Спорт

Жанкүйерлер ең көп жиналған тур

Премьер-Лига

Иә, 27 сәуір күні Қобыланды батыр атындағы Орталық стадионда өткен кездесуге 11 000 жанкүйер жиналды. Бұл биылғы чемпионат басталғалы Премьер-Лига командалары арасында өткен кездесулердегі рекордтық көрсеткіш. Ал жалпы 7-тур ойындарына еліміз бойынша 24 200 адам келген.

Өз алаңымызда биылғы маусымда алғаш рет өтетін кездесу қуаныш сыйлаумен бірге көңілге қауіп те ұялатқаны рас. Себебі осы турдың алдында Қазақстанның еңбек сіңірген бапкері Владимир Фомичевке «Ақтөбенің» өз алаңында өткізетін алғашқы ойынына болжам айту ұсынылғанда тәжірибелі жаттықтырушы бұл әншейіндегі ойындардан екі есе қиын  болатындығын айтып еді. Солай болды да.

Жоқ, «Ақтөбе» абыржыған жоқ. Ойынды тынымсыз шабуылдармен бастады. 3-минутта Абат Айымбетов сәтті жағдайда допты қақпаға тура бағыттай алмай, қиыс тепті.

11-минутта Жамбыл Көкеев соққан доп маңдайшадан асып түсті. 25-минутта Абаттың соққысынан соң зуылдай ұшқан допты қақпашы Самат Отарбаев дарытпады. Дегенмен алғашқы голды тараздықтар соқты. 20-минутта оң қанаттан орындалған бұрыштамадан әуелей ұшып келген доп жерге түсе қалды да, оны көптің арасынан ыңғайлы жол таба қойған Серж Ньюадзи қақпаға жылмаң еткізіп енгізді де жіберді — 0:1.

Бұдан соң жерлестеріміздің қарқыны бәсеңдеп қалмағанымен онша үдей де түскен жоқ. Сөйтіп жүргенде таймның соңғы минутында біздің қорғаушыларымыздың ортасында жүріп пас алған Абзал Таубай іркілместен ілгері қадам жасады да, жекпе-жек шыға келген Игорь Трофимецті оңай алдай салды — 0:2.

Екінші таймда ақтөбеліктер атқа мінді. Біріне-бірі жалғасқан тынымсыз шабуылдар қонақтарды қателесуге мәжбүр етті. 50-минутта Асланбек Кәкімов оң қанаттағы таяу маңнан орындаған айып добын қарсыластар қақпасы алдына әуелете тастағаны сол еді, оны аулаққа бағыттап жібермек болған Жиан Мартинс өз қақпашысы Самат Отарбаевты қапы қалдырды, автогол соғып алды — 1:2.

Бұдан соң осы ойында ерекше көзге түскен, тынымсыз да сауатты қимылдаған Абат Айымбетовтің жұлдызы жанды. 63-минутта тағы да таяу маңайдан айып добын орындаған Асланбек Кәкімов допты қақпа маңына қарай аса биіктетпей ұшындыра жіберіп еді, оны топтың ортасынан суырыла шыққан Абат басымен демей бағыттап, қақпаға лып еткізіп кіргізді де жіберді — 2:2.

Ойын осылай аяқталуға тақағанда тараздықтар тағы да ақтөбелік қорғаныстың қапысын тапты. Қосымша уақытта Мадияр Нұралы алыстан тепкен допты Игорь Трофимец кері серпіген еді, допты сол жерге дереу ентелей жеткен Элгуджа Лобжанидзе қақшып түсіп, нысананы дәл көздеді — 2:3.

Әрине, бұған дейін қарсыластар қақпасына тараздық шабуылшылар Серж Ньюадзи — 3, Элгуджа Лобжанидзе 2 гол соққанын ақтөбелік футболшылардың білмей қалған ештеңесі жоқ. Әттең, ФИФА-ның қатал шешімінен соң команданы толықтыруға, резерв әзірлеуге, құрамды жаңалауға мүмкіндік жоқтығы қолбайлау болып-ақ тұр. Әйтпесе білгір футбол мамандары Александар Седнев бапкерлік ететін «Ақтөбе» командасының қазіргі ойын өрнегіне жақсы баға беріп жүр. Сол себепті «Ақтөбенің» жеңісті күндері алда екеніне сенгіміз келеді.

«Ақтөбе»-«Тараз» — 2:3

Гол авторлары: Серж Ньюадзи, 20-минут (0:1); Абзал Таубай, 45-минут (0:2);

Жиан Мартинс, автогол, 50-минут (1:2); Абат Айымбетов, 63-минут (2:2); Элгуджа Лобжанидзе, 90+2 минут (2:3).

Ескерту қағазын алғандар: Б.Қайыров, 68-минут («Ақтөбе») — В.Крюков, 50-минут; М.Әмірханов, 69-минут; Л.Касрадзе, 85-минут («Тараз).

Ойнның екінші таймында «Ақтөбенің» екі футболшысы жасыл алаңнан қуылды: В.Волков, 88-минут; Б.Қайыров, 90+4 минут.

«Ақтөбе»: Игорь Трофимец, Бағдат Қайыров, Саша Марьянович, Виталий Волков (капитан), Әділхан Таңжарықов, Милан Радин, Хрвое Милишевич, Ардақ Сәулет, Асланбек Кәкімов (Антон Шурыгин, 89-минут), Жамбыл Көкеев (Есен Жасанов, 46-минут), Абат Айымбетов.

Бас бапкер Александр Седнев.

«Тараз»: Самат Отарбаев, Мақсат Әмірханов (капитан), Лаша Касрадзе, Берік Айтбаев (Мадияр Нұралы, 18-минут), Бекзат Шадманов, Виктор Крюков (Бекзат Бейсенов, 86-минут), Жиан Мартинс (Эливелто, 73-минут), Абзал Таубай, Неманья Суботич, Серж Ньюадзи, Элгуджа Лобжанидзе.

Бас бапкер Вахид Масудов.

27 сәуір 2019 жыл. Ақтөбе, Қобыланды батыр атындағы Орталық стадион. 11 000 адам. 

*   *   *

Басқа кездесулердің нәтижесі:

«Астана» (Астана)-«Тобыл» (Қостанай) — 2:1

«Ордабасы» (Шымкент)-«Қайрат» (Алматы) — 0:0

«Жетісу» (Талдықорған)-«Атырау» (Атырау) — 0:0

«Шахтер» (Қарағанды)-«Қайсар» (Қызылорда — 0:1

«Оқжетпес» (Көкшетау)-«Ертіс» (Павлодар) — 1:0

24 сәуір күні «Қайрат» пен «Атыраудың» арасында алдағы 20-турдың кездесуі өтті. Алматылықтар 2:0 есебімен жеңді.

*   *    *

7-тур:

Бұл турда 10 гол соғылды. 1:0; 0:0 есептері екі реттен қайталанды. Ірі есеп нәтижесі тіркелген жоқ.

36 рет ескерту қағазы көрсетіліп, 4 футболшы жасыл алаңнан қуылды.

Ең шапшаң гол авторы — Никита Бочаров («Тобыл»), 8-минут.

Командаларға жеңіс әперген 2 гол қосымша минуттарда соғылды: Элгуджа Лобжанидзе, 90+2 минут («Тараз»); Роман Муртазаев, 90+2-минут («Астана»).

Әзірге «Астана» командасы ұтылыссыз ойнап келеді.

*   *   *

Сонымен алғашқы үш орында  бұрынғыша «Астана» (22 ұпай); «Тобыл» (16 ұпай); «Қайрат» (16 ұпай) тұр. «Астана» мен «Қайраттың» басқалардан бір-бір ойыны артық.

4-6 орын иелері де өзгерген жоқ — «Ордабасы» (12 ұпай); «Жетісу» (11 ұпай); «Қайсар» (11 ұпай).

7-8 орындарды 7 ұпайдан жинаған «Шахтер» мен «Оқжетпес» бөлісіп тұр.

9-10 орындарды 6 ұпайдан жинаған «Тараз» бен «Ертіс» еншіледі.

11-орынға 5 ұпайы бар «Атырау» жайғасты. «Атыраудың» басқалардан екі ойыны артық.

Еш ұпайы жоқ (-6) «Ақтөбе» 12-орында тұр. ФИФА шешімімен «Ақтөбе» командасынан 12 ұпай шегеріліп қалғанын еске саламыз.

*   *   *

8-тур ойындары 1 мамыр, сәрсенбі күні өтеді.

Бұл турда «Ақтөбе» Қарағандыда «Шахтер» командасымен кездеседі.

Басқа кездесулер:

«Атырау» — «Астана»

«Қайсар»-«Қайрат»

«Тобыл»-«Ордабасы»

«Ертіс» — «Жетісу»

«Тараз» — «Оқжетпес»

 Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button