Мәдениет

Ғазизаның жеке концерті өтті

 Жақында  «Жұбановтар әлемі» мәдениет және өнер шығармашылығы орталығында республикалық және халықаралық байқаулардың бірнеше дүркін Гран-при иегері, жас өнерпаз Ғазиза Қалмағанбетованың «Музыка әлемінде» атты жеке концерті өтті.  Оқушылар сарайының музыка факультетінің 6-сынып оқушысы Ғазизаның кешіне өнерді шын құрметтейтін таңдаулы тыңдарман келді. Кеште әлемдік классика мен қазақ композиторларының шығармалары орындалды.

Ғазизаның әкесі Бижан Қалмағамбетовтің айтуынша, кішкентай өнерпаз бала кезден музыкаға құштар болған.

— Көптеген ойыншықтарының арасындағы кішкентай пианино ойыншығын жақсы көрді, соны қолынан тастамайтын. Мұның барлығын қалт жібермейтін, бала жанын ғажап түсіне білетін педагог, Ғазизаның бала күтушісі Людмила Сутягина баланы музыкалық үйірмеге апаруға кеңес берді. Осылайша алтыға да толмаған кішкентай Ғазиза қалалық оқушылар сарайының музыкалық факультетіне қабылданып, белгілі педагог Елена Карловна Сутердің фортепиано класында білім ала бастады, — дейді ол.

Ғазизаның қоржынында жеңістер мен жетістіктер көп. Бірнеше халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаты. 2017 жылы Чехияда өткен  «Салют талантов» халықаралық жобасының «Очарование Богемии» байқауында Ғазиза Қазақстанның атынан қатысып, бірінші орын алды. Қазылар алқасының мүшесі — Прага консерваториясының ұстазы Елена Носкова Ғазизаның жасы кішкентай болса да, виртуозды орындаушы екендігін, пианинода ойнауды шеберлікпен меңгергенін айтып, талантты балаға 14 жасқа толғаннан кейін өзі жұмыс істейтін оқу орнына тегін оқуға ұсыныс айтты.  Ал белгілі қазақ композиторы Кеңес Дүйсекеев Ғазизаның бірегей талантына ризашылығын білдіріп, оған «Шабыт» Қазақ Ұлттық университеті жанындағы мектепке оқуға түсуге кеңес берген.

Әрине, Ғазизаның өзі де кәсіби деңгейде музыкалық білімін жалғастырғысы келеді. Ата-анасы да баланың арманына шектеу қоймақ емес. Алайда әзірге Ғазизаның оқушылар сарайының музыкалық факультетін ғана емес, мектебін де тәмамдауы керек. Сондықтан Ғазизаның алдында өз талантын ұштап, шеберлігін шыңдауына апаратын ұзақ жол жатыр…

Ғазизаны құттықтауға келгендер арасында облыс, қала басшылығы да болды. Облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов, қала әкімінің орынбасары Айгүл Арынғазиевалар кішкентай өнерпазға жұлдызының жарқырай беруіне тілектестігін, ықыластарын білдірді.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button