Білім

Жаңғыру негізі — сапалы білім

Конференция

А.Досжанова атындағы конференц-холда «Медициналық біліктілікті үздіксіз дамыту» атты III халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Мақсабілім саласындағы әріптестікті дамыту.

Жиынға еліміздің әр аймағынан және  Ресей, Италия, Польша, Египет, Литва, Украина, Кувейт, Армения елдерінен 187 ғалым келді. Конференцияның ашылуына қатысқан облыс әкімі Оңдасын Оразалин аймақ медицинасының қарыштап дамып келе жатқанын айтты.

— Ілгеріден Ақтөбе медициналық институты еліміздің батысындағы ғылым мен білімі ұштасқан бірегей оқу орны болатын. Ал тәуелсіздік алғаннан кейін Елбасының көреген саясатының арқасында білім ордасы жаңа  сатыға көтерілді. Бүгін оқу орнын аралап жүріп, облыс медицинасының қаншалықты дамығанына көз жеткіздім. Студенттердің  заманға сай, жан-жақты  білім алуына барлық мүмкіндік қарастырылған. Бұл ретте ғалымдардың еңбегі зор, — деген облыс әкімі қатысушыларға сәттілік тілеп, университет басшылығына алғысын айтты. Шетелден келген қонақтарға ағылшын тілінде лебізін білдірді.

Жиында ҚР Трансплантация және жоғары технологиялық медициналық қызметті үйлестіру орталығының жетекшісі Жақсылық Досқалиев, Назарбаев университетінің медицина бойынша вице-пезиденті Массимо Пиньятелли, Еуропадағы медициналық білім беру қауымдастығының ресми өкілі Залим Балкизов сөз сөйлеп, бұндай басқосулардың медицина ғылымының дамуына тигізер ықпалы жөнінде әңгімеледі.

Университет ректоры Ербол Бекмұхамбетов оқу орнының барлық мемлекеттік сынақты үздік тапсырғанын айтып, оқытушылар мен студенттерді құттықтады.

Ғалымдар мен сарапшылар медициналық білім берудегі жаңа тәсілдер,  ғылымды ақпараттық қамтамасыз ету, симуляциялық технологиялар бойынша білім беру, автономия моделі бойынша жұмыс істеу тақырыптарында пікір алмасып, тәжірибелерін ортаға салды. Биыл Қазақстандағы алты жоғары оқу орны автономиялық басқару жүйесіне көшеді. Бұл жүйе бойынша басқару құқығы университет басшыларына беріледі. Жиында осы және өзге де мәселелер жан-жақты талқыланды.

Сондай-ақ облыс әкімі мен конференцияға қатысқан ғалымдар университетті аралап, зертхана жұмыстарымен танысты. Еліміздің бес облысына маман даярлайтын оқу орны жоғары технологиялық жабдықтармен жарақталған. Мәселен, Германиядан әкелінген құрал-жабдықтар адам денесіндегі қатерлі ісікті бірден анықтайды. Жаңадан ашылған морфологиялық лабораторияда студенттер клиникалық деңгейде зерттеу жүргізе алады. Жалпы оқу орнында жастардың ғылыммен шұғылдануына барлық мүмкіндік қарастырылған. Биыл университет осы мақсатқа  200 миллион теңге қаржы бөліп, 15 ғылыми жобаны қолға алыпты. Университеттің тыныс-тіршілігімен танысқан облыс  әкімі студенттермен кездесті, оқу жайын сұрады.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button