Ақтөбе — 95Басты жаңалықтар

Желаяқтар жарысқан күн

Сенбі күні Ақтөбе қаласындағы «Мұнайшы» стадионында облыстық «Ақтөбе»  газетінің жүлдесі үшін жеңіл атлетиканың негізгі түрі — жүгіруден облыстық жарыс өтті. Оған Ақтөбе қаласынан, Қарғалы, Хромтау, Мәртөк, Қобда аудандарынан, сондай-ақ Ақтөбе ферроқорытпа зауытынан жүзден аса желаяқ қатысты. Биылғы спорт мерекесінің басты ерекшелігі — ол облыстық «Ақтөбе» газетінің 95 жылдығына арналды.

 Алғы шепте — ардагерлер

Дәстүрлі түрде өткізілетін спорттық жарыс Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнімен басталды. Бұдан кейін төрешілер қатысушыларға сәттілік тілеп, жарыстың басталғаны туралы белгі берді.

Жарыста қатысушылар жасы мен жынысына қарай бірнеше топқа бөлініп, 1-3 шақырым қашықтықта жүгірді. Алғашқы болып жарысты ардагерлер бастады. Атап айтсақ, жасы 40, 50, 60 және одан жоғары ересектер арасында ер адамдар мен әйелдер өзара сынға түсті.

Бұдан кейін 1 шақырым қашықтықта 2006, 2004-2005, 2002-2003, 2001 жылғы ер балалар мен қыз балалар жүгірсе, 3 шақырым қашықтықта 2001 жылғы және жасы одан жоғары бозбалалар мәре сызығына бірінші болып жету үшін бақ пен бабын ортаға салды.

Жалпы жарыс қызықты өтті. Қатысушылардың барлығы жүгіру алаңында өздерін көрсетіп қалуға тырысты. Бірқатары жеңіс тұғырына қиындықсыз жетсе, кейбіреулері қарсыластарын басып озу үшін барын салды.

Стадионға жиналған тұрғындар мен аудандардан келген жанкүйерлер де өз спортшыларына жеңіс тілеп, қолдау білдірді.

Облыстық спорт ардагерлері кеңесінің төрағасы Владимир Кореньковтың айтуынша, мұндай жарыс облысымызда 50 жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Облыстық жарысқа қатысушылардың дені — бұрын жарыстарға қатысып жүрген кіл жүйріктер.

Дәстүр бойынша бүгін «Ақтөбе» газетінің 95 жылдығына арналған газеттің жүлдесі үшін жеңіл атлетиканың бір түрі жүгіруден облыс көлемінде үлкен жарыс ұйымдастырып отырмыз. Спортшылар үшін бұл — үлкен мереке. Денсаулық — басты байлық болса, спорт — денсаулық кепілі. Сондықтан жүгіру кез келген адамға пайдалы. Бұл спорттың түрімен шұғылданатын жастар да, ардагерлер де көп. Жыл сайын көктемде өткізілетін бұл жарысқа облысымыздың әр ауданынан, ауылдардан жас спортшылар келіп қатысады. Биылғы жарысқа Ақтөбе қаласынан бөлек Мәртөк, Қобда, Қарғалы, Хромтау аудандарынан жүйріктер қатысып отыр. Жарыста жас ерекшелігіне байланысты алдымен ардагерлер, одан кейін жас спортшылар жүгіріп, үздіктері суырылып шығып, жеңіске жетіп жатыр. Бұл жарыс биылғы жылы алғаш рет ұйымдастырылып отырған шара емес. Өткен аптада дәл осы алаңда біз жүгіруден облыстық чемпионаттың ашылуын өткіздік, — дейді ол.

Айта кету керек, алдағы уақытта аталған стадионда жүгіруден бірқатар жарыстар өткізілмек.

 Жеңіске жеткен жүйріктер

Сонымен жарыстың қорытындысына келсек, ардагерлер арасында 1 шақырым қашықтықта жасы 60 және одан жоғары ер адамдар арасында Ақтөбе қаласының тұрғыны Валерий Григорьев қиындықсыз жеңіске жетсе, әйелдер арасында мәртөктік Амина Закирзянова мәре сызығын бірінші болып кесті. Ал 40 жастан жоғары ер адамдар арасында Ақтөбе қаласының намысын қорғаған Айбек Ғабдуллин суырылып алға шықты.

1 шақырым қашықтықта 2006 жылғы жасөспірімдер арасында қобдалық Әлім Бөлебаев қарсыластарын шаң қаптырса, қыз балалардан хромтаулық Әсем Мақсатова жеңіске жетті.

2005 жылы туғандардан ер балалар арасында Қобда ауданынан келген Әбдірахым Тұрлыбайдың бағы жанса, қыз балалар арасында Ақтөбе қаласының тұрғыны Марина Лебедеваның жұлдызы жарқырады. Сондай-ақ жарыста 2002-2003 жылы туғандар арасында 1 шақырым қашықтыққа жүгіруде хромтаулық Эдуард Галимовке тең келер ешкім болмады. Ал қыз балалар арасында Қобда ауданынан келген Надежда Балясная мәре сызығына бірінші болып жетті.

2001 жылы туған қыз балалар арасында 1 шақырым қашықтыққа жүгіргендердің арасында Ақтөбе ферроқорытпа зауытының атынан қатысқан Екатерина Куриченкоға  ешкім жете алмады. Желаяқ қыз қарсыластарын қиындықсыз жеңді.

Бұдан кейін жасы осы топтағы ер балалар арасында 3 шақырым қашықтыққа жүгіргендердің қатары көп болды. Нағыз бәсеке осы топта қыза түсті. Нәтижесінде ер балалар арасында Ақтөбе қаласының тұрғыны Ислам Абылханұлы бас жүлдені ұтып алды.

Жеңімпаздар тілегі

«Ақтөбе» газетінің жүлдесі үшін ұйымдастырылған облыстық жарысқа алғаш рет келіп отырған спортшылардың бірі — Ақтөбе қаласындағы №39 орта мектептің 11-сынып оқушысы Ислам Абылханұлы. Ол жеңіл атлетикамен өткен жылдан бастап айналысыпты.

— Биылғы оқу жылынан, яғни қыркүйек айынан бастап жүгірумен айналыса бастадым. Бұған дейін облыстық жарыстарға қатысып, бес және он шақырым қашықтықтарға жүгіріп, жеңімпаз атандым. Ал «Ақтөбе» газетінің жүлдесі үшін өткізілетін жарысқа биыл алғаш рет қатысып отырмын. Үш шақырым қашықтыққа жүгіріп, мәре сызығына еш қиындықсыз бірінші болып жеттім. Қарсыластарыма, осы жарысқа қатысқан барлық спортшыларға алғысымды айтамын.

Спорттың адам өмірінде алатын орны зор. Спортпен айналысқан адамның денсаулығы мықты, өзі шыдамды болады. Сондықтан мен жастарды спортпен, әсіресе, жүгірумен айналысуға шақырамын, — дейді ол.

Жарыста суырылып алға шыққандардың бірі — Хромтау ауданының намысын қорғап келген Хромтау тау-кен техникалық колледжінің 2-курс оқушысы Эдуард Галимов. Ол — Президенттік көпсайыстан спорт шебері.

  • Спорттың қай түрі болмасын дайындық пен күш-жігерді қажет етеді. Мен бүгінгі жарысқа нық сеніммен келдім. Нәтижесінде жеңіске жеттім. Өте қуаныштымын. Осындай шаралар көптеп ұйымдастырылса, біз сияқты спортшылар үшін нұр үстіне нұр болары сөзсіз, — дейді ол.

Облыстық жарыста бір шақырым қашықтыққа жүгіргендердің арасында жеңіске жеткен қыздардың бірі — Надежда Балясная. Ол Қобда ауданының Жанталап ауылында тұрады. Бала кезінен спортқа жақын болып өскен қаршадай қыз жүгіруден өткен жарыстарда үнемі алда келеді екен. Бұл жарыста да ол қарсыластарын шаң қаптырды.

Ал Надежданың жерлесі, Қобда қазақ орта мектебінің 7-сынып оқушысы Әлім Бөлебаев жүгіру алаңында жеңіске еш қиындықсыз жеткенін айтады. Бір ескерерлігі, жас спортшы облыстық «Ақтөбе» газетін сүйіп оқиды екен.

— Мен газет-журнал оқығанды ұнатамын. «Ақтөбе» газетін қалт жібермеймін оқимын. Ал спортты ерекше жақсы көремін. Бұған дейін талай жарыстарға қатысып, жеңіске жеттім. Бүгінгі жарысқа біздің ауданнан жастар көп келді. Ең бастысы, жеңіске деген құлшынысымыз жоғары. Ол үшін жаттықтырушымыз Қайрат Сейіловке ерекше алғысымды білдіремін, — дейді Әлім.

Р.S. Шара соңында әр топ бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлерге облыстық «Ақтөбе» газетінің атынан арнайы сыйлықтар табысталды.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button