Жаңалықтар

Зауыт жұмысшыларының жай-күйімен танысты  

Кеше ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары «Ақтөбе хром қосындылары зауыты» АҚ жұмысшыларымен кездесті.

Мұндағы мақсат — еңбек адамдарының мұң-мұқтажын біліп, олардың сұрақтарына жауап беру. Астанадан келген депутаттар, Nur Otan партиясының мүшелері — Бейбіт Мамраев, Қанат Мусин, Асылбек Смағұлов пен Снежанна Имашевалар 30 сәуірден бері өңірімізде іссапармен жүр.

— Біз әріптестерімізбен Ырғыз, Әйтеке би, Байғанин, Мәртөк аудандарын аралап, сондағы жұртшылықпен кездестік. Ондағы ойымыз — жергілікті тұрғындардың өзекті мәселелеріне қанық болып, тиісті органдарға соны жеткізу. Бұл — әр тоқсан сайын он күнге созылатын дәстүрлі іссапар. 

Бүгінгі таңда әлеуметтік мәселелер аз емес. Оның ішінде көпбалалы аналардың қиындықтары, жастардың баспанамен қамтылуы, жұмыссыздық деген сияқты түйткілдер бойынша жолығатындар көп. Ал ауылдарда негізінен малды есепке алу, арнаулы әлеуметтік көмек, спорт кешендерінің жоқтығы және жол мәселелері айтылды. Енді, міне, хром қосындыларын шығаратын зауытқа келіп отырмыз. Мұнда біз тек өндіріске ғана емес, әлеуметтік жағдайға қатысты сұрақтарды естиміз деп ойлаймын, — деді Мәжіліс депутаты Бейбіт Мамраев.

2356 адам жұмыс істейтін кәсіпорын ғимаратында өткен жиында депутаттарға әрқилы сауалдар қойылды. Мәселен, қызметкерлер өндіріс орнында еңбек етудің денсаулыққа келтірер залалы көп екендігін, бірақ оған қосымша ақы берілмейтінін, сондай-ақ өзге зауыттардағыдай жұмысшылардың жылына бір рет демалыс орталықтарына жіберілмейтінін айтты. Ауыр жұмысты атқаратындар зейнетке шығу мерзімінде де белгілі бір жеңілдіктер болса деген тілегін білдірді. Одан бөлек, қалада ағаш кесілмесе, керісінше жасыл желектер көптеп егілсе деп ұсынысын ортаға салғандар да кездесті.

Өз кезегінде депутаттар барша арыз-шағымды қаперге алғанын, мүмкіндігінше қолдау танытуға тырысатынын жеткізді. Артынша екінші деңгейлі банктер арқылы рәсімдеуге болатын несиелер туралы ой бөлісті.

Шара барысында Парламент Мәжілісінің депутаттары зауыттың жаңа цехын аралап көрді.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button