Жаңалықтар

Мерекеге әзірлік жайы талқыланды

Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испановтың төрағалығымен өткен кеңесте алдағы мереке күндеріне жоспарланған іс-шараларға әзірлік барысы талқыланды.

Жиынға қала әкімінің орынбасарлары, бөлімдер басшылары, үкіметтік емес ұйымдар жетекшілері қатысты, сондай-ақ, қоғамдық істерге белсене араласып жүрген қала тұрғындары да шақырылған.

— Мамыр — мерекелер айы. 7 мамыр — Отан қорғаушылардың, яғни бейбіт күн, тыныштық сақшыларының күні. Ал 9 мамыр — Жеңіс күні. Бұл екеуі де баршаға ортақ мереке. Сондықтан іс-шаралар жоспарын өздеріңізбен бірге талқылауды жөн көрдік, — деді қала әкімі.

Жалпы бұл мерекелерге арналған шаралар 3 мамырдан басталады. Отан қорғаушылар күніне орай, мектептерде, еңбек ұжымдарында, мәдениет ошақтарында, жалпы алғанда 130 іс-шара өткізу жоспарланыпты.

Ал 7 мамыр күні Өнер орталығында облыс басшылығының қатысуымен «Ел айбыны» атты мерекелік бағдарлама өтеді. Басталуы — 11.00.

Сондай-ақ, осы күні екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдинов есімін иемденген Ақтөбе Әуе қорғанысы күштерінің әскери институты Ашық есік күнін өткізеді. Басталуы — 11.00. Осы күні қалада Ұлы Отан соғысының ардагері Николай Лавровқа арналған мемориалдық тақта ашылады.

9 мамырға жоспарланған шаралармен жиналғандарды қала әкімінің орынбасары Айгүл Арынғазиева таныстырды.

Бұл күнгі шаралар әдеттегідей «Мәңгілік алау» Даңқ ескерткіші мен Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлова ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталады. Ескерткіштерге гүл шоқтарын қою рәсімдері 9.00-де «Мәңгілік алау» жанынан басталмақ.

Одан әрі сағат 10.30-дан Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті атындағы, А.Пушкин атындағы, «Ретро», «Денсаулық» және «Жеңіс» саябақтары мен «Ақтөбе Арбаты» алаңында мерекелік мәдени-көпшілік шаралар басталады. «Қазақ халқына мың алғыс» стелласы алаңы мен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті атындағы саябақтың тутұғыр алаңында Жеңіс күніне орай театрландырылған көріністер өтеді. Саябақтан  «Керуен сити» ойын-сауық орталығына барар жолда «Дала асханасы» «орналасады». Сондай-ақ, «Қазақ халқына мың алғыс» стелласы алаңында көпшілік әскери техникалар көрмесін тамашалай алады.

Кешкі мерекелік бағдарламалар «Жеңіс жаңғырығы» деген атпен ұйымдастырылып, сағат 20.30-ға жоспарланған. Өтетін орны — Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті атындағы саябақ. Мерекелік бағдарлама отшашумен аяқталады.

Сондай-ақ, талқылаудан кейін, биыл кейінгі уақытта өтіп жүрген «Мәңгілік шерудің» өткізілмейтіні белгілі болды. Қоғамдық ұйымдар өкілдері бұл шараға қатысты соңғы уақытта түрлі пікірлер (ардагерлер суреттерінің аяқасты қалатыны, т.б.) айтылып жүргенін алға тартты, екінші жағынан, заң бойынша, шеру өткізу үшін жергілікті билікке 10 күн бұрын өтініш түсіру қажет болса, әзірге ұйымдастырушылар тарапынан ондай өтініш түспеген болып шықты.

9 мамыр күні көптеген отбасылар Ұлы Отан соғысына қатысқан аталар рухына Құран оқытады. Сондықтан мешіттерге де осы күнге дайындалып, ал қорымдарда тазалық жұмыстарын жүргізу тапсырылды.

Жиын соңында қала әкімі барлық тұрғындарды қос мерекені ынтымақ-бірлікпен атап өтуге шақырды.

Айта кетелік, қалада қазіргі күні 35 Ұлы Отан соғысының ардагері тұрады. Олардың ең үлкені 101 жаста екен.

Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button