Жаңалықтар

Мерекелер қалай тойланады

Брифинг

1 мамыр — Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесіне орай Ақтөбе облысында 150-ге жуық мәдени көпшілік шаралар өтеді. Бұл туралы баспасөз мәслихатын өткізген облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Маржан Қорғанбаева алдағы Жеңіс мерекесіне арнап ұйымдастырылатын іс-шаралармен де таныстырды.

Облыс орталығында 1 мамыр мерекесіне арналған шаралар қаланың 8 алаңында өткізіледі. ҚР Тұңғыш Президенті атындағы орталық демалыс саябағында түрлі спорттық шаралар, әр халықтың ұлттық тағамдарынан көрмелер мен жәрмеңкелер, қөлөнер шеберлерінің көрмесі өтеді. Сонымен қатар, «Ақтөбе арбаты» алаңы, «Керуен сити» ойын-сауық, сауда орталық алаңы, «Ретро», А.Пушкин атындағы демалыс саябақтарында, «Шығармашылық академиясы» тағы басқа алаңдарда  ойын-сауықтық бағдарламалар, әр ұлттың салт-дәстүрлерінен көріністер ұйымдастырылады.

Қалаларда, аудандарда және барлық елді мекендерде концерттік бағдарламалар, спорттық шаралар, әлеуметтік қамқорлықты қажет ететін отбасыларға арналған қайырымдылық акцияларын өткізуді жоспарлап отырмыз.  Бұрын мерекелерде қала тұрғындарының бәрі орталыққа жиналса, енді әр шағын аудандарда ұйымдастырылады. Біздің мақсатымыз — тек концерт қою емес, мәдени көпшілік шараға халықты көбірек тартып, тұрғындарды белсене қатысуға шақыру, — деді басқарма басшысы.

«Қазақ халқына мың алғыс» стелласы алаңында кешкі уақыт 19.00-де өтетін «Татулығымыз — бір шаңырақ астында» атты мәдениет, білім мекемелері мен этномәдени орталықтарының бірлескен театрландырылған-хореографиялық қойылымы мерекенің басты шарасы болмақ.

Ал 9 мамыр — Жеңіс күніне арналған мерекелік шеру Әбілқайыр хан даңғылы бойымен Орталық саябаққа дейін барады. 5 мамырдан бастап оқушылар, студенттер, жастардың қатысуымен ескерткіштердің қасында құрметті қарауыл ұйымдастырылмақ. Облыста Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің 35-і қалды. Отан үшін от кешкен аталарымыз жас буынға кеңірек дәріптелмек. Қаланың әр жерінде оларды насихаттайтын түрлі шаралар жүзеге асады. Орталық саябақтарда соғыс, еңбек және тыл ардагерлеріне арналып дала асханасы ұйымдастырылады.

 Самат НАРЕГЕЕВ. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button