Денсаулық

Дені сау анадан — дені сау бала

Жаңа туған нәрестенің аурушаң болуы немесе шетінеп кетуі көбіне іріңді-септикалық  инфекцияның кесірінен болады. Және мұндай инфекциялар соңғы кездері аналарда жиі кездеседі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша, нәрестелердің  2%-ы  жатыр ішінде, 10 % – ға жуығы босанғаннан кейін және өмірінің 1-ші айында инфекция жұқтырады.

2010 жылдың 1-ші жартыжылдығында облыс бойынша жаңа туған нәрестелер арасында 60 іріңді-септикалық  инфекция тіркелген,  1000  балаға шаққандағы көрсеткіш — 8,34-ті көрсетіп отыр.

Тіркелген 60 іріңді-септикалық инфекциялардың 36-сы жатырішілік өкпе қабынуы, 8-і  жатырішілік сепсис және 16 жағдайы басқа жатырішілік  инфекциялар болып табылады. Тіркелген 60 жағдайдың барлығы да зертханалық жолмен тексеріліп, нақтыланған.

Дүниеге келген нәрестелердің жатырішілік инфекциялармен ауруы  көптеген шешімін таппаған өзекті мәселелердің бірі. Және бұл жүкті әйелдерге қатысты амбулаториялық-емханалық қызметтің, алдын алу жұмыстарының толық жүргізілмеуінен,  жүйелі бақылаудың  болмауымен байланысты. Тіркелген іріңді-септикалық инфекциялардың барлығы да аналарының жатырішілік инфекциялары ауруларынан болған, көп жағдайда аналар дер уақытында  гинекологтарға қаралмай, жыныс жүйесі инфекцияларына тексерілмеген.

Мәселен, К есімді 28 жастағы жүкті әйел 16-17 аптада есепке алынған. Жүктілік кезінде гинеколог дәрігерге уақытылы қаралмаған, жыныс жүйесі инфекцияларына сараптама жасатпаған. Жүкті кезінде анемия, созылмалы бүйрек аурулары болған. Аудандық аурухананың перзентханасында мерзімінен ерте босанған, бала тыныс жолдары жетіспегеннен тұншығып туған. Үшінші күні нәрестені перзентханадан  «жатырішілік өкпе қабынуы, іріңді миқұрты» диагнозымен қалалық балалар ауруханасына  аударады. Баланың диагнозы және анасының инфекциясы зертханалық әдіспен дәлелденген. Ана мен баладан бірдей шартты патогенді таяқша (клебсиелла) және стафилаккок ауреус анықталған. Осы жағдай ана мен бала  аурушаңдығының өзара байланысын дәлелдейді. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады.

Перзентханада (босану бөлімдерінде) медициналық қызметкерлер, босанған немесе босануға түскен әйелдер және ауру нәрестелер бацилла тасушы, яғни ауру көзі болуы мүмкін. Инфекция ауа-тамшы, алиментарлық (ауқатты) және әртүрлі байланыстар арқылы  таралады. Жаңа туған нәрестелер арасында  негізінен жатырішілік өкпе қабынуы, тері инфекциялары, тері асты клетчаткалары, кіндік айналасы жарасы жиі кездеседі. Сондықтан бұл мәселеге байыптылықпен қарап, сәйкесінше ем алу қажет. Облыста тіркелген іріңді конъюктивит, жаңа туылған балалардағы бөртпелердің кең таралуының негізгі себебі — үйде балаларға дұрыс күтім көрсетілмеуі, аналардың балаларын суға түсіру, орау кезінде жеке бас гигиенасын сақтамауы, аурудың алғашқы белгілері пайда болған мезгілде уақытында медициналық көмекке жүгінбеуі салдарынан болып отыр. Жаңа туған балалар арасындағы жұқпалы аурулар әртүрлі жалпылама факторлармен анықталады, яғни іріңді-септикалық инфекцияның алдын алу үшін уақытында дәл диагноз қою қажет.

Жаңа туған нәрестелер арасында  іріңді-септикалық  ауруларды болдырмау үшін мынадай сақтық шараларын жасау керек:

–         жүкті әйелдерді босануға дейін уақытында есепке алып, сауықтыру;

–         жаңа туған нәрестелерді уақытында патронажға алу;

–         балаларды бір жасқа дейін ана сүтімен қоректендіру;

–         үйде балаларды күту кезінде жеке бас гигиенасын сақтау;

–         балаларды орау алдында жаялықтарды үтіктеу;

–         жүкті әйелдермен іріңді-септикалық инфекцияның алдын алу жөнінде санитарлық ағарту жұмыстарын жүргізу қажет.

Роза  ДОСИЕВА,

МСЭҚК Ақтөбе облысы бойынша

департаментінің бас маманы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button