Жаңалықтар

Ақтөбеде қайырымдылық марафоны өтеді

8 маусымда Ақтөбе қаласында жыл сайын ұйымдастырылатын «CNPC– AMG Aqtobe HalFMarathon» қайырымдылық марафоны өтеді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Ақтөбе қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Евгений Гончаров хабарлады.

Оның айтуынша, биыл бесінші рет өткізілетін марафон «Жақсылық үшін жүгір!» ұранымен өткізіледі. Облыс орталығындағы «Қазақ халқына мың алғыс» стелласы алаңынан басталатын бұл жарысқа жасы 15-тен жоғары қала тұрғындары қатыса алады. Марафонға қатысу үшін өтініш 26 мамырға дейін қабылданады. Қатысушылардың жалпы саны — 3000.

  • Марафон 8 маусым күні таңғы сағат 7.00-де басталады. Жарыс бағдарламасы бойынша қатысушылар 21,10 және 5 шақырым қашықтыққа жүгіреді. Марафонға қатысушыларға арналған төлемге келсек, жартылай марафон, яғни 21 шақырым қашықтыққа жүгіретіндер 3 мың, ал 10 және 5 шақырымға жүгіретіндер 2 мың теңге төлейді. Биылғы жарыстың ең басты ерекшелігі — марафоннан түскен қаржы облыстағы аутизмге шалдыққан балаларға беріледі, — деді Е.Гончаров.

Баспасөз мәслихатында «Растемка» Ақтөбе облысы бойынша аутизмге шалдыққан балалардың ата-аналарының ассоциациясы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Салтанат Кенжебекова марафоннан түскен қаржы науқас балалардың дамуына, оларға қамқорлық көрсетуге жұмсалатынын жеткізді.

Оның айтуынша, бүгінгі күні бірлестік құрамында 217 бала бар. Алайда облыста қоғамдық бірлестік құрамына кірмеген және мемлекеттен жәрдемақы алмайтын аутизмге шалдыққан балалардың саны әлдеқайда көп.

Бұл топтағы балаларға 15 жастан асқан соң мемлекет тарапынан ешқандай жәрдемақы берілмейді. Олардың дені үйде отырып, ата-анасының қамқорлығында болады. Сондықтан осындай қайырымдылық шараларын ұйымдастыру арқылы біз оларға моральды-материалды түрде қолдау көрсетеміз, — деді С.Кенжебекова.

Айта кету керек, марафонның бас демеушісі — «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ. Жалпы сыйлық қоры — 2 млн теңге.

Жарысқа қатысушы 15-18 жастағылар үшін жеке куәлігінің көшірмесі, жарысқа қатысуға рұқсат берілгені туралы ата-аналарының қолхаты, сондай-ақ ата-аналарының жеке куәліктерінің көшірмесі қажет. Ал жасы 18-ден жоғары қатысушылардан жеке куәлігінің көшірмесі мен денсаулығы туралы қолхат сұралады. Старттық нөмірлер қатысушыларға тек 7 маусым күні таңертеңгі сағат 9.00-ден кешкі сағат 18.00-дейін беріледі.

Денсаулық туралы қолхатты тұрғындар agtobemarathon.kz сайтынан жүктеп, көшіре алады.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button