Мәдениет

Өнерлі әулет — ауыл сахнасында

Ақтөба қаласының Астана ауданына қарасты Сазды елді мекеніндегі Мәдениет үйінде «Отбасым — асыл қазынам» деген атаумен Ниязбековтер отбасылық ансамблінің шығармашылық кеші өтті.

Кеш Ақтөбе қаласының 150 жылдығына арналған көрініспен ашылды. Бағдарлама барысында көрермен халық күйлері мен әндерінен сусындап, эстрадалық әндер тыңдады.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған концертке Астана ауданы әкімі аппаратының әлеуметтік сала бөлімінің басшысы Ботагөз Бисенова қатысып, аудан әкімі Бағжан Тілегеновтің атынан өнерлі отбасына Алғыс хат пен ықылас гүлін табыстады.

— Ниязбековтер отбасылық ансамблі 2014 жылы «Сазды» мәдениет үйінің жанынан құрылған болатын. Биыл құрылғанына 5 жыл. Осыған орай өткенімізді саралап, келешегімізге көз тастау мақсатында шығармашылық кешімізді беруді жөн санадық. Ансамбль құрамында өзімнің 6 балам және жолдасымның 3 қарындасы бар. Барлығы шетінен өнерлі. Ендігі мақсатымыз — аудандарды аралап, жеке қайырымдылық концертімізді беру, — дейді ансамбльдің көркемдік жетекшісі  Мирамгүл Алпысова.

Концерт барысында Байғанин ауданынан арнайы келген Алпысовтар отбасылық ансамблінің көркемдік жетекшісі Алтынбек Алпысов әннен шашу шашты.

Шара соңында өнерлі отбасына қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің  Алғыс хаты табысталып, гүл шоғы ұсынылды.

Ал «Сазды» мәдениет үйінің басшысы Жансәуле Кемерова өнерлі отбасына шығармашылық табыс тілей келе, Ниязбековтердің сахналық киімдеріне демеушілік жасаған «Сәукеле», «Роза» тігін шеберханаларына алғыс білдіріп, гүл шоқтарын табыс етті.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button