Әлеумет

Есептеу қондырғысы болмаса төлем он еселене ме?

Редакциямызға «Трансэнерго» акционерлік қоғамы қызметін тұтынушы, Ақтөбе қаласы Маресьев көшесі, 82/3 мекенжайындағы 8-пәтер тұрғыны Үмбетжан Күзембаев келіп, жылу мекемесіне қатысты шағым айтты. Қарт абонентті мазалап жүрген жағдай мынау…

— Ақтөбе қаласындағы Маресьев көшесі, 82/3 мекенжайындағы 8-пәтерде жалғыз тұрамын. Пәтер өз атыма жазылған. Осыдан екі жыл бұрын, яғни 2017 жылдың қараша айына «Трансэнерго» мекемесінен келген түбіртекте тұтынған ыстық су үшін бір айға 6221 теңге 40 тиын есептеліпті. Ал жылуға 1454,21 теңге шыққан. Бұған дейін және одан кейінгі айларда ыстық су үшін мен 500-600 теңге көлемінде ғана төлемақы жасап жүрмін. Мен үшін қарашада ыстық суға не үшін 6000 теңгенің үстінде абоненттік төлемнің есептелгені түсініксіз. Кейін мән-жайды білмек болып «Трансэнерго» мекемесіне бардым. Ондағылар үйде ыстық суға жалпы есептеу қондырғысының орнатылмағанын түсіндірді.

Мен жылу мекемесінің қызметін пәленбай жылдан бері тұтынамын. Алайда ыстық суға бірінші рет осындай мөлшерде ақы төлеуге мәжбүрлеп отыр. Ал басқа уақытта тұтынған ыстық су үшін төлейтін сома өз нормасына сәйкес келеді.  «Трансэнерго» мекемесі түбіртегінде көрсетілгендей, есептеу аспабынсыз ыстық суды тұтынудың тәуліктік нормасы — 100 литр. Ыстық суға бекітілген арнайы тарифпен есептегенде мұндай көлемде төлемақы шықпайды. Бұл жерде мен судың тәуліктік мөлшері үшін дауласып отырған жоқпын. Себебі ол бағалау бойынша солай болуға тиіс. Ай сайын бір адам үшін тұтынған ыстық судың көлемін 200 литр десе де дауласпаймын. Ең бастысы — сол нормадан аспайтын көлемде төлем есептелуі қажет. Ал әлгі 6 мың теңгенің үстіндегі қарыз қайдан шықты? Менің есептеуім бойынша, сол айда маған 621 теңге көлемінде төлемақы келуге тиіс.

2017 жылдың қазан, болмаса желтоқсан, одан кейінгі айларда да ыстық суға норма бойынша есептеу жүргізіліп жатыр. Егер ыстық суға тарифті көтеріп, болмаса бір адамға төленетін нормаға өзгеріс енгізілген болса, әлгі соманы төлеген болар едім. Түбіртекте ондай ештеңе жазылмаған. Сонда мен «аспаннан түскен» алты мың теңгені не үшін төлеуім керек? Міне, содан бері осы қарыз мойнымда тұр. Қарыз көлеміндей мөлшерде «Трансэнерго» қызметін тұтынбағасын, ол бережақты төлеуге міндетті емеспін.

Екінші мәселе — қазір сол бережақ екі есе өсімпұлмен келіп тұр. Нақақтан-нақақ мойынға ілінген осындай бережақты қанша адам төледі? Оның есебін білмейміз…

Нақты залалды өтеуге міндетті…

Зейнеткердің жанайқайынан кейін осы жайды айтып, «Трансэнерго» мекемесінің басшысы Аманбай Сакиевтің атына хат жолдағанбыз. Хатқа қосымша Үмбетжан Күзембаевтың осы мәселеге қатысты жазған арыз-шағымын, сол кездегі түбіртек көшірмесі қоса жіберілді.  Жауап төмендегідей:

«Трансэнерго» акционерлік қоғамы Ақтөбе қаласы Маресьев көшесі 82/3-8 мекенжайындағы абонентке нақты тұтынылған жылу энергиясы үшін, жылу мен жабдықтау қызметтері үшін есептеулер бекітілген тарифі бойынша жүргізілгенін түсіндіреді. Жоғарыда көрсетілген мекенжай бойынша олар алған жылу және ыстық су үшін тұтынушылармен есеп айырысулар жалпыүйлік есептеу аспабының көрсеткіштері негізінде жүзеге асырылады. Осы үйге жалпыүйлік есептеу аспабы бойынша қызмет көрсететін компания — «Технолинк» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Ай сайын нақты тұтынылған жылу энергиясы туралы анықтама беріледі. №8 пәтерде ыстық суға жеке есепке алу аспабы жоқ, осыған байланысты есептеу табиғи монополия субъектілерінің реттелетін қызметтеріне олардың шекті деңгейлері немесе тарифтерді есептеу әдістемесі негізінде жүргізіледі.

Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 484-бабының 3-тармақшасына сәйкес, энергиямен жабдықтаушы ұйым берген және абонент алған энергия мөлшері есептеу аспаптарының көрсеткіштерімен анықталады. Аталған заңның 488-бабының 1-тармақшасына сәйкес, абонент іс жүзінде алған энергия мөлшері үшін, ал олар болмаған немесе уақытша бұзылған кезде есептеу арқылы жүргізіледі. Абонент міндеттемелерді энергиямен жабдықтау шарты бойынша орындамаған немесе тиісінше орындамаған жағдайларда келтірілген нақты залалды өтеуге міндетті.

Осы мәселені түсіндіру үшін алдын ала тараптармен келісілген уақытта басқарма төрағасы Ү.Күзембаевты жеке қабылдауға дайын.

P.S. «Трансэнерго» мекемесінен келген хатта жоғарыда көрсетілген мекенжайда Үмбетжан Күзембаев есімді абоненттің жоқ екені, алайда сол пәтерде бір адамның тіркелгені туралы жазылған. Жылу мекемесіндегілер осы адреске бақылаушы барса, абонент бірнеше рет оның келгенін елемейтін көрінеді, қайта рәсімдеу үшін құжаттарды ұсынбайтынын айтып отыр.  

 Арайлым НҰРБАЕВА.   

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button