Басты жаңалықтар

Татулық пен тұрақтылық  — ел дамуының кепілі

Ассамблея сессиясына қатысушылар лебізі

 Астана қаласында  Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХVІІ сессиясы өткені мәлім. Жиынға еліміздің әр түкпірінен — 1300, ал біздің облыстан 31 делегат қатысып қайтты. Татулық пен тұрақтылықты негіз еткен жиын туралы делегаттар пікірін білдірді.

Нұрбақыт Барбосынов, Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық филиалы хатшылығының меңгерушісі:

—Тұңғыш Президент пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысқан сессияда татулық пен келісім, бірлік пен жаңару жолындағы жетістіктер мен  алға қойған жоспарлар талқыланды. Еліміздегі ұлттар бірлігінің ұйытқысына айналған Ассамблеяның әрі қарайғы жұмысы сөз болды.  Қазіргі таңда Ассамблеяның жанынан бес қоғамдық кеңес жұмыс жасайды. Олар — ақсақалдар, аналар, жастар, ғылыми-сараптамалық, қоғамдық келісім кеңестері.

Жиында Елбасы осы кеңес жұмыстарын, оның ішінде ақсақалдар мен аналар кеңесін жандандыруға күш салу керектігін айтты. Себебі үлкендер аталы сөз айта білсе, жастар құлақ асады.  Елімізде жүргізіліп жатқан бағдарламаларды насихаттауда да кеңестің рөлі зор.

Сессияда айтылған тағы бір мәселе — медиация ісін жақсарту. Ассамблея жұмысының негізгі екі бағыты — қайырымдылық пен медиация.  Медиация бұл — бітімгершілік, яғни дауды сотқа жеткізбей  шешудің балама жолы. Жиында осы бағыттағы шараларға басымдық беру керектігі айтылды.

Жан-жақтан келген Ассамблея мүшелері өз пікірлерін білдірді. Қазақ тілінде еркін сөйлеген өзге ұлт өкілдері көпшілікті сүйсінтті. Елбасы мемлекеттік тілді меңгерген азаматтарға риза болды. Жиында Қазақстан халқы Ассамблеясы мемлекеттік тілді қолдайтын институтқа айналу керектігі айтылды. Елімізде тұратын әрбір ұлт өкілі мемлекеттік тілді білуге ынталы болу керек. Ал Ассамблея осы істің ұйытқысына айналып,  жұмыстарды үйлестіре білуі тиіс. Мәселен, біздің облыстық филиал жанында бес тіл үйрену курсы бар. Кәріс, татар, әзербайжан, украин, яғни екі жүзден аса жас өз ана тілдерін үйреніп жүр. Сессияда  мемлекеттік тілді үйретуге қатысты біраз нәрсені көңіліме түйіп қайттым.

Жалпы Ассамблея жастар жұмысына ерекше назар аударады.  «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жарыққа шыққаннан кейін облыстық филиал жанынан «Жаңғыру жолы» деген жастардан құралған қозғалыс құрылды. Қазіргі таңда біздің мақсатымыз — Ассамблея жұмысына жас буынды тарту. Қалай десекте, тәуелсіздік жылдарында өмірге келген жастардың қоғамға көзқарасы мүлде басқа. Олар еркін ойлайды, еліміздің гүлденуі үшін жастық жалынмен кірісіп, жұмыс істейді. Қазіргі күні Ассамблеяның 141 мүшесі болса, соның 20 пайызы жастар.  «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жастарға облыстағы киелі жерлерді көрсетіп жүрміз. Бұған дейін Қобда, Алға аудандарын араласақ, алдағы уақытта өзге аймақтардағы киелі жерлерді көрсету кезегі тұр.

Жалпы сессиядан кейін жаңа бір серпіліспен жұмысқа кірісеміз.

Шамиль Каспранов, «Нектар» өндірістік кооперативінің төрағасы:

— Елімізде тұрып жатқан әр ұлттың өкілдері Астанада бас қосты. Осындай татулықты ту еткен жиындарға қатысқан сайын болашағымыздың жарқын екеніне сенімің арта түседі. Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен өткен жиында  еліміздің дамуына серпін беретін дүниелер әңгіме өзегіне айналды. Ассамблея жұмысына қатысты маңызды бағыттар талқыланды.

Еліміздің ең негізгі  жетістігі — ауызбіршілігі, халқының татулығы. Қазақстандағы әрбір ұлт өкілі бір үйдің балаларындай тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Олар бір-бірінен үлгі алып, бір-бірінен үйреніп, еліміздің дамуы үшін әрі қарай еңбектенуде. Ал елдегі осындай тұрақтылық пен ынтамақтың мықты болуы — мемлекет дамуының кепілі. Сондықтан «Бірлік бар жерде тірлік бар» деген сөз бекер айтылмаған. Сессияда экономикалық, әлеуметтік мәселелер де, ішкі, сыртқы саясаттағы тұрақтылық та сөз болды. Біраз мәселе қамтылды. Алда маңызды міндеттер тұр. Қандай мәселені де бірігіп шешсек, алынбайтын қамал жоқ.

 Хасан Сагаев, «Вайнах» шешен этномәдени бірлестігінің ардагерлер кеңесінің төрағасы:

— Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясына он жылдан бері қатысып келемін. Әр жыл сайын өтетін сессияның өз мақсат, міндеті бар.  Бұл жолы да Ассамблея төрағасы алдымызға жаңа міндеттер қойып, тапсырмалар берді. Өзекті мәселелер айтылды, Қазақстанның әр түкіпірінен жиналған түрлі этнос өкілдері өз пікірлерін ортаға салды, кеңесті.

Ассамблеяның ұстанымы — қоғамның бірлігі, елдің тыныштығы. Елбасының бізге жүктеген міндетінің ең негізгісі,  осы бағыттағы жұмыстарды жандандыру болатын. Сондықтан біздің мақсатымыз — іргесі қаланған тәуелсіз еліміздің тұтастығына сызат түсірмей, кейінгі ұрпаққа жеткізу. Ассамблеяның облыстық филиалы бұл ретте үлкен шаруаларды атқарып келеді. Оның ішінде ардагерлер кеңесі рухани, тәрбиелік маңызы бар істердің басы-қасында жүр. Сессияда осы кеңес жұмысын жандандыру туралы да сөз болды. Алдағы уақытта еліміздің ынтымағы мен бірлігін көздейтін тапсырмаларды орындауға біз қашанда дайынбыз.

Әлішер Исматуллаев, «Согдиана» өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы:

— Этномәдени бірлестік ашылған уақыттан бері жыл сайынғы өтетін сессияға тұрақты түрде қатысып келемін. Биыл біздің өңірден аттанған делегация құрамында 20-дан астам адам болды. Оның ішінде облыс әкімі бастаған облыстық Ассамблея мүшелері, ардагерлер мен барлық этномәдени бірлестіктің төрағалары бар.

Жиында Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасарларын таныстырып, Тәуелсіздігіміздің берік болуы ел бірлігінің арқасы екенін айтты.

Жалпы сессиядан түйгеніміз көп болды. Еліміздің әр түпкірінен жиналған Ассамблея мүшелері өзара пікір алысып, алда атқарылатын шаруаларды пысықтады.

Биыл Өзбекстандағы Қазақстан жылы болып жариялануы достық пен татулықтың белгісі ғана емес, сонымен қатар  екі ел арасындағы мәдени-өркениеттік тұрғыдан жақын­дасуына да зор үлес қоспақ.

Былтыр Қазақстандағы Өзбекстан жылына орай Ақтөбе қаласында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірге ауқымды іс-шаралар өткізілді. «Тарихы тереңнен бастау алатын Өзбек елі» атты тарихи-танымдық кеш, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік және Сақтаған Бәйішев атындағы жоғары оқу орындарында республикалық конференциялар ұйымдастырылды. Жиында көшпелі өзбек елінің қазақ тарихындағы орны, қос мемлекет арасындағы экономикалық байланыстың жаңа кезеңі туралы кеңінен әңгімелер айтылды.

Енді биыл 2-6 мамыр күндері аралығында Ташкент қаласында Өзбекстандағы Қазақстан жылының ашылуы өтіп, осыған орай іс-шаралар легі басталмақ. Осы шараға біздің өңірден де бірлестік өкілдері қатыспақ. Бұл — бауырлас халықтардың жақындастығын одан әрі тереңдетуге септігін тигізері сөзсіз.

Өзім Ақтөбе қаласына 1991 жылы Ташкенттен қоныс аудардым. Тәуелсіздік алған жылдардан бастап Елбасының бастамасымен еліміз қарыштап дамып келеді. Облыста ұлттық орталықтардың дамуына барлық жағдай жасалған. Бір шаңырақтың астында қаншама ұлт өкілдері тату-тәтті ғұмыр кешуде.

Сондықтан бүгінгі мерекеде қазақ халқына алғыс айта отырып, барша қазақстандықты осы мерейлі мерекемен құттықтаймын. Дендеріне саулық, отбасыларына тыныштық тілеймін.

Дайындаған Кәмшат ҚОПАЕВА, Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button