Ақтөбе — 95

Әмір-ғұмыр

Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың  облыстық мемориалдық  музейінде  белгілі журналист Әмір Оралбайды (1959-2008)  еске алу кеші өтті.  Ол тірі болғанда 21 сәуірде 60 жасқа толар еді.

Бар-жоғы 49 жасында өмірден өткен Әмір Оралбайдың 28 жылға созылған журналистік ғұмыры Ақтөбе топырағында өтті. 1959 жылы Арал ауданындағы Аманөткел  ауылында дүниеге келіп, 1976-1981 жж. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген бойы Октябрь аудандық (қазіргі Мұғалжар ауданы)  «Октябрь туы» –«Знамя Октября»  газетінде бөлім меңгерушісі, бас редактор, «Лениншіл жас», «Егемен Қазақстан» басылымдарының Ақтөбе облысындағы меншікті тілшісі, «Ақтөбе», «Актюбинский вестник» газеттерінде басшылық қызметте болды. Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты.

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің журналистика кафедрасында оқытушылық қызметінде жүріп,  2000 жылы «Құдайберген Жұбанов» деректі ғұмырнамалық анықтамалығын жарыққа шығарды. Қазақ тіл білімінің негізін салған полиглот лингвист, 1937 жылы жазықсыз атылған

Қ.Жұбановтың  өмірбаяндық деректері мен ғылыми мақалалары   тұңғыш рет  осы жинаққа топтастырылды. Мұрағаттарды ақтара отырып, ғалымның ғылыми еңбектері мен публицистикасын жинақтай келе, көп кешікпей  ғылыми диссертацияға айналдырды. Он жыл бойы зерттеу нәтижесінде  2008 жылдың маусымында  әл-Фараби атындағы  ҚазМҰУ-нің  Ғылыми кеңесінде Құдайберген Жұбановтың публицистикасы тақырыбында кандидаттық жұмысты қорғап шықты. Алайда журналистиканың қара жұмысы мен ғылыми жұмысты қатар алып жүрген азаматтың денсаулығы сыр берді. Қорғаудан Ақтөбеге оралған соң 3-4 айдың ішінде өмірден озды да, ақыры  Білім және ғылыми министрлігінің  Аттестаттау комитеті  бекіткен  ғылым кандидаты дәрежесіне толтырған дипломын автор көре алмай кетті.

Филология ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Омаров  Әмір ұстазы  туралы былай деп естелік жазды:

— Арада жылжып жылдар өтті. Жас ғылым докторы ретінде мен Ақтөбе мемлекеттік университетіне емтихан комиссиясының төрағасы болып келдім. Сол жылы бұл оқу орны  журналист мамандығын иеленген тұңғыш түлектерін  ұшырды. Тәуба! Осы қалада талай рет тәжірибеден өткен  бір кездегі бозөкпе бала, міне, енді  ақтөбелік түлектердің дипломына қол қояйын деп жатыр… Ұстаз бен шәкірт қайта кездестік. Бұл кезде Әмір Оралбай — журналистика кафедрасының ортан қолдай оқытушысы. Ағайынды екеуміз екі апта бойы студенттерден  емтихан алдық. Әмір сол жолы қатты қуанды. «Менің соңымнан ерткен шәкіртім өсті, жетілді, осыны көргенімізге шүкір», — деді.

Әмір университетте тек дәріс оқып қана қоймай, осы оқу орнына аты берілген ғұлама ғалым Құдайберген Жұбановтың публицистикасын зерттеп, кандидаттық диссертация жазып жүр екен. Ғылыми жетекшісі — жалпақ жұртқа аты мәшһүр ғалым Намазалы Омашев. Мұнысына мен қатты қуандым. «Ғылымға бет бұрғаныңыз дұрыс болды, жақсылап жазыңыз, тездетіп қорғаңыз», — деп жігерлендіріп кеттім. Шынында да оның шығармашылық әлеуеті мен мүмкіндігі мол еді. Әдеби ортадан алыс жерді мекен еткендіктен, сол мүмкіндігін толық пайдалана алмады-ау деп ойлайтынмын. Енді зерттеушілік қырының ашылатынына күмәнім жоқ-ты.  («Ана тілі» газеті, №14(955). 9.04. 2009). Бұл – ұстаз Әмірдің  шын болмысы.

1976 жылы КазГУ-дің журналистика факультетіне оқуға түскен 17 жастағы  курстас досын   Ғазиз Құрмашұлы былай  сипаттайды:

— Ол  қолына үнемі  шиыршықтап газет ұстап жүреді. Таңертең баспасөз дүңгіршектерін  бір шолып, өзіне қажетті басылымды міндетті түрде сатып алады. Жай басып, көзін сығырайта күліп келеді де, оқыған жаңалығын, біреудің шыққан мақаласын көрсетіп мәз болып тұрады. Мектепті жаңа бітіріп келген қара баланы әскерден кейін келіп оқуға түскен, өзінен 3-4 жас үлкен  жігіттер білімділігі үшін сыйлайтын. Курста  жан-жақты зейінді 3-4 студент болса, соның біреуі Әмір еді. Және кітапханадан шықпай, жанталасып кітап жастанып жататындар қатарында еді.  Қалайда табиғат  өзіне тән алғырлық  сыйлаған. Ол өзгелермен бірге «Қайраттың» ойынын көруге барады. Өзгелермен бірге сыраханаға бас сұғады. Алайда сабаққа келгенде тастай. Бәрін біліп тұрады». Бұл — студент Әмірдің  бейнесі.

— Әлия Молдағұлованың есімін туған жерінде ұлықтауға Әмір ерекше еңбек сіңірді, — деді «Әлия-Мәншүк» қоғамдық қорының жетекшісі Ғалымжан Байдербес Әлия музейіндегі еске алу кешінде. — Батыр қыз туралы Жекен Жұмаханов, Әзиза Нұрмағамбетова, Сейілхан Асқаров, Сағын Тойтанбаев жазды. «Социалистік Қазақстанның»  арнаулы тілшісі болған Сағын Тойтанбаев Мәскеуде Әлия мектебін салуға ықпал етіп  біраз жүгірді, батырдың Алматыдан Псковка дейінгі жорық жолын жазды.

1994 жылы  Әлия Молдағұлованың 70 жылдығы  бүкіл ел көлемінде атап өтілетін болып, Алматыда Әлия мен Мәншүктің  ескерткішін тұрғызу жөнінде  Жоғарғы Кеңестің  Қаулысы шықты. Міне, осы кезде  Әмір Ленинградтағы Әлия Молдағұлова  оқыған мектепке барып  дерек жинады. Мұрағаттағы  тиянақты жұмыс нәтижесінде батырдың  70 жылдығына «Әлия» повесін шығарды.

Мен Әмірді осы кезден бастап жақсы тани бастадым десем, артық болмас. Ол облыста өте  беделді, журналистік ортада құрметі зор, өз ісінің маманы, өмірге ерекше құштар адам еді. Ауырып жүрсе де білдіртпей, Құдайберген Жұбанов публицистикасы туралы  ғылыми  жұмысын аяғына дейін жеткізді, университетте шәкірт тәрбиеледі, — деп еске алды.

Самалбек  Оралбаев, Әмір Оралбайдың інісі:

— Арал мен Қазалының ортасында Қамбаш деген шағын станса бар. Біздің балалық шағымыз осы стансада өтті.  Үйде төрт баламыз, Әмір —  ең үлкені. Ол кішкентай кезінен «Қазақстан пионері», «Дружные ребята» газеттеріне мақала жазып, сол жақтан Әмірге хаттар келіп жатады.  Мектепті бітірген бойы журфакқа түсіп, ойдағыдай бітірген соң жолдамамен Ақтөбе облысына жіберілді. Қандыағаштағы «Октябрь туы» аудандық газетінен бастап,  тәжірибе жинаған соң көп кешікпей облыстық  газетке ауысты. Екі жылдан кейін «Лениншіл жастың» үш облыстағы меншікті тілшісі болды.

Өзінен кейінгі біздерге бағыт-бағдар беріп отыратын, ақадал, бауырмал болатын. Үйіндегі кабинеті толған кітап. Бір жаққа іссапарға шығарда, не бір сала туралы жазбас бұрын әуелі  тақырыпты  алдын ала зерттеп алады, сөредегі кітаптарын ақтарады.

Деректі повесть жазар алдында  Ленинградта Әлия оқыған мектепке, мұрағатқа барды, Әлияның табаны тиген жерлерімен Волхов майданының бойымен жүріп өтті.

Отбасында  бір ұл, бір қызы бүгінде өмірдегі орындарын тапқан. Ұлы — Ернұр Ақтөбедегі мектептердің бірінде мұғалім, қызы — Атырауда стоматолог дәрігер.  Әмір ағайдың өмірлік қосағы Меңдігүл жеңгей әлі күнге дейін Әмірдің жұмыс бөлмесі сол күйінде тұрғанын, қойын дәптері мен жазу машинкесіне дейін орнынан қозғамағанын айтты.  Қаншама жылдар өтсе де, өмірлік қосағы жайлы  айту ауыр тиетінін, әлі күнге дейін ағамыздың  бір жаққа іссапарға кеткендей, ақырын басып үйге кіріп келетіндей көрінеді екен.

Тасқа басылған қағаздағы сөздің құны жоғары болып тұрған кезде, Ақтөбе облысының журналистикасында ойып орын қалдырған Әмір ағамыздың да өмірден өткеніне 10 жылдан асты. Бізге де әлі күнге дейін қоңыр пиджагін киіп, қоңыр көзәйнегін тағып, қолтығына қоңыр папкесін қысқан Әмір ағамыз   Жұбанов көшесінің бойымен ақырын аяңдап келе жатқан сияқты болады да тұрады…

 

Баян СӘРСЕМБИНА.

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button