Мәдениет

Біздің «Шашу» Орынборда өнер көрсетті

Қазіргі таңда «Шашу» халықтық отбасылық ансамблінің гастрольдік сапарлары елімізден бөлек, көршілес мемлекеттерде де жалғасып жатыр. Сондай-ақ, өздерінің балаларынан бөлек, 16 ұл-қызды бауырына басқан Өмірхан Жетесов пен Амангүл Ешпанованың өнерлі шаңырағы Отбасы күнінде жерлестеріне есеп бермек ойда.

Елімізге өнері ғана емес, балаға деген мейірімімен де белгілі отбасылық ансамбль 2004 жылдан бері сахнада өнер көрсетіп келеді. Облыстық халық шығармашылығы орталығы жанынан құрылған «Шашу» — ұлттық өнерімізді, соның ішінде дәстүрлі әніміз бен күйімізді дәріптеп келе жатқан өнер ұжымы.

Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы ұлттық тарихымызға терең үңіліп, төл өнерімізді, салт-дәстүрімізді насихаттауға және мақтан етуге шақырады. Осы орайда «Шашу» халықтық отбасылық ансамблі қазақтың көне аспаптарын насихаттауға зор үлес қосып келеді. Ансамбльде балаларымыз домбыра мен қобыздан басқа, қазақтың шертер, шаңқобыз, асатаяқ, сырнай, сазсырнай, сыбызғы, дауылпаз, тұяқтас, басқа да аспаптарында ойнайды. Фольклорлық туындылармен қатар, халық әндерін, күйлерін, қазақстандық композиторлардың шығармаларын орындаймыз. Шүкір, ұл-қыздарымыз көптеген байқаулардан жүлделі оралып жүр. Барлығы Қазанғап атындағы балалар өнер мектебінде оқиды, — деген ансамбльдің көркемдік жетекшісі Амангүл Ешпанова жылына бірнеше концерт өткізуді дәстүрге айналдырғанын қосты. Айталық, олар 22 ақпанда «Өнерге құштар әулетпіз», ал

14 наурызда «Шуағын шашқан шаңырақ» атты есеп беру кештерін ұйымдастырған. Жақында арнайы шақырту бойынша көршілес Орынбор облысына барып қайтты.

— 20 сәуір күні Орынбордағы біз сияқты отбасылық ансамбльдердің концертіне қатыстық. Біз үшін, әрине, бұл — қуанышты жағдай. Бір жағынан, сондағы қандастарымызға әдемі кеш сыйладық. Енді Ырғыз, Шалқар, Әйтеке би, Хромтау, Алға, Қобда аудандарына және Маңғыстау облысына концертпен бару жоспарымызда бар. Ал Отбасы күніне орай Ақтөбе қаласындағы Өнер орталығында үлкен есеп беру кешімізді беру — мақсатымыз.

Репертуарымыз бай. Ансамбль ән-күй, термелерді орындайды, жыр да айтамыз. Қоржынымызда жүзге тарта ән бар. Ал ұжымда жолдасым екеумізді қосқанда 21 адам өнер көрсетеді, — дейді отанасы.

Осылайша, ұлттық өнер мен отбасы құндылығын ұлықтаған «Шашу» ансамблі  мектептер мен оқу орындарда «Ұлы даланың әуендері», «Шаңырақ шаттығы», «Ұлттық өнер — ұлы мұра» тақырыптары бойынша дәріс-концерттерді өткізуді де қолға алған. Шара барысында Өмірхан мен Амангүл қазақ халқының көне музыкалық аспаптарының тарихына тоқталып, ән-күйді әуелететінін айта кету керек.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button