Ақтөбе — 95

Күндей күркіреген соғыс жылдарында

 

Облыстық газет бұдан 75 жыл бұрын

Тұтқиылдан тұтанған соғыстың төртінші жылы өтіп жатты. Елде соғыс жағдайының заңы пәрмен алып тұрды. Латын қарпінен ың-шыңсыз кириллицаға көшкен «Социалистік жол» газетінің бетінен де осы аңғарылады. Тақырыптар «Бәрі майдан үшін!» , «Жеңіс үшін!» деп ұрандап тұр. Тіпті жай мақалалардың өзі басқаша атала бастаған. Мысалы, газеттің 1944 жылғы 4 қаңтар күнгі көлемді бір мақаласына «Трактор ремонты соғыстағыша жүргізілсін» деген тақырып берілген.

Газет кіші форматпен екі бетке көшкен, сиректеу төрт бет ұшырасады. Әр нөмірдің бірінші бетінде Жоғарғы Бас Қолбасшының бұйрығы, Совет информбюросынан әр күнгі ұрыстардың мәліметі үзбей жарияланып тұрған. Жауапты редактор

Қ.Қожамұратов қол қойып отырған газеттен  Тілеужан Шойғарин сынды, кейін белгілі журналиске айналған есімі таныс бірқатар қаламгерлерді де көзіміз шалып қалды.

Бұл жылдардағы облыстық газет бетіндегі қай мақаланы оқысаң да, соғыстың лебі, ызғары еседі. Тылдағы жанқиярлық еңбекті, қапыл тыныс-тіршілікті сезінесің…

СОВЕТ ИНФОРМБЮРОСЫНАН

2 январьдағы ұрыстар мәліметі

2 январьда әскеріміз Новельдің солтүстігін және солтүстік-батыс жағында шабуыл ұрыстарын жүргізуде болды, оның барысында  40-тан аса елді пункттерді алды, олардың ішінен Верхитко, Махны, Барканы, Бугаевка, Кубок, Рожново, Жуково бар.

1-Украина майданының әскерлері шабуылды дамыта отырып, Житомир облысының аудан орталықтары Мархлевск, Трояновты ұрыспен алды. Сондай-ақ 150-ден аса басқа да елді пункттерді алды, олардың ішінде Радовель, Мокякки, Кулиши, Слободка, Андреевичи, Немелянка, Ужачин, Романовец, Броники, Черныца, Дзигуника, Каменный брод, Дерманка, Прутовка, Желтый брод, Денеши, Железнякий, Гвоздава, Рея, Семаки, Хажин, Желева, Флориановка, Губин, Овсяники, Степанки, Черемошное, Маликки, Борщановка, Мармулиевка, Рубченки, Рогозна, Городише, Черепин, Лобачев, Фастовка, Щербаки, Фесюри ірі елді пункттері және теміржол станциялары Дровяной пост, Радовельская, Пояски, Веровка, Рыхальская, Вершиннца, Кордышевка бар.

Майданның басқа учаскелерінде барлау және артиллерия-миномет атыстары болып тұрды.

1 январьда әскерлеріміз барлық майдандарда немістің 85 танкін құртты, жойды.

Әуе ұрыстарында және зенит артиллериясының оғымен дұшпанның 11 самолеті атып түсірілді.

МЕМЛЕКЕТКЕ АСТЫҚ ТАПСЫРЫП ЖАТЫР

 Ойыл ауданының бірқатар колхоздары декабрьдің соңғы 10 күні ішінде мемлекетке астық тапсырудың қарқынын күшейте түсті. Соңғы 5 күндікте «Қызыл керуен», «Бабатай», «Сарыкемер», «Құмқұдық», тағы басқа да бірнеше колхоздар мемлекетке жаңадан бірнеше ондаған центнер астық өткізді.

«Бабатай» колхозынан 1941 жылдың егінінен бастырылмай қалған зорат табылды, қазір бұдан 20 центнер астық мемлекетке тапсырылды. «Сарыкемер» колхозынан да осы сияқты 4 зорат астық табылды. Бұл колхоздардың председательдері осы астықты бастырып, мемлекетке тапсыру шарасын қолданбаған.

Н. ЖАРЫЛҒАС.

(«Социалистік жол»,№3, 4 қаңтар 1944 жыл).

 КОЛХОЗШЫЛАР ҚОСЫМША ЕҢБЕКАҚЫ АЛДЫ

 Жұрын ауданының «Сулыаша» колхозының (колхоз председателі Досқарин) колхозшылары колхоздың мал шаруашылығын өркендету жолында қажырлы еңбек етті. Төлді аман өсіріп, мал шығынын мүлде азайтты. Малдың жазғы жайылысын жақсы ұйымдастыруды және малға керекті қысқы азықты жеткілікті даярлады. Сонымен қатар шабылған шөптің бәрін дерлік қора қасына тасып алып, малды жайлы, таза қорамен қамтамасыз етті.

Колхоз малын өсіруде ферма бастығы Шоқпытов, Құлынтаева, Сатаева, Қозыбаева, Шоқпытова жолдастар әсіресе белсенді еңбек істеді. Соның нәтижесінде колхоз мал өсірудің мемлекеттік планын мүйізді ірі қара жөнінен

103 процент, жылқы жөнінен 102 процент, қой мен ешкіден 103,5 пайыз орындады.

Сондай-ақ колхоз мемлекетке малдан өнетін продукциялар жөніндегі борыштарын да түгел өтеді.

Осындай қажырлы еңбегі үшін колхоз Құлынтаеваға 700 литр сүт, 25 килограмм ет, Сатаеваға 400 литр сүт, 15 килограмм ет, Қозыбаеваға 500 литр сүт,

18 килограмм ет және Шоқпытоваға 270 литр сүт, 18 килограмм ет қосымша еңбекақы төледі.

«Сулыаша» колхозының колхозшылары қазір малды күйлі бағып тұр.

М.МЕДЕУБАЕВ.

 ТАҒЫ ДА АЛТЫҚАРАСУ МТС-Ы ТУРАЛЫ

Мастерскойдың қасында ремонт күтіп ондаған трактордың тұрғанына  3 ай болды. Бірақ, МТС директоры Маманов, бас механик Ақмамбетов жолдастар ремонт жұмысын әлі жолға қойған жоқ. Мұнда декабрь айында 7 трактор ғана ремонтталды. Сөйтсе де, МТС басшылары 9 трактор ремонтталды деп ақпар берген.

Тракторды дер кезінде сапалы ремонттау үшін механикалық кадрлардың қажырлы еңбегі, мастерскойдағы көптеген станоктар, двигательдер жұмысы үздіксіз істеуі керек. Көне запас бөлшектерді жаңғырту, ішкі мүмкіндіктерді толық пайдалану керек. Алтықарасу МТС-ның мастерскойы бұл жөнінде мардымды нәрсе істеген жоқ. МТС-тың ремонт жұмысына  көмектесуге міндетті Шұбарқұдық депосының басшылары да құрғақ уәдемен жүр.

МТС-тың есебі бойынша аттестат алған 100-ден артық  трактористер, комбайнерлер бар. Жұмыс графигі бойынша мастерскойда 8 бригада – 48 ремонтшы жұмыс істеуге тиіс. Бірақ, мұнда 4 бригада ғана бар, оларда 24 адам жұмыс істейді. Басқалар да ремонтқа бекітілмей өз бетінде жүр. МТС коллективінде еңбек тәртібі нашар, жұмысшылардың бірқатары жұмысқа кешігіп келеді.

МТС жанындағы бастауыш партия ұйымы ( секретары Әжікенов) жұмысшылар арасында үгіт-көпшілік жұмысын нашар жүргізеді. Коммунистердің өндірістік белсенділігі де нашар. Партия мүшесі Исанқұлов Боранбай ремонт жұмысына 2-3 күн дәлелсіз қатыспаған.

Ойыл аудандық партия комитеті  МТС жұмысы жөнінде сырттан ақпар алумен қанағаттанып отыр. Колхоздардағы трактористердің ремонт жұмысына түгел қатынасуына да көмектеспейді.

Аудандық партия комитеті мен совет аткомының басшылары жайбарақаттықты қойып, МТС-тың трактор ремонтының қарқынын күшейту жөнінде шұғыл шара қолдануы керек.

Ж. НҰРҒОЖИН.

(«Социалистік жол», №5, 7 қаңтар  1944 жыл).

 13 ҚАСҚЫР СОҒЫП АЛДЫ

Шалқар ауданының колхоздарында қоғамдық малды қасқырдан аман сақтау үшін күрес жақсы жүргізілуде.

Жақында «Қорғантұз» колхозының қой фермасының қорасына түскен 2 қасқырды бригадир Алмағанбетов және күзетші Қыдырбаевтар атып алды, сөйтіп, ферма қойын аман сақтады. Сондай-ақ Крупская атындағы колхоздың сиыр фермасының қорасына түскен бір қасқырды күзетші Есіркегенова және Есіркегеновтер ұрып алды.

«Екпінді» колхозының мүшесі Бейімбетов жолдас қоғамдық малды қасқырдан аман сақтауда көп еңбек сіңіруде. Ол осы қыс бойында бір өзі 10 қасқыр соғып алды.

Үкімет қаулысына сәйкес қасқыр соққан Бейімбетов жолдасқа аудандық совет аткомы 5 қозы, Қыдырбаев жолдасқа 2 қозы сыйлық беруге ұйғарды.

ҚАЛПЕНОВ.

(«Социалистік жол», №21, 30 қаңтар 1944 жыл).

 ЖАУЫНГЕРЛЕРГЕ СЫЙЛЫҚ

 Ақтөбе өнеркәсіп базасының коллективі батыр Қызыл Армияның 26 жылдығы құрметіне арнап, көптеген сыйлықтар әзірледі. Бұл жұмысты ұйымдастыруда бастауыш партия ұйымы басшы болды.

Коллектив майдандағы  жауынгерлерге сыйлыққа 11 жеке посылкалар әзірледі. Ол посылкаларға бірнеше килограмм шошқа майы, консерві, арақ, пряниктер, жақсы темекі, жылы носки, қолғап, одеколон, қол орамал, тағы басқа нәрселер салынған.

Қызыл Армия жауынгерлеріне сыйлықтар жіберу ісіне, әсіресе, «Инпошив» мастрескойының және пиво заводының жұмысшылары мен қызметшілері белсене қатысты.

О.ФЕДОРОВА.

 АТАҚТЫ ТАРЫШЫ АШАНБАЕВТЫҢ ӘЗІРЛІГІ

 Ырғыз. Темірастау советінде «Жаңа тұрмыс» колхозының Берсеевші звеновойы Ашанбаев Өксікбай егіннен мол өнім алып жүрген алдыңғы қатарлының бірі. Ол өткен 1943 жылы суармалы егістің әрбір гектарына 1208 пұттан астық алды. Сөйтіп, Сталин жолдасқа жазған хатта алған міндеттемесін абыроймен орындады.

Атақты тарышы Ашанбаев қарт басқарған берсеевші звено 1944 жылы да егіннен мол өнім алу үшін қызу әзірленуде.

Бұл звено 6 гектар сулық егісін салып, шығырмен суарғалы отыр. Звеноның мүшелері қазір өздерінің жұмысына кірісті. Қазірдің өзінде звеноға бекітілген сулық егіске 1000 шита құрылып қар тоқтатылды.

Ашанбаевтың звеносы өзіне бекітілген сулық егістің учаскесіне 10 центнер көң, 500 гектар күл әзірлеп, қазірдің өзінде егістік жердің басына тасып қойды. Алдағы жылы егіске сапалы тұқым әзірлеп отыр. Даярланған тұқымды тазартып, шығымдылығын тексеру үшін жіберді.

Звеноға керекті шаруашылық құралдарды, шығыр, сабан, тағы басқаларды толық ремонттан өткізді. Жұмыс көліктері күтімге қойылды.

Атақты тарышы Өксікбай қарт Қызыл Армияның жеңісті шабуылдарының құрметіне жанқиярлық еңбек етіп алдағы жылғы егіннен мол өнім алуға уәде беріп отыр.  Ол 1944 жылы  өзіне бекітілген 6 гектар жердің  1 гектарынан — 1280 пұттан, 2 гектарынан — 909 пұттан, ал қалған 3 гектарынан 800 пұттан өнім алуға міндеттеме алды. Қазір Ашанбаев Өксікбай аталған міндеттемелерін абыроймен орындау жолында күресуде.

Ш.ГАЛИУЛЛИН.

(«Социалистік жол», №23,  2 ақпан 1944 жыл)

 700 АРБА КӨҢ, КҮЛ ЖИНАЛДЫ

 «Жаңатаң» колхозының (Мартук ауданы) мүшелері Бүкілсоюздік социалистік жарысқа қосылып, көктем егісіне әзірлікті күшейтуде. Бұл колхоз 13 сабан, 40 пар тырма, 80 қамыт және басқа  да тіркеу құралдарын толық өткізді. Жазғы іске пайдаланылатын 25 жылқы, 10 түйе, 150 өгіз күтімге қойылды.

1000 гектар егістік жерге қар тоқтатылды, 700 арба көң, күл және басқа минералдық заттар жиналды. «Жаңатаң» колхозы агрономдық шараларды кең қолдана отырып, 1944 жылы 1644 гектар — қырлық, 40 гектар — суарма және 16 гектар огород-бақша егістерін салуға әзірленуде.

М.МЕДЕУБАЕВ.

(«Социалистік жол», №31,13 ақпан 1944 жыл).

 Облыстық мұрағаттар материалдары бойынша әзірлеген Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button