Ақтөбе — 150Басты жаңалықтарМәдениет

«Жұбановтар әуені-2019»: бас жүлде Ақтөбеде қалды

Ақтөбеде облыс мәдениетінің брендіне айналған дәстүрлі «Жұбановтар әуені – 2019» халықаралық ұлт аспаптар оркестрлері мен ансамбльдер фестиваль-байқауы өз мәресіне жетті. 2006 жылдан бері өткізіліп келе жатқан мереке биыл Ақтөбе қаласының 150 жылдығы мен Ғ.Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясының 75 жылдығына арналды.

Бұл шараға еліміздің Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Жамбыл, Шымкент, Қызылорда, Талдықорған,  Орал,  Ақтөбе қалаларынан өзге, Ресей, Түркия, Тәжікстан, Қырғызстан елінен келген өнерпаздар қатысты.

Өнер орталығында өткен фестивальдің жабылу салтанатына қатысқан облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов байқау қатысушылары мен көрермендерге облыс басшысы Оңдасын Оразалиннің атынан алғыс білдіріп, ықылас гүлін табыстады.

— «Жұбановтар  әуені – 2019» халықаралық ұлт аспаптар оркестрлері мен  ансамбльдер фестиваль-байқауы  — қазақ музыкасын кәсіби тұрғыда әлемге танытқан академик Ахмет Жұбанов пен Қазақстанның және КСРО халық артисі, композитор, профессор Ғазиза Жұбанованың атын мәңгі есте қалдыру мақсатында  өткізілген ауқымды өнер мерекесінің бірі. Екі жұлдыз өмірден өткенімен, олардың туындылары орындаушылары мен тыңдарманы барда ешқашан өнер әлемінен өшпек емес. Қайта керісінше, уақыт өткен сайын өз құндылығын арттырып, бізге рухани азық болып қалары сөзсіз. Төрт күн бойы еліміздің өзге өңірлерімен қатар шетелден келген өнерпаздар Жұбановтар әуенін әуелетіп, Ақтөбе аспанын әнге бөледі. Фестиваль қатысушыларының барлығына алғысымды білдіріп, рақметімді айтамын, — деді облыс әкімінің орынбасары Марат Тоғжанов.    

Байқау нәтижесі бойынша бас жүлде Ақтөбе облыстық филармониясының А.Жұбанов атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрі мен Қызылорда облыстық филармониясының «Ақмешіт» фольклорлық ансамбліне бұйырды (500 000 теңгеден). Ал 1-орынды Нұр-Сұлтан қаласынан келген  «Астана сазы» фольклорлық ансамблі мен Шымкент қаласынан келген Сүгір атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрі және Қарағандының Тәттімбет атындағы академиялық халық аспаптары оркестрі алды (250 000 теңгеден). 2-орынды К.Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының қазақ ұлт аспаптар оркестрі, Қырғызстаннан келген «Қырғыз» ансамблі, сондай-ақ Алматы облысынан келген «Құлансаз» фольклорлы-этнографиялық ансамблі иеленсе (150 000 теңгеден), 3-орынды Түркияның Стамбұл қаласынан келген «Анадолы» триосы мен Тәжікстанның Душанбе қаласынан келген «Чоргох» тобы және А.Жұбанов атындағы музыкалық колледждің халық ұлт аспаптар оркестрі бөлісті (100 000 теңгеден).

Фестивальға қатысушылар сондай-ақ «Үздік солист», «Үздік дирижер», «Үздік вокалист» номинацияларымен де марапатталды.

Фестиваль жеңімпаздары мен қатысушыларын дәстүрлі өнер мерекесімен құттықтаған Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов қаланың 150 жылдығына орай 150 мың теңге көлемінде өзінің арнайы жүлдесін табыстады. Шаһар басшысының арнайы сыйлығы Талдықорған қаласынан келген «Адырна» фольклорлық-этнографиялық ансамбліне бұйырды.

Өз кезегінде сөз алған Құрманғазы атындағы мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрінің директоры Нұрғиса Дауешев облыстық филармония директоры Елубай Кенжалиевке ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының құттықтау хатын табыстады.

Өнер орталығындағы кеш марапаттау рәсімінің соңы Құрманғазы атындағы Қазақтың мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрінің 85 жылдығына арналған «Ұлы даланың әуендері» атты концертімен жалғасты.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button