Жаңалықтар

Компаниялар қарыздарын өтейді

Облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекеновтің төрағалық етуімен қоғамдық-саяси тұрақтылық және әлеуметтік-еңбек дауларының алдын алу жөніндегі штабтың кезекті отырысы өтті.

Облыс басшысы Оңдасын Оразалиннің тапсырмасы бойынша штаб жұмысы мемлекеттік және құқық қорғау органдары, кәсіподақ орталығы, қоғамдық ұйымдар басшыларының, кәсіпорындар қызметкерлерінің қатысуымен жаңа форматта өтті. Дөңгелек үстел басындағы әңгімеде ақтөбелік кәсіпорындардың 175 қызметкердің жалақысы бойынша жинақталып қалған қарыздарын өтеуіне байланысты мәселе талқыланды.

«Бұл мәселе облыс әкімінің бақылауында тұр. Оңдасын Оразалин мұны қызметкерлермен бірлесе отырып шешуді тапсырды. Біз қарызы бар кәсіпорындағы әр жағдайды бақылап, талдап жатырмыз», — деді Қайрат Бекенов.

Оның айтуы бойынша, банкроттық процедуралардан өтіп жатқан 6 кәсіпорынның мойнында жалақы бойынша 72,9 млн теңге бережақ бар. Осыған байланысты мәселесі қиын компания өкілдерінің, банкроттық басқарушылардың сөзі тыңдалды.

Бұлардың қатарында 135 қызметкеріне 63,8 млн теңге қарызы бар «Ақтөбе бейметалл құбырлар зауыты» АҚ бар. Еске сала кетсек, күні кеше облыс әкімі кәсіпорын қызметкерлерімен кездесіп, жалақы кәсіпорын мүліктері сатылған соң төленетінін айтқан болатын. Сауда-саттық 23 мамыр күні 20 пайызға төмендетілген бағамен жүргізіледі. Облыстық мемлекеттік кірістер департаменті өкілдерінің сендіруі бойынша, қызметкерлер тиесілі қаржысын 2019 жылдың маусым айының соңына дейін алатын болады.

Сондай-ақ «Қарасор-А», «Фирма Иран», «Мосто Трест-4», «Ақтөбе Таза Қала» және «Казанка» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктеріндегі жағдайлар да облыс әкімінің тұрақты бақылауында тұр. Бұлардың бірқатарының мүліктерін тікелей сату басталып та кетті.

Штаб отырысында сондай-ақ жалақыны уақтылы төлемеген компаниялардың өкілдері де тыңдалды. Соның ішінде «Ақтөбе мебель фабрикасы», «Аска Экспо Центр», «А-Полиграфия», «Жаңатас Ақтөбе» және «En-Gin Production» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің басшылары да қарызды өтеу жөнінде қандай шаралар алынып жатқанын мәлімдеді.

Компания қызметкерлері облыстық прокуратура, мемлекеттік кірістер департаменті өкілдеріне тікелей сауалдар қойып, заң кеңесін алу мүмкіндігін пайдаланды. Қатысушылар биліктің ашықтығы мен мәселені шешудегі өзгеше қадамына ризашылық білдірді. Жалпы айтқанда бұл әңгіме қатысушылар өз сауалдарына нақты жауап алған нәтижелі жиын болды.

 Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button