Жаңалықтар

Бүгінгі оқушы, ертеңгі тілші

«Ақтөбе» телеарнасының жанындағы «FabricA» телеакадемиясының алғашқы түлектері сертификат алды. Ашылғанына алты ай болған академияда оқушыларға тележурналистиканың қыр-сыры үйретіледі. Телеарна басшысы Ернұр Бураханның айтуынша, мақсат — журналистикаға икемі бар балаларға бағыт-бағдар беру, телеарнаға кадр даярлау. Бұл жерде оқу әдісінің сексен пайызы тәжірибе жүзінде өтеді. Балалар сюжет дайындап, сұхбат алады.

Алдағы уақытта жасөспірімдерге арналған бағдарлама ашылады. Ол үшін жүргізушіні сырттан іздемейміз, академия түлектерінің ішінен таңдап аламыз. Қазірдің өзінде бірнеше оқушы «Бақытты бала» бағдарламасына жүргізуші болып жүр. Кішкентайынан телеарнаның жұмысын көрген баладан болашақта кәсіби маман шығары анық, — деді Ернұр Бурахан.

Салтанатты шарада балалар өздері жасаған сюжеттерді көрсетті. Телеарна басшысы сертификат табыстап, болашақта жақсы маман болуларына тілектестігін білдірді. Академияны аяқтаған Аяулым Құдайберген бұл жерде мамандардан көп нәрсені үйренгенін айтты.

Академияға келген кезде мен ойымды ашық жеткізе алмайтын едім. Ал бұл жердегі мамандар мені дұрыс сөйлеуге үйретті. Сұрақты қалай қою керек, бір сөзді қайталамау үшін не істеу керек, барлығын түсіндірді. Бізге сабақ берген мамандарға алғысым шексіз, — деді.

Оқушыларға телеарнаның кәсіби тележургізушілері мен журналистері Венера Серғазина, Гүлдана Абайқызы, Гүлбағда Көбеева, Әлия Оразай сабақ береді. Бір айта кетерлігі, курс ақысы тиімді. Әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасы балаларына жеңілдік қарастырылған. Академия жазғы каникул кезінде де жұмыс жасайды.

Кәмшат СЕКСЕНБАЙҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button