Басты жаңалықтарЖастар

«Жастар аренасы» спорт кешені ашылды

М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің жанынан  «Жастар аренасы» спорт кешені ашылды. Салтанатты шараға  облыс әкімі Оңдасын Оразалин, ҚР Трансплантация және жоғары технологиялық медициналық қызметті үйлестіру орталығының жетекшісі Жақсылық Досқалиев және әлем чемпиондары Галиб Джафаров пен Бақтыбай Қисықов қатысты.

Аумағы 10 мың шаршы метр болатын кешен Тұңғыш Президенттің бұқаралық спортты дамыту мақсатында елімізде 100 фитнес орталығын салу тапсырмасы бойынша іске қосылып отыр.

Облыс әкімі жастарды жаңа ғимараттың ашылуымен құттықтады.

Жастар жылы және Ақтөбе қаласының 150 жылдық мерейтойы аясында қалада түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр. Бүгін, міне, медициналық университет жаңа спорт кешенін сыйға тартуда. Бұл жастарға жігер, үлкен серпін береді.  Сіздердің ең басты міндеттеріңіз білім алу болса, екіншісі  — демалысты тиімді өткізу, дене шынықтырумен шұғылдану. Спорт — саулық кепілі. Сіздерді жаңа кешеннің ашылуымен құттықтаймын! Жақсы оқып, тәуелсіз еліміздің білімді азаматтары болуларыңызға тілектеспін, — деген облыс әкімі спортқа көңіл бөлгені үшін  университет басшылығына алғысын айтты.

Оңдасын Оразалин мен белгілі хирург Жақсылық Досқалиев кешеннің лентасын қиды. Жаңа ғимараттың ішін аралап көрді. Бұл жерде  жастардың спортпен шұғылдануына барлық жағдай жасалған. Волейбол, баскетбол және  шағын футбол ойнайтын алаңдар бар. Күрес және өзге де спорт түрі бойынша бірнеше секциялар жұмыс жасайды.

Апта басталғалы бұл жерде еліміз бойынша  Х жазғы универсиада ойындары өтіп жатыр. Қазақстанның барлық жоғары оқу орындарынан 15 команда қатысып, 150 студент жиналды. Жалпы медициналық университетте спорттың 20-дан аса түрі бойынша  26 секция жұмыс жасайды. Үш ойын спорт залы мен ауыр атлетика алаңы, шаңғы базасы бар.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button