Басты жаңалықтар

Бейбітшілік пен келісім — тұтастырар ел ішін

Кеше Бейбітшілік және келісім сарайында Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХVІІ сессиясы өтті.

Оған еліміздің барлық өңірінен 1300 делегат келген. Сондай-ақ Ресей, Түркия, Қырғыз Республикасы, Германия елдерінен қонақтар қатысып, келгендердің жалпы саны 1500 адамнан асты. Жиынға қатысқандар арасында Ассамблея ардагерлері, барлық респуб ликалық, облыстық жəне аймақтық этномəдени бірлестіктердің төрағалары, Парламент депутаттары, орталық атқару органдар дың басшылары, саяси партиялар мен діни бірлестіктердің, ҮЕҰ, ЖОО басшылары жəне шетелдердің дипломатиялық миссияларының өкілдері, ғылым жəне шығармашылық интеллигенция, БАҚ өкілдері қатысты.

Сессия жұмысын ҚХА Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев ашып, алқалы жиын «Бейбітшілік пен келісім формуласы: жаңғыру мен бірлік» тақырыбында өтетінін жариялады. Сессия жұмысын ұйым Төрағасының орынбасары — Хатшылық меңгерушісі Жансейіт Түймебаев жүргізіп отырды. Ол баяндама жасау үшін алғашқы сөзді ҚХА Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевқа берді.

Алдымен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ҚХА Төрағасының жаңа орынбасарларын тағайындауды бекітті. Ротация тəртібімен Ассамблея төрағасының екі жаңа орынбасары болып Ассамблея Кеңесінің биылғы мүшесі, «Вайнах» чешен-ингуш мəдени орталығының мүшесі, кəсіби медиатор Юсуп Келигов пен ҚХА мүшесі, Нұр-Сұлтан қаласының «Өзбек этномəдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Шерзод Пулатов тағайындалды. Қалыптасқан тəртіп бойынша этномəдени бірлестіктер атынан өкілдік ететін ҚХА төрағасының екі орынбасары жылына бір рет ротация тəртібімен Ассамблея сессиясында тағайындалады. Бұдан кейін Нұрсұлтан Назарбаев өзінің баяндамасын жасады. Ол Ассамблея құрылған күннен бастап еліміздегі мызғымас бірліктің ұйытқысы, сарқылмас берекенің бастауы болып келе жатқанын атап өтті. «Ассамблея — көпэтносты еліміздің басын біріктіретін, қоғамның пікірін тыңдайтын үлкен мінбер. Бүгінгі таңда құрылым еліміздегі татулық пен тұрақтылықтың ең басты кепілі болып отыр», деп сөзін жалғастырған Төраға ғаламдық бейбітшіліктің аса құбылмалы

өзгерістерге ұшырап отырғанын атап өтті.

«Біз бүгін мүлде жаңа тарихи кезеңде өмір сүріп отырмыз. Елдің экономикасы, қоғам өмірі, технологиялар күрделі өзгерістерге ұшырады. Біз олардың көбін қабылдап, біразын үйренудеміз. Осы өзгерістердің арасында өзгермейтін қуатты құндылық бар. Ол — қоғамның бірлігі мен ұлтаралық келісім. Қазір ол біздің басты құндылығымызға айналған. Күнделікті өмірде біз оны байқамайтын да шығармыз, бірақ болашақта нақ осы фактор біздің бəсекелестікке төтеп бере алуымызға мүмкіндік береді», деген Елбасы оның себептерін де ашып көрсетті.

Біріншіден, өтпелі кезең əлемді бұрынғыдан қауіпсіз ете алған жоқ. Бүгінгі таңда əлемде кикілжіңі 30-дан астам елге жайылған 40-тан артық «ыстық нүкте» бар. Олардағы кикілжіңнің басты себебі — ішкі этносаралық жəне дінаралық қақтығыстар. Бұдан қазір ешкім де сақтана алмайды. Екіншіден, этносаралық кикілжіңдер тіпті аса қуатты деген елдердің туын құлатып жатқанын сараптамалардан көріп отырмыз. Ұлтаралық жəне дінаралық саясатта жіберілген болмашы қателіктің өзі тарихи ауыр драмаларға соқтырып, мыңдаған адамдарды қайғы-қасіреттерге ұрындырды. Үшіншіден, əлемдегі бейбітшілік өте құбылмалы жəне осал болып тұр. Күн сайын бірнеше мың адам жайлы жер іздеп, туған жерінен көшіп кетуде. Бүгінгі таңда дүниежүзіндегі мигранттардың саны 250 млн адамнан асты. Соның ішінде 70 миллиондайы — босқындар.

Төртіншіден, қазіргі заманның көңіл аудармауға болмайтын тағы бір қаупі — цифрлы коммуникацияның дамуы. Пайдасымен қатар ол деструктивті əлеует тудыруда. Цифрлы коммуникацияның мүмкіндіктері этносаралық жəне дінаралық жеккөрініштерді туғызуға пайдаланылады. Кейбір жүйелі қауымдастықтар жаулық пен ксенофобияның тұтастай ошағы болып отыр. Мемлекет мұндайларға қарсы батыл шаралар қолдануы керек». Елбасы бұдан бөлек 30 жыл бұрынғы пікірлерді еске алып, Орталық Азияны тұрақсыздық ошағы болады деген болжамдарды айтып өтті.

«Алайда Қазақстан Тəуелсіздік жылдарында барлық деструктивті болжамдарды жоққа шығарды. Біз серпінді экономикасы бар мығым мемлекет орнаттық. Сонымен бірге прагматикалық жəне болжалды сыртқы саясаттың арқасында халықаралық беделге де қол жеткіздік» дей келіп, Нұрсұлтан Назарбаев осы биікке шығарған құралдарды атап берді.

«Біріншіден, ол — Қазақстан халқы Ассамблеясы. Халықтың қалауымен құрылған Ассамблея беделді конституциялық органға айналды. ҚХА мемлекеттік құрылысқа барлық қазақстандық этностар мен діни конфессияларды тарта білді. Ассамблеяны мемлекеттің саяси жүйесімен астастыра отырып, біз ұлттық бірлікте өзіміздің айрықша бағытымызды таңдадық. Міне, 12 жылдан бері ол Парламент Мəжілісінде ресми өкілдікке ие. Екіншіден, этносаралық жəне конфессияаралық теңдіктің қуатты құқықтық базасы жасалды. Үшіншіден, этносаралық саладағы біздің мемлекетіміздің саясаты «Әралуандықтан бірлікке» қағидаты негізінде құрылды. Бұл, əсіресе, тіл саясатында көрініс тапты. Қазір елімізде мемлекеттік тілде оқытатын мектептер жүйесі артып келеді. Олар қазір 4 мыңға жетіп қалды. Бұл 90-жылдармен салыстырғанда 2 есе көп. Ал қазақ тілін үйрететін орталықтар бəріне қолжетімді», деген Елбасы «Мəміле» атты ситуациялық қазақ тілі жобасын ұсынатынын жеткізді. Сонымен бірге Нұрсұлтан Назарбаев этностар тілінде оқытатын мектептер санына тоқталды, соның ішінде өзбек, тəжік, ұйғыр жəне украин тілдерінде 88 мектептің бар екенін айтты.

«Туған жер» бағдарламасы бойынша Қазақстан азаматтарының жауапкершілік пен патриотизмі жоғары екендігі көрінгенін, осы орайда көптеген кəсіпкерлердің аймақтарда əлеуметтік нысандар тұрғызғанын сөз етті. Солардың ішінде Елбасы, Гарик Бернецян, Владимир Лыткин, Никон Ким, Шамсадин Гусейнов, Виктор Хильниченко, Виктор Сычев, Хасан Абуев, Сергей Блок, Рубик Аветисян жəне басқаларды атап өтті.

«Қазақстанның «100 жаңа есім» жобасында 20-дан артық этностық топтар өкілдері бар. Ал биыл біз Жастар жылы аясында көптеген шаралар атқаратын боламыз», — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Бейбітшілік пен келісім құндылықтарын халықаралық қоғамдастық аренасына шығаруда қандай шаралар іске асырылғаны туралы айтқанда Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның 2003 жылдан бері Әлемдік жəне дəстүрлі діндер көшбасшылары съездері өткізіліп келе жатқанына, сонымен қатар БҰҰ, ЕҚЫҰ, ШЫҰ жəне АӨСШК аясындағы белсенді əрекеттерге екпін берді.

Елбасы: «2017 жылдан бастап біз мемлекеттік саясаттың əлеуметтік бағдарында жүйелі шараларға бастамашылық жасадық», — деп олардың аясында халықтың табысын өсіру, аз қамтылған тұрғындарды қолдау мəселелері қамтылғанын айтты.

Сондай-ақ Елбасы: «ҚХА — бұл қоғамдық сананы жаңғырту процестерінің белсенді қатысушысы. Білімге жүгіну, жаңа идеяларға жол ашу, ұлттық кодты сақтау жəне Қазақстанның эволюциялық дамуы — міне, осылар жалпыұлттық тарихи сана мен біртекті құндылықтарды қалыптастырудың негіздері. Осылар Ассамблеяның тікелей жауапкершілігіне жатады. Осыдан екі жыл бұрын мен тұсауын кескен «Рухани жаңғыру» жобасы оған барлық қазақстандықтардың қатысуына мүмкіндік береді. Қоғамдық сананы жаңғырту дегеніміз — барлық қоғамның рухани жəне интеллектуалды жаңаруы. Біз күшті жəне жауапты адамдардың біртұтас халқымыз, біздің ойлау жүйемізді жəне тəртібімізді нақ осылай қалыптастыру керек», — деді.

Елбасы ендігі жылы Ассамблеяның 25 жылдық мерейтойы болатынын атап өтті. Ал Төраға сөзінің соңын: «Халықтың береке-бірлігі патриотизмді жəне ортақ құндылықтарды дəріптеу арқылы нығая түседі. Біз əл-ауқатымызды арттырып, жұртымызды биік мақсаттарға жұмылдыру үшін берік негіз қалыптастырдық. Ассамблея əрдайым татулық пен тұрақтылықтың кепілі болып қала береді деп сенемін», — деп аяқтады жəне қатысушыларды Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтады.

Елбасынан кейін сөз кезегі жазушы Смағұл Елубайға берілді. Ол алдымен

90-жылдардағы өтпелі кезеңді еске түсіріп өтті. «Сол бір алмағайыпта ел батасын алған Елбасы тəуекелдің ақбоз атына мінді. Алайда алда тұрған өтпелі кезең көпірі оңай кедергі емес еді. Ол көпірде көшбасшы бір шалыс қадам жасаса, шашылып қалу қаупі болды. Бірақ бізді Құдай сақтады, Көшбасшымыз жүрістен жаңылмады. Қиын өткелден Қазақстанды аман-есен алып шықты. Қазақстан халқы сол тұста бір атаның баласындай бірігіп, жаңа елдің қабырғасын көтерді. Жаңа астана салынып, əлем елімізге атбасын бұрды. Қазақстан Орталық Азияның көшін бастады.

Біз бүгін тағы да еңсесі биік, төрі кең қазақ шаңырағында отырмыз. Осы орында тəуелсіздік жылдары заманауи саясат көгіне самғап, бір жұлдыз туды. Ол — Назарбаевтың жұлдызы еді. Сол жұлдыздан жанартаудай атқылап, ұлттық пассионарлық рух оянды. Оны оятқан пассионар тұлға Назарбаев еді. Жас, жаңа Қазақстан өмірге келді. Осының арқасында қаншама мəдениет, спорт жұлдыздарымыз жанды, əлі де жанып келеді», — деді С.Елубай. Бұдан бөлек ол Ұлы дала жазуын латын əліпбиіне бұруды ең ірі реформа деп санайтынын атап өтті. «Өйткені тіл жұлдызы жанғанда ғана ел жұлдызы жанары хақ. Ел жұлдызы жансын десек, тіл жұлдызын жағайық, ағайын», — деді жазушы.

Сондай-ақ С.Елубай Елбасының тапсырмасымен ұлт санасын жаңғыртқан киножобалардың өмірге келгенін, əдеби жауһарларымыздың əлем тілдеріне аударылғанын еске салды. «Сіздің бастамаңызбен түгел түркінің бесігі Түркістан түлей бастады, ендігі жерде Әзірет Сұлтан басында түгел түркінің бас қосқан күніне аман жетейік», — деп сөзін аяқтады.

Одан кейін сөз Мəскеу қаласы халықтары ассамблеясының төрағасы, ресейлік Светлана Смирноваға берілді. Ол Қазақстан халқы Ассамблеясы секілді азаматтық институттың əлемде жоқ ерекше түрі екенін атап өтті. «Мен үнемі Нұрсұлтан Назарбаевтың Ассамблеяны бүкілхалықтық өкілеттіктің инновациялық моделі деп бағалаған сөзін айтып жүремін. Ол шын мəнінде біздің жас демократиямыздың табысты институтына айналды» дей келіп, С.Смирнова Ресей Ассамблеясының тарихы туралы сөз етті. «Біздің Ассамблеяны құрушылар барлық тəжірибені Қазақстан халқы Ассамблеясынан алған еді. Тіпті бүгінгі күні де біздің Ассамблеямыздың сіздерден үйренері көп. Қазақстанның түрлі халықтар арасында өзара татулық пен келісімді сақтау үлгісі бізге ғана емес, əлемнің көптеген елдеріне үлгі болуға тұрарлық», — деді ол. Бұдан кейін Нұрсұлтан Назарбаевқа бұрылып: «Сіз өз еліңіздегі тұрақтылық пен тыныштықты ғана сақтап отырған жоқсыз, Сіз барлық əлемге үлгі көрсетіп, түрлі халықтардың өзара қатынасы осындай болу керектігін танытып отырсыз. Еуразиялық экономикалық интеграция идеясын да алғашқы болып Сіз айттыңыз. Осы идеяны ММУ-дің үлкен аудиториясынан жариялағаныңызға да 25 жыл болып отыр. Бүгінгі таңда Сіздің идеяларыңыз бен ұсыныстарыңыздың дұрыстығын өмір көрсетті. Ол саясаткерлер мен экономистердің тарапынан ғана емес, барлық тұрғындар тарапынан қолдау табуда. Нақ Сіздің осы идеяңыз біздің елдеріміздің стратегиялық дамуының бағдары болды», — деді.

Сөзінің соңында С.Смирнова бейбітшілік мəселесі — барлық əлем қатысқанда ғана шешіледі, сондықтан бəрімізге ұлы мақсат жолында бірігу керек. Жыл сайын болатын Еуразия халықтарының форумында кездесіп, бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ететін этномəдени ерекшелік терді сақтау жолдарын талқылап отыруымыз қажет, — деді.

Осыдан кейін сөз əл-Фараби атындағы ҚазМУ-дің студенті Милина Вавулидиге берілді. «Мен Грекияға барған сапарымда жергілікті қауымдастықтың төрағасымен кездес тім. Менің Қазақстаннан екенімді білген ол «Назарбаевтай басшысы бар елдің болашағы жарқын. Біздің Грекияда бəрі бар, тек Нұрсұлтан Назарбаевтай басшы ғана жетіспейді деп қатты күрсінді», — деді М.Вавулиди. Өз əжесінің «қазақтар мен гректер — өмір-бақи туысқандар» дейтін сөзін еске алған ол мен грек қызы болсам да, жүрегім қазақ деп соғады», дей келіп, Н.Назарбаев өзінің өкілеттігін тоқтату туралы жариялағанда көзіне жас алғанын жеткізді. «Енді не болады деп қорықтым. Біз көрші елдердегі билікке таласқандардың кикілжіңі неге соқтырғанын көріп жүрміз ғой. Бірақ мен Сіздің таңдауыңызға таңғалдым. Сіз нағыз лайықты адамды атадыңыз. Сіз қай күндегідей ең қиын мəселеде ең дұрыс шешім қабылдадыңыз. Сізге осы істеріңіз үшін де рақмет айтқым келеді. Олар біздің ертеңге деген сенімімізді арттырады. Журналист ретінде мен елдегі тыныштық пен келісімді, бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау жолындағы өзімнің жауапкершілігімді түсінемін. Мен өзімнің өмірімдегі ең басты жоспарымды Елбасының идеяларын ілгерілетуге арнайтын боламын», — деді ол.

Мінберге көтерілген «Эмир-Ойл» кен орнының басқарма бастығы Джамалайл Элимханов Шешенстанда туып, сəби шағы соғысқа тура келгенін жəне сол ауыр шақта қазақ халқының көрсеткен бауырмалдығын атап өтті.

— Шешенстанда соғыс басталғанда мен екі жаста едім. Соғыс — əр отбасы үшін зор ауыртпалық пен қасірет. Сол тұста біздің көп қабатты үйіміз қирап, əкемнің ағасы опат болды. Ал менің көзім көрмей, зағип болып қалдым. Мыңдаған шешендер сияқты бізге де туған жерімізді тастауға тура келді. Сонда менің ата-анам ойланбастан Қазақстанды бетке алды. Өйткені осыдан 75 жыл бұрын 1944 жылы қиын-қыстау күндері кеңпейіл қазақ халқы шешендерді панасына алған еді. Қазақ жері бізді тағы да құшақ жайып қарсы алды, өзім қазақ отбасында тəрбиелендім, осында екінші өмірім басталды. Қазақстанда жасалған мүмкіндіктің арқасында мектеп пен университетті үздік бітіріп, қазақ, ағылшын жəне қытай тілін меңгердім. Бұрынғы босқын, соқыр, соғыс жылдарының ұрпағы — мен 26 жасымда малайзиялық «Эмир-Ойл» кен орнының басқарма бастығы болдым. Енді маған келіп, өз еңбегіңмен жетістікке жету мүмкін емес деп айтуға ешкімнің дəті жетпес. Жастар, білім ал да, білікті бол. Бəрі — өз қолыңда. Менің өмірім — соған дəлел», — деді.

Сондай-ақ шешен халқының басына күн туғанда бірінші көмек қолын созып, арнайы тапсырмасымен мектеп пен көп қабатты үй салып берген Елбасының еңбегін ерекше атады. Бүгінде ол мектеп пен үй тұрған көшеге құрмет ретінде Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі беріліпті.

Ал көпбалалы ана, математика пəнінің мұғалімі Лариса Кравцова ата-анасымен Қарағандыға Башқұртстаннан 1976 жылы келген екен. 43 жылда əулеті қазақ жерінде өркен жайыпты. Ол өзінің жұбайы — орыс, күйеу балалары — татар жəне қазақ, оған қоса тату-тəтті шаңырағында дағыстандық пен корей ұлтының өкілдері барын айтып, отбасымыз — қазақстандық бірліктің кішігірім үлгісі, деді. Л.Кравцова Қазақстанда көпбалалы аналарға барлық жағдай жасалғанын айтып, өзінің төрт қыз, бір ұлдың анасы екенін жеткізді.

Анкарадан келген саясаттанушы Күршад Зорлу Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркі əлеміндегі көшбасшылық тұлғасы туралы сөз қозғады.

— Мен Қазақ елі туралы ең алғашқы зерттеу мақаламды 1999 жылы жаздым. Халықаралық шолушы ретінде Қазақстанның Тұңғыш Президентінің еңбектерін жиырма жылдан бері зерттеп келемін. Елбасының «Рухани жаңғыру» атты мақаласы — тек қазақ халқы үшін ғана емес, түркі халықтары үшін де болашаққа жол көрсеткен айқын бағдарлама. Менің жақында «Елбасы Назарбаев» атты кітабым төрт тілде жарық көреді. Бұл еңбектен əлем көшбасшылықтың жаңа қыр-сырымен қанық болады. Екі жыл бұрын Түркияда əлеуметтік желіде сауалнама жүргіздім. Қатысқандар Елбасыны бірауыздан Түркі əлемінің ең көрнекті жəне танымал тұлғасы деп таныды. Сізді бүгінгі күннің Білге қағаны деп біледі. Сирияға қатысты келіссөздер Елбасының бітімгерлік қасиетін айқын танытты. Сіздің президенттік өкілеттілігіңізді өз еркіңіз бен тоқтатқаныңызды естігенде Түркияның миллиондаған халқы алаңдаушылық білдірді. Қазақстан — қазір тəуелсіздігін енді алған жас мемлекет емес, болашағына нық сеніммен қараған Мəңгілік ел. Сіздің тəуелсіздіктің алғашқы жылдары көтерген Түркі əлемін біріктіру идеяңыз бүгінде толық жүзеге асты. Сіздің бастамаңызбен құрылған Түрксой, Түркі кеңесі, Халықаралық Түркі академиясы түркітілдес мемлекеттердің темірқазығына айналды», — деді түркиялық саясаттанушы.

О ң т ү с т і к  К о р е я н ы ң  С е у л қаласынан келген Чу Ионг-Мин — Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің докторанты. Кореяда жүріп, қазақ тілін меңгерген ол өз елінде 97 пайыз корейлер тұратын, моноұлтты мемлекет екенін, сондықтан Қазақстанның көпэтносты құрамы қатты əсер еткенін тілге тиек етті. Чу Ионг-Мин осы жердегі татулық, теңдік, ауызбіршілік таңғал дырғанын, Қазақстан корейлері шынайы патриот, қоғамның белсенді мүшелері екеніне көз жеткізгенін сөз етті.

Жергілікті корейлердің арасынан 60-тан аса ғылым докторы, 400 ғылым кандидаты шыққанына қуанышты екенін жеткізген оның зерттеп жүрген тақырыбы — Қазақстанның көпэтносты қоғамы жəне Қазақстан халқы Ассамблеясы. Ол бұл зерттеуі арқылы моноұлтты мемлекеттерге татулық пен келісім салтанат құрған Қазақстанды танытқысы келеді екен.

Қазақстанда дүниеге келіп, бүгінде тарихи Отанына оралғандардың арасынан Гаукс Вальтер сөз алды. Біздің елден 15 жасында көшіп кеткен ол қазіргі таңда Германияға шеттен келген немістердің жастар ұйымын басқарады.

«23 жыл бұрын мен туған ауылым Қоңыраттан Германияға қоныс аудардым. Бүгін қайтадан Қазақстанға оралу бақыты бұйырды. Қазақстан қашанда менің Отаным болып қала бермек. Осы сəтте Елбасына Еуропадағы миллиондаған немістің атынан алғыс білдіргім келеді. 800 мыңнан аса неміс тарихи Отанына оралып, туысқандарын тапты, отбасын құрды. Алғыс айту күнін біз назардан тыс қалдырмай, қазақ халқына шын жүректен алғыс айттық. Бізді Германияда қазақстандық немістер деп атайды, ал Қазақстанда 180 мыңнан аса неміс қазақ халқының бір бөлшегіне айналып кетті. Елбасына неміс мəдениеті мен тіліне көрсеткен қолдауы үшін ризалығымызды білдіреміз», — деді Г.Вальтер.

Ал Қазақстанда кəсіпкерлерге жасалған қолдау туралы Елена Свечникова əңгімеледі. ZIBROO брендімен белгілі спорттық киімдер тігетін компанияның негізін салушы Елена тəуелсіздіктің алғашқы жылдарында өз кəсібін қалай бастағанын баяндап, Елбасы жүргізген сарабдал саясаттың септігі тиіп, бүгінде жетістікке жеткенін айтты. Ол Елбасының «Кез келген дағдарыстан жаңа мүмкіндіктер іздеу керек» деген сөзін басшылыққа алады екен. Қазір ZIBROO брендімен танымал өнімдер кеңге жайылып, олардың тіккен киімдерін ұлттық құрамамыз Азия ойындары мен Олимпиада ойындарына киіп барыпты.

Атажұртқа Моңғолиядан 2005 жылы 17 жасында оралған Дұрвудхан Сұраған — бүгінде математика ғылымы бойынша философия докторы, Д.А.Қонаев атындағы сыйлықтың лауреаты, Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі. 2018 жылы математика саласындағы зерттеуімен халықаралық Ferran Synyer i Balaguer сыйлығын иеленген, бұл жыл сайын əлем бойынша математика саласындағы ең үздік еңбекке беріледі.

Ол Елбасының арқасында шеттегі қазақтарға елге қарай жол ашылып, ата-баба аманаты орындалғанын ерекше атап өтті.

«Моңғолияда орта білімді сырттай аяқтадым. Қазақстанға келіп Ұлттық бірыңғай тест тапсырып, соның нəтижесінде Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің механика-математика факультетіне грант жеңіп алдым. Университеттен кейін «Болашақ» бағдарламасымен Лондонда теориялық физика мамандығы бойынша магистратураны үздік аяқтадым. Елге келген соң конкурстан өтіп, Назарбаев Университетінің оқытушысы болдым. Бұл — орындалған ғажайып арман. Сіздің бастамаңызбен құрылған Назарбаев Университеті — қазір əлемге танымал оқу орындарының бірі. Біздің оқытушы-зерттеушілеріміздің ғылыми еңбектері əлемнің ең басты басылымдарында жарық көріп жатыр. Бастысы, еліміздің жастары халықаралық деңгейдегі жоғары сапалы білім алатындай толық мүмкіндіктерге ие болды», — деді Д.Сұраған.

Жиында талапты жастардың бірі, қазақстандық жас ІТ маман, 11-сынып оқушысы Евгений Демиденко өзі жасаған бірегей жобалары туралы мəлімет беріп,

мүмкіндігі мол ұрпақтың өкілі ретінде Елбасының қамқорлығына алғыс білдірді. Евгений былтыр арнайы білімсіз-ақ цифрлық технологияның көмегімен Boeing 757 ұшағының базасы негізінде техникалық жəне жобалық ұшақтардың апгрейді бойынша жоба əзірлепті. Бұл жобаны Boeing компаниясы сатып алып, қазір Ұлыбританияның Кренфильд аэроғарыш университетінде жүзеге асыру бойынша жұмыс істеп жатыр екен. Бұл жоба əуе кемелерін құрастыру құнын төмендетіп, жолаушылар санын көбейтуге, лайнердің қауіпсіздігін жəне энергия тиімділігін арттыруға арналған.

Бұған қоса Е.Демиденко YouTube-тің баламасы — «I LEARN» мобильді қосымшасын дайындап жатқанын айтты. Жаңа буынның сұранысына сай келетін бұл қосымша «Google Бейбітшілік пен келісім — тұтастырар ел ішін scinse fair» олимпиадасында 25 мың қатысушының ішінен екінші орынды иеленіпті. Ол алдағы уақытта Назарбаев Университетінде білімін шыңдағысы келетінін, жастар

бір-бірімен білімін бөлісу керектігін айтып, «Зерен» жазғы лагерінде Ассамблеяның арнайы жастар маусымын өткізуді ұсынды.

Тəжірибелі журналист, Қостанай облыстық телеарнаның жүргізуші-редакторы Алла Чечеткина мемлекеттік тілдің мəртебесін көтеруге қатысты пікірін білдірді. «Ұлтым — молдаван. Өзім қазақтың салт-дəстүрі жəне мəдениетімен сусындап өскенмін. Қазақ тілін білу үшін мен сияқты əженің тəрбиесін көріп өсу керек. Қолдың сары майы қосылып дайындалған таба нанның дəмі əлі таңдайымнан кетпейді. Ата-анамның ақылымен қазақ сыныбында оқыдым. Қазір Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінде журналистика мамандығы бойынша магистратурада оқимын. Елбасының «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деген сөзі — мен үшін өмірлік мақсат. Сондықтан мен қазақтың нанын жеп, суын ішіп өскендіктен, ең алдымен қазақ тіліне құрмет көрсетілуін жөн деп білемін. Мемлекеттік тілде сөйлемесек, білуге тырыспасақ, біздің егемендігімізге қосқан үлесіміз немен өлшенеді?! Барлық қандас бауырларымды қазақ тілін білуге, сүюге, өмірлік рухани азық етуге шақырамын. Жаһандану заманында қазақи тəрбие ұмытылмаса екен деп тілеймін», — деді А.Чечеткина. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сессия жұмысын қорытындылап, «Айтылған сөз, жасал ған баяндама — барлығы бағытымыздың дұрыс екенінің дəлелі» деді. Сондай-ақ ортада сөз сөйлеген Алла Чечеткина сияқты жастарға қарап, əр сессия сайын қазақ тіліне деген құрметтің арта түскенін байқағанын жеткізді.

«Мен кеше ғана Бейжіңнен келдім. «Бір белдеу, бір жол» екінші халықаралық ынтымақтастық форумына 40-тан аса мемлекет басшылары жиналып, бірлесіп экономиканы дамыту мəселелерін талқылады. Жібек жолы 150 елді жалғайды, сол жолдың бойында экономика өсіп-өркендейді. Бұған біз де кірісіп кеттік, өз жолдарымызды салдық. Қазақстан арқылы жүк тасымалын өткізіп, былтыр 2 млрд доллар пайда таптық. Мен қашанда интеграциялық процестерді қолдап келемін. 25 жыл бұрын Еуразиялық экономикалық одақты құру туралы идеяны ұсындым. Осы идеяны жүзеге асырғанымызға биыл бес жыл болады. Енді елордада ЕАЭО-ның бесінші мерейлі сессиясы өтеді», — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сөз соңында Елбасы татулық пен тұрақтылық жəне еңбек қана алға жетелейтінін айтып, жастарды еңбекқор болуға, білікті маман атануға шақырды.

 «Egemen Qazaqstan» газеті,

30 сәуір 2019 жыл.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button