Экономика

«Қарапайым заттар экономикасының» 37 жобасы қарастырылуда

Облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен өткен кеңесте қарапайым заттар экономикасын дамыту мәселелері қаралды. Бұл жиынға даму институттарының, екінші деңгейдегі банктердің, бағдарламалардың әлеуетті қатысушы-кәсіпорындарының басшылары, жергілікті атқарушы органдар өкілдері және селекторлық режимде аудандардың әкімдері қатысты.

«Тұңғыш Президенттің «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында кәсіпорындарға халық тұтыну тауарлары ауқымды номенклатурасын игеруге, «қарапайым заттар экономикасын» дамытуға қолдау көрсету туралы тапсырма берілді. Соның нәтижесінде өңдеуші өнеркәсіп пен агроөнеркәсіп кешенін дамыту үшін мемлекет тарапынан 600 миллиард теңге бөлінді. Бұл экспорттық әлеуетті жүзеге асыру үшін ғана емес, сондай-ақ, ішкі нарықты отандық тауарлармен толықтыру үшін де маңызды»,- деп атап көрсетті облыс басшысы.

Облыста «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасын жүзеге асыру басталғаннан бері арнайы құрылған жобалық офис жалпы құны 25,2 миллиард теңге болатын 37 жобаны анықтап, қазіргі уақытта зерттеу үстінде, олардың алтауы екінші деңгейдегі банктерде қаралуда.

«Аталған жобаларды қаржыландыру нәтижесінде құрама жем шығару, арнаулы киімдер, макарон, колбаса және ұн өнімдері, мұздатылған жартылай фабрикаттар, күнбағыс майы, пластика өнімдері, сондай-ақ, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу жолға қойылып және жұмыс істеп тұрған өндірістік қуаттар ұлғаятын болады», — деп хабарлады облыстағы халық тұтыну тауарлары өндірісін дамыту перспективалары туралы нақты баяндама жасаған облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов.

Оның айтуынша, облыс аудандары бойынша қарастырғанда, Ақтөбе қаласы мен Алға ауданының кәсіпкерлері бұл бағдарламаға қатысуға мейлінше қызығушылық танытуда. Ал, Әйтеке би, Қарғалы, Қобда, Темір және Хромтау аудандары тарапынан қазірге дейін бұл бағыт бойынша бір де жоба ұсынылған жоқ. Облыс басшысы бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыруды тапсыра отырып, аталған аудандардың әкімдерін сынады. Бұл ретте ол халықтың әл-ауқатын көтеру және әлемдік конъюнктура ауытқуларына берілмейтін тұрақты экономиканы құрылымдау үшін «қарапайым заттар экономикасын» дамыту маңыздылығын атап көрсетті.

Жиын барысында жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар мысалында облыста тігін индустриясы мен жиһаз саласының қазіргі жағдайы және алдағы перспективалары нақты талданып қаралды.

Жиын соңында облыс әкімдігі, «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы, сондай-ақ «Дина» және «Анвар» сауда желілері арасындағы үшжақты меморандумға қол қойылды. Сауда желілері өкілдері меморандумға қол қоя отырып, халық тұтыну тауарларын сатуда жергілікті өндірісті қолдау бойынша өздеріне міндеттемелер қабылдады.

Жергілікті билік «қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасын тиімді жүзеге асыру мақсатында тұрғындардың тұтынушылық сұранымына, жер байлығын пайдаланушы компаниялар мен мемлекеттік органдардың халық тұтыну тауарларын сатып алуына тұрақты негізде талдау жасайды. Талдауға сәйкес, бүгінгі күні «Дина» және «Анвар» сауда желілері арқылы облыс тұрғындары сатып алатын барлық көлемнің 63%-на дейінгі халық тұтыну тауарлары өткізіледі.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button