Жаңалықтар

«Дін. Қоғам. Жастар»: жақсылық жасап жарысайық!

Жуырда Ақтөбе қаласында «Дін. Қоғам. Жастар» аймақтық жастар форумы өтті. Ақтөбелік қыз-жігіттерден өзге, Атырау, Қызылорда, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарының делегаттары қатысқан шарада «Бизнес бастау» кәсіпкерлік мектебінің негізін қалаушы, бизнес-тренер Ахметбек Нұрсила, теологтар, т.б. ой бөлісті.

Басқосу барысында «Бизнес бастау» кәсіпкерлік мектебінің негізін қалаушы, бизнес-тренер Ахметбек Нұрсила кәсіпкерліктің алғышарттарын түсіндірсе, Маңғыстау облысы Мұнайлы аудандық «Миғраж» мешітінің бас имамы, «Үммет жастары» қайырымдылық қорының төрағасы Руслан Баймұханов жамағаттың ауызбіршілігі мен оның игілігі туралы айтты, ал Ақтөбедегі «Алаш» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әлібек Елеусізов иман мен сенім барда барлық қиындықты жеңуге болатынын алға тартты. Басқа да спикерлер жастарды жігерлі болуға, жақсы іс жасап жарысуға шақырды.

— Биыл Жастар жылы деп жарияланғанын білесіздер. Осы тұрғыдан келгенде, бүгінгі «Дін. Қоғам. Жастар» аймақтық жастар форумының маңызы зор. Қоғамдағы діннің, жастардың орнына ерекше тоқталып өту керек.

Жастардың қоғамдағы рөлі ерекше. Ойымен де, ісімен де ерекше жастарымызбен бүгінгі таңда мақтанамыз. Елбасының өзі «Жастар — ел болашағы» деп бекер айтқан жоқ. Ендігі жастардың барлық жағдайын жасау — мемлекеттің міндеті.

Жастар мамандық пен жар таңдауда қателеспеуі керек. Болашақта өздеріңіз шынымен қалайтын іспен айналысу үшін бұл мәселеге байыппен қарап, әбден ойлану қажет. Осы екі талапты мүдірмей орындаған адам қоғамда өз орнын табады, — деді облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов.

Форум барысында аз қамтылған, көпбалалы 4 отбасыға 50 мың теңгеден ақшалай көмек беріліп, ал 4 еріктіге белсенді қызметі үшін Алғыс хаттар табысталды. Артынша қатысушыларға жат діни ағымдардың ықпалына ұшырамас үшін діни сауатты болуға, елімізді көркейтуге бағытталған жаңашыл, тың идеяларды жүзеге асыруға, қоғамдық қызметтерге белсене атсалысып, қайырымдылық шараларына үлес қосу бағытында үндеу жарияланып, ұйымдастырушылар баршасын содан тысқары қалмауға шақырды.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button