Басты жаңалықтар

Қызметтен де, құрметтен де бас тартты

Ақтөбе қаласында екінші көше – Елек көшесі 1880 жылы пайда болды.

Бастапқы көше – Старожительскаяға көлденең жатқан екінші көшенің аты Елек өзенімен байланыстырылды. Бұл көшеде кезінде 4 сыныптық орыс-қазақ училищесі орналасқан. Сондай-ақ, газетіміздің өткен санында жазғанымыздай, осы көшенің Герцен көшесімен қиылысында қазақтан шыққан алғашқы теміржол инженерлерінің бірі Төлепберген Серғалиұлының жеке жоспары бойынша салынған су сығу мұнарасы тұр.

130 жылға жуық уақыттың ішінде көше аты екі рет өзгертілді.

Бірінші рет: 1925 жылы Елек атауы кеңестік мемлекет қайраткері, соғыс теоретигі Михаил Фрунзе атымен алмастырылды. 1885 жылы Пішпекте туған, кейін ондаған жыл сол қаланың атын иемденген Фрунзе студент шағынан большевиктер партиясы қатарына өтіп, астыртын түрде революциялық үгіт жүргізген. Бірнеше рет тұтқынға алынған.

Азамат соғысы кезінде алдымен 4-армияның, кейіннен Түркістан майданының бас қолбасшысы болды. Колчакқа қарсы бірнеше шабуылдарды табысты басқарды, ақ гвардияшылардың Оңтүстік армиясын талқандады.

Фрунзе 1925 жылы қайтыс болды.

Екінші рет: 1995 жылғы 23 қараша күні Ақтөбе қалалық мәслихатының шешімімен Фрунзе көшесі Жанқожа батыр көшесі болып өзгертілді.

Жанқожа Нұрмұхамедұлының (1780 – 1860) бүкіл өмірі Ресей отаршыларына, Хиуа, Қоқан хандарына қарсы күреспен өтті.

1835 жылы ол қолына қару алып, соңына жұртын ертіп, Хиуа хандығына қарсы күреске шықты. Хиуаның бірнеше бекініс-қамалдарын тас-талқан етіп қиратты. 1851 жылы қазақтардың малын күшпен айдап кетуді әдетке айналдыра бастаған қоқандықтарға қарсы жорық ұйымдастырды. Олардың Қосқорған бекінісін басып алды. Жанқожа батыр Хиуа мен Қоқан хандықтарына сес көрсете жүріп, екінші жағынан, орыс отаршылдарына қарсы қалың қазақты көтерген Кенесары Қасымұлына көмек көрсетті. 1856 жылы Сыр бойы қазақтарының Ресейге қарсы қарулы көтерілісін басқарды. Бұған дейін оған орыстар Борсыққұм қазақтарының басқарушысы деген лауазымды қызмет, оған қоса жасауыл атағын, бағалы сыйлықтар ұсынып, өз жақтарына тартпақ болып талпыныс жасаған еді. Жанқожа батыр мұның бәрінен де бас тартқан.

Қазақтар тек ер жүрек батыр ғана емес, сонымен қатар қасиетті адам санаған Жанқожа батыр 1860 жылы Кузьмин отряды жазалаушыларының оғынан қаза тапты. Жазалаушы отряд Жанқожа ауылын қапылыста қоршаған. Батырдың өлімі туралы Л. Мейер былай деп жазыпты: «Қарт батыр оқ өтпейтін сауытын киіп, қару-жарағын асынып, үйінен шығып үлгерді. Бірақ аты жоқ екен. Ажалымның жеткен жері осы екен деп, ол бір төмпешіктің үстіне аспай-саспай шығып алды да, өз иманын өзі үйіріп, дұға оқи бастады… зулаған оқтар… көпке дейін оның сауытынан өтпей, тайқып ұшып, кері түсіп жатты. Ақырында, бір оқ оның мойнына дәл тиіп, қарт батырдың өмірін қиып кетті».

1918 жыл, 8 қаңтар…

Өткен ғасырдың 70-80-жылдарында Ақтөбе қаласының тарихы туралы баспасөз жарияланымдары кеңес өкіметін орнату үшін күрестен басталатын.

Кеңес өкіметін орнату жолындағы күрестің әр күні, әр қадамы бүге-шігесіне дейін зерттеліп, әр күрескер ұлттық батыр дәрежесінде ардақталды.

Одан беріде өмір өзгерді, уақыт көп нәрсені өз орнына қойды. Дегенмен кеңес өкіметі жолындағы күрес – біздің тарихымыздың бір бөлшегі. Ол еске алынуы тиіс. Бүгінгі әңгіме Ақтөбе қаласында алғаш Қызыл армия отрядының құрылуы туралы.

Ақтөбеде кеңес өкіметі орнаған күн – 1918 жылғы 8 қаңтар. Большевиктер Кеңесі атқару комитетінің жаңа құрылымын сайлап, В. Ф. Зинченконы басшы етіп тағайындады. Аз уақыттан кейін атқару комитетінің төралқасы сайланды да, оның төрағалығы А. Я. Скулькинге тиді.  Қалалық кеңес енді қалалық думаны таратып, өз арасынан еңбек, егіншілік, халық ағарту, қаржы және әскери комиссарларын тағайындады. Ақтөбеде «Жұмысшы, солдат, шаруа және мұсылмандар депутаттары Ақтөбе Кеңесінің Бюллетені» жарық көрді.

1918 жылдың ақпан айында патша армиясы таратылып, қалаға майданнан солдаттар келе бастады. Ақтөбе депутаттар кеңесінің тіркеу бөлімі бір ай бойы әскерден қайтқан солдаттарды қабылдап, әрі қарай тұрғылықты жерлеріне жөнелту жұмыстарымен шұғылданды.

Патша армиясы қатарындағы Ақтөбенің жергілікті командасы да таратылды. Оның құрамында 150 адам болған еді. Осы команда орнына Қызыл армия отряды құрылатын болды. Бірақ ол оңайға түскен жоқ. Бұл тұста Ақтөбе мен Орынбор арасындағы теміржол қатынасы уақытша үзілген еді. Соған байланысты қала басшыларына жоғары жақтан Қызыл армия отрядын қалай құру жөніндегі нұсқау түспеді. Қалайда сол нұсқауға қол жеткізу үшін Ақтөбе қаласының әскери комиссары Мостовой Қазан қаласына аттанды. Ол Қазанда он шақты күн болып, тек нұсқау-кеңес қана емес, сонымен қатар әскери киімдер, қару-жарақ та ала келіпті.

Мостовой Қазаннан оралысымен жер-жерлерге Қызыл армия қатарына еріктілер шақырған хабарландырулар ілінді.

Сөйтіп, наурыз айының соңында 149 адамнан тұратын Ақтөбе отряды  құрылып, іле ақ гвардияшыларға қарсы ұрыстарға кірісті.

Алғашқы айларда большевиктер тобына Қызыл армия отрядының мүшелері арасында үлкен үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге тура келді. Өйткені отряд мүшелері сенімсіз еді – дүние сан құбылып тұрған шақта адам көңілі де бір шешімге тұрақтай қоюы қиын…

1918 жылғы 29 мамырда Бүкілодақтық Орталық Атқару Комитеті ерікті армиядан жұмысшылар мен еңбекші-шаруаларды жалпыға бірдей міндетті әскери қызметке шақыру туралы қаулы қабылдады. Соған сәйкес 5 қыркүйекте Ақтөбе уезінде 1894-1898 жылдар аралығында туған азаматтар әскер қатарына шақырылды. Шақыру туралы пакеттерді тарату арнайы отрядтарға жүктелді. Ол отрядтардың мүшелері атпен қамтамасыз етілді.

1919 жылдың басында Ақтөбеде Қызыл армия отрядтарынан бірінші Түркістан революциялық полкі құрылды.

Ақтөбедегі алғашқы аурухана

Патша үкіметі қазақ жеріне салынған бекініс-қалаларда зайырлы сипаттағы мектептер ашуды XVІІІ ғасырдың соңынан бастаса, ал ауруханалар ашуға асыға қоймаған.

Мектептер империяның отаршыл аппараты үшін шенеуніктер, аудармашылар, мұғалімдер әзірлеу үшін өте қажет болды. Ал денсаулық мәселесіне келсек: ХVІІІ-ХІХ ғасырларда қазақтар арасында болған орыс, Еуропа зерттеушілерінің көпшілігі ата-бабаларымыздың денсаулығының мықтылығына қызыққан. «Неге бұлай?» дегенде, алдымен ауызға таза ауа мен қымыз алыныпты. Ол тұста орыс шенеуніктері қазақ даласында ауруханалар салу мәселесіне бас ауыртпаған, керісінше, кейбіреулері қымызбен емделу үшін жаз сайын жайлауға келуді әдетке айналдырған. Ал орыс дәрігерлері өздеріне қиынға түскен науқастарға қымыз ішуге кеңес берген.

Осындай жағдайда қазақ даласында денсаулық сақтау мекемелері тек ХІХ ғасырдың ортасына таман ғана пайда бола бастады. Онда да өте сирек…

Ақтөбе қаласында алғашқы аурухана 1896 жылы ашылыпты. «Тургайская газета» басылымының сол жылғы 14 қаңтарда шыққан 3-санында былай делініпті: «Ақтөбе қаласында аз кереуетпен аурухана ашу жөніндегі мәселе жақын күндері Ішкі істер, сонымен бірге Қаржы және мемлекеттік мүлік министрліктері тарапынан оң шешімін тапты. Аурухана үшін жергілікті қазына үйлерінің бірін, атап айтқанда, бұрынғы уезд дәрігерінің пәтерін лайықтап, оны жабдықтау және ұстап тұру шығыны жергілікті есептен қарастырылады.

Бұл ізгі және, әсіресе, Ақтөбе қаласы үшін өте қажет мекемеге қуанбасқа болмайды. Бұл қалада дәрігерлік істің дұрыс жолға қойылмауына жергілікті әкімшілік пен баспасөз көптен алаңдаушылық білдіріп жүрген еді. Баспасөз бетінде дәрігерлік көмектің уақытында берілмеуінен, эпидемияға қарсы күрестің сылбырлығынан болған қайғылы жайттар туралы көп жазылды. Фельдшерлер мекемесі мен қабылдау бөлімінің ашылуы түрлі ауруларға қарсы күресте үлкен жетістік болып табылады және бұл қадам болашақтағы қырғыз (қазақ) даласындағы жүйелі, ұйымдасқан дәрігерлік көмек ісінің басы болсын демекпіз».

Айта кетейік: Ақтөбеде ауруханаға ең алдымен қоныс аударушылар зәру болса керек. Бекіністегі әскери дәрігерлердің, ал кейіннен уездік дәрігерлердің қала тұрғындарына көрсеткен қызметі әдетте шешек дертіне қарсы егумен және жарақат алған жағдайдағы алғашқы көмекпен шектелген.

«Тургайская газетада» айтылғандай, бекіністе түрлі жұқпалы аурулар жиі бас көтерген. Мысалы, 1890 жылы мұнда мал арасындағы оба; 1891 жылы – қызамық; 1893-1894 жылдарда – күл; 1895 жылы тырысқақ эпидемиясы тіркелген. Әсіресе, 1895 жылғы тырысқақ эпидемиясы халыққа қиын тиді. Жүздеген адамдар көз жұмыпты. Науқастар үшін ешқандай көмек шаралары ұйымдастырылмаған, тіпті, бірде-бір қабылдау пункті болмады.

1885 жылы Ақтөбеде «халық санының көбеюіне байланысты» дәріхана ашуға рұқсат берілген. Дегенмен алғашқы дәріхана 1902 жылы ғана ашылды. Оның иесі – провизор Самуил Левщиц. Ал орны – Благовещенская көшесі (қазір – Махамбет Өтемісов атындағы көше).

1911 жылы Ақтөбеде қоныс аударушыларға арналған үш дәрігерлік пункт жұмыс істеді. Сондай-ақ, әскери, теміржол, басқа да салаларға қарасты медициналық мекемелер жұмыс істеп тұрды. Қала басшылығы да мал ауруларына қарсы егулер ұйымдастыру, тазалық шараларын насихаттау арқылы түрлі аурулардың алдын алуға күш салды. Мысалы, 1912 жылғы қаңтарда қаладағы су ағатын арықтарға қоқыс, күл төгуге тыйым салатын бұйрық беріліпті.

«Актюбинский вестник» басылымы арқылы бізге 1914 жылғы Ақтөбе қаласы дәрігерлерінің есімдері жетіп отыр. Аталған жылғы 6 мамырда Ақтөбеде туберкулезге қарсы күрес күні өтіпті. Оны ұйымдастырған – қалалық дәрігер В. П. Остащенко-Кудрявцев. Бұл күні тұрғындардан туберкулезге қарсы күрес Лигасы үшін 600 рубль қаржы жиналған.

Ал жазда Остащенко-Кудрявцев ғылыми жұмыспен айналысу мақсатында Петербургке аттанады да, оның орнына Соколова есімді әйел адам келген.

Қазақ даласында денсаулық сақтау ісі кеңес өкіметі әбден орныққаннан кейін ғана жолға қойылды. Ақтөбеде алғаш салынған денсаулық сақтау нысандарының бірі – Тахауи Ахтанов көшесіндегі қазіргі қалалық №2 кеңес беру-диагностикалық емханасының ғимараты. Ол 1937 жылы пайдалануға берілген. Соғыс жылдары мұнда жараланған майдангерлерге арналған госпиталь ашылды.

Суретте: 1. Ақтөбеде алғаш салынған денсаулық сақтау нысандарының бірі – Тахауи Ахтанов көшесіндегі қазіргі қалалық №2 кеңес беру-диагностикалық емханасының ғимараты.

2. Ғимараттың бүгінгі көрінісі.

Бетті әзірлеген: Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Бетті әзірлеуге облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлері Зада Мұқашева мен Рысты Досова ат салысты.

Материалдар облыстық тарихи-өлкетану музейі қорынан алынды.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button