Денсаулық

Емнің тиімдісі — ерте анықтау

№3 қалалық емхана 44664 тұрғынға дәрігерлік көмек көрсетеді. Тұрғындардың денсаулығын бақылау, аурушаңдықты азайту, аурудың алдын алу шараларын ұйымдастыру, сырқаттарды сауықтыру — емхана жұмысының басты мақсаты.

Алайда емханаға бекітілген тұрғындардың, оның ішінде ересектердің 6,1 пайызы тексерілуге келмейді. Ал осы тұрғындар арасынан асқынған ауру түрлері жиі кездеседі. Өткен алты аймен салыстырғанда 100 тұрғынға шаққанда 17-сі ауруына байланысты қаралған. Ал былтыр бұл көрсеткіш — 12. Яғни, бұл алдын алу жұмыстарының жақсарғанын көрсетеді.

Жалпы, азаматтар дәрігерге ерте қаралса, ауру дер кезінде анықталып, оны емдеу де жеңіл болады. Емханаға келіп қаралушылардың 36,9 пайызы тыныс мүшелері, 15,8 — қан айналымы, 14,3 — зәр шығару және жыныс мүшелері, 13,8 — ас қорыту, 14,5 пайызы ішкі секреция мүшелері (эндокринологиялық) ауруымен шағымданады.

Соңғы кезде эндокринологиялық және жүрек, қан тамырлары аурулары жиі кездесуде. Бұндай аурулардың көбеюіне көп жағдайда ауа райы,  экологиялық ахуал, шылым шегу мен алкогольдік ішімдіктер себеп болуда. Сондықтан ауруды дер кезінде анықтау үшін тұрғындарды диспансерлік бақылауға алу керек. Уақытында дәрігерге қаралуына жағдай жасау қажет. Ал диспансерлік бақылаудағы аурулар дәрігердің белгілеген мерзімінде келіп, алдын ала емдеу-сауықтыру шараларын алғаны дұрыс.

Біздің емханада диспансерлік бақылауда 5110 ересек тұр. Бұл тұрғындардың 11,4 пайызын көрсетеді. Диспансерлік бақылау негізінде жыл сайын 950-1000 сырқат сауығып, есептен шығарылса, осыншама сырқат есепке алынады.

Жалпы, диспансерлік бақылаудың тиімділігі 18,9 пайыз немесе әрбір 100 сырқаттың 19-ы сауығып шығады. Сондықтан әрбір адам өз денсаулығына мән беріп, салауатты өмір салтын ұстанғаны дұрыс. Әр адамның денсаулығының мықты болуы өз қолында.

Болат ИМАМБАЕВ, №3 қалалық емхананың бас дәрігері.

Жеңіс ТУЛЕУБАЕВ, статистикалық кабинеттің меңгерушісі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button