Мәдениет

«Балауса» фестивалі басталды

Театр

Осымен төртінші рет өткізіліп отырған Халықаралық «Balausa» экспериментальды спектакльдер фестивалі сейсенбі күні шымылдығын түрді. Ақтөбе қаласының 150 жылдығына арналған өнер мерекесіне биыл 10 труппа қатысып отыр.

Театр фестивалінің ашылуына орайластырылған баспасөз мәслихатында алдымен қазылар алқасының өкілдері таныстырылды. Олар — Қазақстанның халық артисі, режиссер Есмұхан Обаев, Қырғыз Республикасының халық артисі, Ш.Айтматов атындағы Халықаралық сыйлықтың иегері Бузурман Одуракаев, Қазан қаласындағы Г.Камал атындағы Татар мемлекеттік академиялық театры әдебиет бөлімінің жетекшісі Нияз Игламов, Санкт-Петербург қаласындағы Ресей мемлекеттік сахналық өнер институтының аға оқытушысы Татьяна Джурова және Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрының режиссері Елтай Кемал. Ақтөбелік көрермендердің назарына жерлес актерлер У.Шекспирдің әлемдік классикаға айналған «Гамлет» моноспектаклін ұсынса, Көкшетаудың «Ел» жастар театры А.Баймұхаметовтің «Армандар кемесі» қойылымын, Жамбыл облыстық қазақ драма театры Б.Жандарбековтің «Томирис» драмасын сахналамақ. Сол сияқты көршілес Өзбекстан, Қырғызстан, Татарстан, Армения елдерінен келген труппалар да өздерінің өнерін көрсетеді. Ал өткен жылдың соңында құрылған Асанәлі Әшімовтің театры Н.Гогольдің «Вий» спектаклімен бақ пен бабын сынағалы отыр.

— Фестивальдің ұйымдастыру жұмыстарына облыстық бюджеттен 15 миллион теңге бөлінді. Соның 1 миллион теңгесін жеңімпаздардың сыйлық қорына қарастырдық. Яғни 4 аталым бойынша жеңімпаздардың әрқайсысына 200-300 мың теңгеден табысталмақ.

Биылғы фестивальдегі ерекшелік — кейбір қатысушылардың алыстан келіп отырғанын ескеріп, олардың жол шығынын өтеу үшін спектакльдерге кіру ақылы негізде болады. Билет құны — 1 мың теңге. Күніне екі спектакльден көрсетіледі, — деді облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Маржан Қорғанбаева.

P.S. «Balausa» фестивалі аясында сахналанған спектакльдер мен оның қорытындысын газетіміздің алдағы бейсенбі күнгі санынан оқи аласыздар.

 Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button