Жаңалықтар

Дін ұстыны — бірлік пен тұрақтылық

Бүгінде облыста 68 мешіт бар. Мешіттерде 104 имам еңбек етіп жатыр, олардың 70 пайызға жуығы — жоғары және арнайы оқу орындарын бітірген мамандар. Мешіттерді мамандармен қамту мәселесін алдағы 5 жылда шешу жоспарланған.   

Бұл жөнінде кеше облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің ақтөбелік имамдармен кездесуі кезінде айтылды. Жиынға, сондай-ақ, облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының орынбасары, наиб мүфти Алау Әділбаев, облыстық дін істері басқармасының басшысы Әлімбек Тұралиев қатысты.

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин жиында сөйлеген сөзінде дін саласы қызметкерлерінің еліміздегі ынтымақ-бірлікке, тұрақтылық пен қауіпсіздікті сақтауға қосар үлесі зор екенін атап өтті.

— Сіздер күнделікті мешіттегі қызмет барысында да, одан тыс уақытта да халықпен қоян-қолтық араласып, тікелей жұмыс жасайсыздар. Халықты бірлікке, соның ішінде дін бірлігіне үндеп, қоғамның басты қазынасы болып саналатын тұрақтылықты нығайта түсуге үлес қосады деп, өздеріңізден зор үміт күтеміз. Бұл орайда, әрине, имамдар біліктілігін арттыру мәселесінің маңызы зор. Сондықтан, ең алдымен, осыған көңіл бөлінуі керек, — деді ол.

Облыс басшысы ақтөбелік имамдардың көптеген қайырымдылық істерге ұйытқы болып, тұрмысы төмен отбасылар мен мұқтаж жандарға көмек ұйымдастыруды жолға қойғанын атап өтті. Айта кетелік, осы жиында наиб мүфти Алау Әділбаев келтірген мәліметтерге сай, өткен жылы ҚМДБ-ның облыстық өкілдігі тұрмысы төмен жандарға жалпы құны 20 миллион 487 мың теңге көлемінде көмек ұйымдастырып, оған қоса 17 тонна азық-түлік таратқан.

Облыс басшысы, сонымен қатар, жат ағымдар жетегінде жүрген азаматтарға қатысты алаңдаушылығын жеткізді.

— Жат ағымдар жетегінде кеткен жерлестеріміз, бір кездері, негізінен, жастар еді. Бүгінде сол жастардың балалары да өсіп келеді. Ата-аналары оларға қандай үгіт-насихат айтып, қай жолға бағыттайды? Бұл мәселе бізді қатты толғандыруы тиіс. Жат ағымдар жетегінде кеткен қандастарымыздың бетін дәстүрлі исламға бұру жолындағы жұмыстарды әлі де жандандыра түсу керек. Бұл мақсатта әр аудан, әр елді мекендегі жағдайды талдап, соны негізге ала отырып, нақты міндеттерді айқындау қажет, — деді Оңдасын Сейілұлы.

Жиында наиб мүфти Алау Әділбаев облыстағы мешіттерді мамандармен қамту, имамдар біліктілігін арттыру бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, қазір жергілікті жастар арасынан мамандар даярлау мәселесіне айрықша көңіл бөлініп отыр. Еліміздегі дін саласында жоғары білімді маман даярлайтын бірден-бір оқу орны — Алматыдағы Нұр Мүбәрак университетінде 49 ақтөбелік жас білім алып жүрсе, биыл солардың 8-і диплом алып, өңіріміздегі мешіттерге жұмысқа шақырылады.

ҚМДБ-ның Ақтөбе облысы бойынша өкіл-имамы, облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің бас имамы Төлеби Оспан аймақ басшысына имамдар біліктілігін арттыру, діни жоралғыларды бір ізге түсіру, т.б. бағыттарда жасалып жатқан істер мен алдағы жоспарлар жөнінде баяндады.

— Имамдарға жергілікті атқарушы билік тарапынан әрдайым қолдау көрсетіліп келеді, — деді ол.

Бас имам діни жоралғыларды бір ізге түсіру, сондай-ақ, халық пен мешіттер арасындағы байланысты нығайта түсу үшін, «Діни рәсім» мобилдік қосымшасы әзірленіп жатқанын айтты. Оның таныстырылымы жақын уақытта өтпек.

Жиын соңында Оңдасын Оразалин имамдардың алдағы жұмыстарына сәттіліктер тіледі.

— Биылғы рамазан айының басталуына аз уақыт қалды. Қасиетті рамазан айында мешіттерде халқымыздың ынтымақ-бірлігін арттыра түсу жолындағы істерге көбірек мән беріледі деп сенеміз, — деді облыс әкімі.

Индира ӨТЕМІС.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button