Ақтөбе — 95

Аманат арқалаған басылым

«Ақтөбе» газетінің 95 жылдығына арнап, С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасы  «Аманат арқалаған «Ақтөбе» атты кездесу кешін ұйымдастырды. Мақсат — жастардың оқу-білімге қызығушылығын арттыру, мерзімді басылымдарды насихаттау.

Жиында газеттің бас редакторы Бауыржан Өтеулиев басылымның жүріп өткен жолына қысқаша шолу жасап, алдағы жоспарларды айтты. 1924 жылы 7 маусымда жарық көрген газет, кейін «Алға», «Социалистік жол», «Коммунизм жолы» деген атаулармен шықты. Ал 1990 жылы газет атауы «Ақтөбе» болып өзгерді. Сондай-ақ газет басшысы ақпарат таратудағы журналистер еңбегін, басылымның облыс баспасөзінің қарашаңырағы екенін айтты. Ал газет ардагері Идош Асқар жастарды кітап, газет оқуға шақырды.

Газет — алдымен адамның, өтіп кеткен буынның тарихы. Мен үшін қасиетті үш жер бар. Ол — мешіт, кітапхана, редакция. Күнделікті болып жатқан жақсы оқиғалардың барлығы газетте жазылады. Біздің буынды өсірген кітапхана. Адамзаттың хатқа түскен тарихы бес мың жыл болса, соның барлығы осы кітапханада тұр. Қазір заман басқа, барлығы бар.  Сіздер интернеттен анықтама алуларыңыз мүмкін, ал ақылды осы жерден аласыздар. Сондықтан кітап, газет оқуды қоймаңыздар, — деді ардагер журналист.

Газетте қырық жылға жуық уақыт еңбек етіп келе жатқан  Аманғос Орынғалиұлы мен Нұрмұханбет Дияров халық қай кезде де қуанышы мен мұңын газет арқылы бөлісетінін, басылымның қартаймайтынын, оның өмірін кейінгі буындар жалғастыра беретінін айтты. Жиында облыстық тарихи-мәдени мұраны зерттеу, қалпына келтіру, қорғау орталығының инспекторы Алмат Қайдаров, Ақтөбе ауылшаруашылық колледжі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы Әсел Айтекова жиналғандарды газеттің мерейтойымен құттықтады. А.Жұбанов атындағы Ақтөбе музыка колледжінің оқушысы Ақниет Жеткірбай ән салып,  ауылшаруашылық колледжінің оқушысы Бағылан Жібекқалиев күй тартты.

Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің студенттері Айшолпан Картам мен Камилия Шетей газетке арнаған өлеңдерін оқыды. Кітапхана директорының атынан кітапханашы Ақмарал Мұқашева Бауыржан Өтеулиевке Алғыс хат табыстады.

Жиын соңында жастар газет тарихынан сыр шертетін көрмені тамашалады.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button