Мереке

Эльбруста шаңғы тепкен әже

 Хромтаулық Роза Ярмухаметованың жасы жетпіске таяса да, әлі тың. Ол таң атысымен спорттық жаттығуларын жасап, немерелерді бағуға уақыт табады, қоғамдық жұмыстарға белсене қатысады. Жақында Роза әже Кавказ тауларының ең биік шыңы — Эльбрус бөктерінде шаңғы теуіп, саяхаттап қайтты.

Хромтаудағы татар-башқұрт этносының өкілі  Роза Ярмухаметованың мамандығы — мұғалім. Хромтау аудандық білім бөлімінде он бес жыл әдіскер болып қызмет еткен ол кейін Ақтөбе қаласында мұғалімдердің білімін жетілдіру институтында екі жылдай еңбек етеді. Алайда тәжірибелі педагог өзінің ұзақ жылғы еңбегінде Хромтау қаласында ашылған түзету кабинетінде науқас балалармен жұмыс жасаған сәттерін ерекше айтады. Себебі ол өзінің педагогикалық бай тәжірибесіне сүйене отырып, науқас балаларға ғана емес, олардың ата-анасы мен туыстарына да психологиялық жағынан қолдау көрсетіп, өмірге бейімдеуде аз еңбек етпеді, нәтиже шығаруға тырысты.

Менің отбасым үшін Қазақстан өз Отанымыздай болып кетті. Ресейдің Орынбор облысының Медногорск қаласынан жолдасым Ғазиз екеуіміздің Ақтөбеге жас маман әрі жас отбасы ретінде қоныс аударғанымызға қырық жылдың жүзі болды. Осында екінші қызымыз дүниеге келді. Бүгінде үбірлі-шүбірлі болып, тату-тәтті өмір сүріп жатырмыз, — дейді ол.

Отбасының тірегі, немерелердің сүйікті атасы Ғазиз Ярмухаметовтің ұлты — башқұрт, мамандығы — механик. Ол ұзақ жыл өндірісте еңбек етіп, зейнеткерлікке шықса да, жұмыстан қол үзген емес. Қазір тау-кен байыту комбинатында жетекші инженер-эколог.

Бүгінде Хромтау ауданында шамамен 100-ге жақын татар-башқұрт өкілдері тұрады.  Роза Ярмухаметова зейнеткерлікке шыққаннан кейін де қол қусырып отыруды жөн көрмей, аудандағы түрлі қоғамдық шараларға белсене қатысып жүр. Оның аудандағы білім саласы ардагерлер кеңесінің төрағасы екенін айтпағанда, зейнеткер түрлі спорттық марафондарда төбе көрсетеді, сахнада ән шырқайды, шейпингке қатысып, бассейнде жүзеді. Бір сөзбен айтқанда, салауатты өмір салтын ұстанады. Замандастарын өзі секілді скандинавиялық жүріске шақырады.

Немерелеріне өз қолымен шұлық, қолғап тоқып береді.

Газет-журналдарға жазылатын Роза әже зейнеткерлікке шықса да бұл әдетінен тайған емес. Ол мерзімді басылымдарды оқып қана қоймайды, өз атынан мақалалар да жазып, жас мұғалімдерге бағыт сілтейді.

Роза әже аудандағы дене шынықтыру және спорт кешеніне барып жаттығуды күнделікті әдетіне айналдырған. Қазір ол осындағы «Грация» шейпинг  командасының мүшесі. Айтпақшы, жақында бұл команданың мүшелері Алматы қаласында өткен халықаралық фестивальде бірінші дәрежелі диплом мен арнайы кубокты иемденіп қайтты. Осы топтың құрамында Роза әже де өнер көрсетті.

Сондай-ақ, кейіпкеріміз жеті жылдан бері Хромтау қаласындағы тау-кен байыту комбинатының Мәдениет үйі жанынан құрылған «Калинушка» халықтық хорының белсенді мүшесі. «Хордың репертуары әртүрлі. Орыс, қазақ, татар сияқты әртүрлі ұлттың әндерін шырқаймыз. Хормен ғана емес, жеке дауыста да  татардың ұлттық әндерін орындап, сахнада өнер көрсеткен сәттерім көп болды. Біздің хор бірнеше рет гастрольдік сапарларға шықты. Соңғы рет Ресейдің Домбар ауданында өнер көрсеттік», — дейді ол.

Биыл наурызда Р.Ярмухаметова Хромтау қаласында алғаш рет татар-башқұрт концерттік бағдарламасын ұйымдастырыпты. Мерекелік іс-шараның жоғары дейгейде өтуіне аудан әкімдігі ерекше қолдау танытқан. Бұл шараға ол Уфа қаласындағы  республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаты — «Караван-Сарай» башқұрт студиясын арнайы шақыртқан.

«Караван-Сарай» өнер ансамблінің жетекшісі — Башқұртстан Республикасының еңбек сіңірген артисі Вильдан Яруллин. Ол кісі жиырма жылға жуық уақытын  башқұрт халқының өнері мен мәдениетін сақтап, дамытуға арнап жүр. Бұл шараны біз Ақтөбе қаласының 150 жылдығы, Башқұртстан Республикасы автономиясының жарияланғанына 100 жыл және Хромтау ауданының 81 жылдығына арнап ұйымдастырдық. Сондағы мақсатымыз — екі ел арасындағы достық ынтымақтастықты нығайту, этномәдени бірлестіктерді сақтау әрі олардың жұмысын дамыту, сондай-ақ этникааралық келісімді қамтамасыз етіп қана қоймай, көршілес елдер арасындағы бейбіт әрі достық қарым-қатынасты сақтау, — деді кейіпкеріміз.

Роза Рамазанқызының айтуынша, татарлардың ұлттық музыкасы башқұрт, қазақ, ноғай халықтары музыкасымен сарындас. «Татарлардың тарихына терең үңілемін. Ертеректе татар музыкасы аспапсыз орындалатын бір дауысты ән негізінде дамыған. Әнмен, бимен, өлең-тақпақ араластырып орындалатын әзіл-сықақ әндер көбірек шырқалған. Татарлардың ұлттық музыка аспабына қурай аталатын сыбызғы немесе флейта тектес үрлемелі аспап жатады. «Караван-Сарай» ансамблінің өнерпаздары Хромтау жерінде осы қураймен өнер көрсетіп, жергілікті жұртшылыққа әдемі кеш сыйлады. Қурайдың үні құлаққа жағымды естіледі», — дейді кейіпкеріміз.

Роза әже жасы жетпіске жақындаса да, туристік сапарларға жиі шыққанды ұнатады. Жақында ол Ресейдің ең танымал төрт шаңғы курортында — Эльбрус, Чегат, Домбай және Архыз аймақтарында тынығып қайтты. Таудан төмен қарай шаңғы тепкен әженің сергектігіне қызыққандар көп болыпты.

Табиғат аясында тыныққанды жаным сүйеді. Әсіресе, бұрын-соңды көрмеген, баспаған жерлерге барып, сол аймақтың табиғатымен, жалпы географиясымен жақын танысқанды жақсы көремін. Жақында Кавказ тауларының ең биік шыңы, теңіз деңгейінен 4200 метр биікте орналасқан Эльбрус шыңының бөктерінде шаңғы тептім. Бұл менің осы аймақты өз көзіммен көрсем деген мақсатым еді. Туристік сапарға Уфадағы сыныптас құрбым Вера Никитана екеуіміз бардық. Сапарлату үшін зейнетақымды жинаймын, — деген Роза әже ойға алған ісіңді жүйелі қолға алсаң, одан нәтиже шығатынына сенім білдірді.

Кейіпкеріміз Бірлік күнін асыға күтеді. Бұл күні Роза әже отбасында татарлардың ұлттық тағамы — эчпочмакты әзірлейді. Әжесінің дәмдеп пісірген асын немерелері сүйсініп жейтін көрінеді.

Эчпочмак — біздің ұлттық тағамымыз. Үшбұрыштап пісірілетін бұл тағамның ішіне қой, қаз немесе үйрек еті, сондай-ақ пияз бен картоп салынады. Эчпочмакты ашыған, кейде ашымаған қамырдан да дайындай беруге болады. Ең бастысы — көмбелеп пісірілетін бұл тағамның салмасы шикі өнімдерден дайындалады. Ыстық тағам пештен шығарылғаннан соң, ортасындағы ашық тесіктерге тұздалған, бұрышталған бір немесе екі қасық ет сорпасы құйылады да, дайын өнімнің сыртына жұмыртқа жағылып, қайтадан отқа көмбеленеді. Әбден піскен эчпочмактың сыртына май жағылады, — деп Роза әже тағам әзірлеудегі тәжірибесімен де бөлісті.

Жаз шықса, балық аулайтын әжені туыстары көбінесе ауыл маңындағы өзен-көлдердің жағасынан табады. Қазірдің өзінде ол қармағын сайлап отыр.

Арайлым НҰРБАЕВА.     

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button