партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат ретінде Қасым-Жомарт Тоқаевты ұсынғанынан хабардарсыздар. Осыған орай, үміткерімізге қолдау көрсету мақсатында республикалық қоғамдық штаб құрылды. Облыстық штаб құрамына өңірімізге танымал белгілі азаматтар, беделді тұлғалар кірді. Осы жолы сайлау науқанына, әсіресе жастарды кеңінен тарту мақсатында алғаш рет штаб жанынан жастар қанатын аштық. Сондай-ақ тұрғындардың ұсыныстары мен сауалдарын қабылдайтын арнайы қоғамдық қабылдау жұмыс жасайтын болады.

Біз сайлау алдында өз кандидатымызға жан-жақты қолдау көрсетуіміз тиіс. Осы орайда бірқатар іс-шаралар мен кездесулер өткізуді жоспарлап отырмыз. Қазіргі таңда ең жедел және ауқымды салаға айналған әлеуметтік желілер мен интернет мүмкіндігін барынша тиімді пайдаланатын боламыз. Біз алдағы науқанда өзіміздің алдымызға қойған мақсатымызды толық орындап шығатынымызға сенім білдіремін, — деді жиында сөз сөйлеген Сәния Қалдығұлова.

Қазіргі таңда Ақтөбе қаласы мен облыс аудандарында да жергілікті штабтар құрылды. Бұл штабтар өз жұмысын сайлау заңына сәйкес ресми түрде 11 мамырдан бастайды.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button