Басты жаңалықтарРухани жаңғыру

Ер Едігеге белгі қойылды

«Едіге патшалық құрған күндер сан ықылымдағы нұрлы сәуле болса, ол салтанат құрған түндер замана кейпіндегі арайлы шапақ болды».

Ибн Арабшах, ХІV ғасыр.

Өткен аптада Ақтөбе өңірінде Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының екі жылдығы мен «Едіге батыр» эпосының 600 жылдығына орай бірқатар қоғамдық-саяси, көпшілік-мәдени шаралар ұйымдастырылды. Қала орталығында Ер Едіге даңғылы ашылып, С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінде «Едіге батыр» эпосы және ұлттық руханият» атты халықаралық конференция өтті. Конференция қонақтарын облыс әкімі Оңдасын Оразалин қабылдап, батырдың тұлғасын зерттеу жауапты іс болғандықтан әлде де зерттеп зерделеу қажет екендігін айтқан болатын. Өткен жұмада едігетанушылар Байғанин ауданында болды.

Қазақ әдебиетіне дарындар шоғырын сыйлап, басқа салаларда да перзенттерінің аты озған  Байғанин ауданы конференция қонақтарын ыстық ықыласпен қарсы алды.

Алдымен қонақтар Т.Жармағамбетов атындағы орта мектептің ғимаратында болып,  кейін коворкинг орталығы мен шығармашылық орталығы ғимараттарын аралап көрді. Бұдан соң аудандық музейде киелі өлкенің тарихымен танысқан конференция қонақтары түстен кейін «Едіге жалына» қарай жол тартты.

Шараны ұйымдастырушылардың бірі, С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің президенті, философия ғылымдарының докторы, профессор Бекежан Аханның айтуынша, Едіге батыр туралы жүргізілген зерттеулер батырдың Байғанин ауданының аумағында жерленгендігін растайды.

— «Едіге батыр» эпосының шыққанына 600 жыл болыпты. Әдетте, біз күнделікті күйбең тіршілікпен жүріп, көп нәрсенің байыбына бара бермейміз. «Едіге жалы» деп күнделікті өмірде айтқанымызбен, осы жерде Ер Едігенің жатқаны ешқайсысымыздың есімізге келмеген. Бұл тұрғыда , «Едіге жалы» деген атауға мән беріп, ғылыми тұрғыда назар аударған профессор Жұбаназар Асановтың еңбегі зор. Ол үшін оған үлкен алғыс айтамыз.

Бүгін Ер Едігенің басына белгі қойдық.  Біздің ендігі міндетіміз — батырдың басына белгі қоя отырып, осы тұжырымды ғылыми айналымға енгізу. Егер шын мәнінде тарихи-филологиялық тұрғыда бұл жерде Ер Едігенің жатқаны нақтыланса, бұл тек Ақтөбе жұрты үшін ғана емес, тұтас түркі әлеміне ортақ олжа болары сөзсіз, — деді Бекежан Ахан.

Сөйтіп, «Едіге жалында» Ер Едігеге белгі қойылды. Онда «Ер Едіге (1356-1419) Алтын Орданы 17 жыл билеген әмірші» деп жазылып, ибн Арабшахтың Едіге батырға қатысты айтқан мына бір сөздері жазылған:

«Едіге патшалық құрған күндер сан ықылымдағы нұрлы сәуле болса, ол салтанат құрған түндер замана кейпіндегі арайлы шапақ болды».

Ал қасына арнайы қорапша жасалып, Ер Едігенің құлаған мазарынан қалған тастардың бөлшектері салыныпты.

Сонымен қатар, қорымды мал аяғы баспас үшін арнайы темір қоршаумен қоршады.

— Бұл жерде Едіге батырдың жатқандығына көптеген негіз бар. Дегенмен егер бұл мола Ер Едігенің моласы болмаған жағдайдың өзінде ХV ғасырдан қалған құнды жәдігерді қорғап қалу үлкен адамгершілік іс деп есептейміз, — дейді Бекежан Ахан.

Едігетанушы, филология ғылымдарының докторы Жұбаназар Асановтың айтуынша, Байғанин ауданындағы «Едіге жалы» төбесіндегі «Едіге моласы» дейтін моланың кірпішін археолог, профессор Рахым Бекназаров XIV-XVI ғасырға жатқызған. Сондай-ақ батырдың сүйегінің дәл осы жерде жатқандығын Ресейдің 1869, 1904 және 1983 жылғы әскери карталарынан да көруге болады.

Байғанин жұрты форум қонақтарын «Едіге жалында» алты қанат киіз үй құрып қарсы алды. Алдымен сөз алған аудан әкімі Асқар Шериязданов:

Тарихы тереңде жатқан Байғаниннің киелі жері Едігенің жалында басқосуымыздың үлкен себебі бар. Үш күннен бері облыс орталығында 17 жыл бойы Алтын Орданы билеген даңқты қолбасшы  Ер Едігенің ұлықтауына арналған шаралар өтіп жатыр. Ал бүгін батырдың рухына тәу етіп, Бекежан Аханұлының бастамасымен басына белгі орнатылды. Алдағы уақытта облыс әкімінің тапсырмасына сай бұл жерде Едіге батырдың жатқандығы толықтай зерттелетін болады, — деді.

«Едіге жалының» басындағы тарихи жиынға мола іргесіндегі ауылда тұратын жастары 100-ге таяп қалған Ығылман Көшімов пен Сағымбай Мұқанов ақсақалдар қатысып, өздері білетін деректермен бөлісті.

— Көп нәрсені ұмытып қалдық қой. Бірақ біздің бала кезімізде бұл төбені Айыртам деп атайтын. Алыстан қарағанда тамның ортасы түгелдей құлап қалған, екі бөлік болып тұратын. Кірпіштері де өзгеше, ірі кесекті болатын. Биіктігі шамамен 4 метрден биік болмаса кем болмаған еді.  Бұл маңда ондай ірі кесекті күйдірілген кірпіштен қаланған басқа мола жоқ. Сол кезде ауыл үлкендері бұл төбені «Едіге жалы» деп атап, осы жерде Едігенің моласы бар деп айтатын, — дейді жасы тоқсанның төртіне келген Ығылман ақсақал.

Ал батырдың моласына барған әзірбайжандық профессор Галиб Амирага оглы Едіге моласына қатысты келесідей пікір білдірді.

— Біздің Қазақстанға ат басын бұруымыздың басты себебі — түркі халықтарына ортақ «Едіге батыр» эпосының шыққанына 600 жыл толыпты. Осыған орай Сақтаған Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінде халықаралық деңгейде ғылыми конференция ұйымдастырылып, жиын барысында көптеген өзекті мәселелер қозғалды.

Едіге — тек қазақ немесе әзірбайжан емес, түркі халықтарына ортақ тарихи-қаһармандық бейне. Оның эпосының бірнеше тілде болуы, және оның аударма емес, әр ұлтта дербес шығарма болуы оның баршамызға ортақ екендігін дәлелдейді. Бүгін Едіге батырдың моласына келіп, оның рухына Құран бағыштау бұйырыпты. Батырдың осы жерде жатқандығын эпостан-ақ аңғаруға болады. Өйткені топонимдер, гидронимдер  — барлығы сәйкес келеді. Әрине, ол алдымен Аллаға аян, дегенмен біз осы жерде батырдың жатқандығына сенімдіміз, — дейді Галиб Амирага оглы.

2016 жылы Едіге батырдың қаза тапқан жері Мәртөк ауданы Құрманасай ауылының тұсында «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» халықаралық жолының бойындағы биік төбеге аудандық әкімдіктің ұйытқы болуымен белгітас қойылды.

Ер Едіге — әлемге әйгілі тұлға. Едігетанушы Жұбаназар Асановтың айтуынша, Едіге біздің даңқты мемлекетіміздің іргесін қайта бекітуге бар ғұмырын арнап, бар күшін жұмсады. Ол билік құрған жылдары Ақсақ Темір қайта шабуыл жасауға батпаған. Сол заманның тарихшыларының жазуынша, Темір әлденеше рет оқталғанымен батпапты. Едіге — барша түркі халықтарының сүйіктісі. Оны жырдың барлық нұсқаларындағы «Едіге деген ер еді, Ердің қамын жер еді» деген жолдарынан ақ аңғаруға болады.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұлы тұлғаларды ұлықтау арқылы өскелең ұрпақтың санасын қайта жаңғырту сауапты іс. Біздің орталықтың басты ұстанатын қағидасы да осы. «Едіге батыр» эпосының 600 жылдығына орай халықаралық деңгейдегі конференцияның басты үйлестірушісі — Бәйішев университеті жанынан ашылған Рухани жаңғыру орталығы. Шараның бірінші күні облыс орталығында конференция өткен болатын. Ал ғылыми-практикалық конференцияның жалғасы ретінде қатысушылар «Едіге жалына» келді, — дейді Рухани жаңғыру орталығының директоры, филология ғылымдарының кандидаты Мұхтар Миров.

Р. S. «Едіге жалындағы» кеңесте келелі мәселелер қозғалды. Бұл күні батырдың басына белгі қойылып, аруағына Құран бағышталып, мал сойылды.  Тарихи тұлғаны өскелең ұрпаққа кеңінен таныту мәселесі сөз болды. Десе де тек қазақ халқына ғана емес, барша түркі халықтарына ортақ батыр тұлғасы әлі де толық зерттеуді қажет ететіндігін айтып тарқасты ғалымдар. Егер батырдың сүйегі дәл сол жерде жатқандығы дәлелденсе, бұл тек қазақ халқы үшін ғана емес барша түркі халықтарына ортақ тарихи жаңалық болары сөзсіз.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button