Ақтөбе — 150Басты жаңалықтар

Үстел теннисінің жеңімпаздары марапатталды

Турнир

12-14 сәуір күндері Ақтөбе қаласындағы Жекпе-жек спорт сарайында «Aktobe-2019» үстел теннисінен ашық республикалық турнир өткен болатын. Турнирдің жабылу салтанатына облыс әкімі Оңдасын Оразалин қатысып, жүлдегерлерді марапаттады.

Жастар жылы аясында әрі Ақтөбе қаласының 150 жылдық мерейтойына орай өткен республикалық шараға ел аймақтарынан өзге, Ресей Федерациясынан барлығы 600-ге тарта  спортшы қатысқан болатын. Оның 16-сы — Ақтөбеден бөлек, Нұр-Астана, Орал, сондай-ақ Орынбор, Орск, Екатеринбург қалаларынан келген кәсіби спортшылар.  Турнирдің жалпы жүлде қоры — 1 миллион теңге.

Бір қызығы, турнирге әуесқойлардан бастап кәсіби спортшылардың қатысуына дейін  мүмкіндік жасалыпты. Спорттық шараның алғашқы күнінде әуесқой спортшылар өзара бақ сынасса, 13-14 сәуір күндері ардагерлер мен кәсіби спортшылар өнер көрсетті.

Спорттық шараның жабылу салтанатында кәсіби спортшылар өз өнерін көрсеткеннен кейін облыс әкімі Оңдасын Оразалин сөз сөйледі.

Елбасымыз биылғы жылды Жастар жылы деп жариялаған болатын. Жастық пен спорттың қатар жүретінін білесіздер. Соның бір көрінісі, міне, Ақтөбеде үш күнге созылған үстел теннисінен ашық республикалық жарыс өз мәресіне жетті. Осы жарысқа 600-ге жуық спортшы қатысты. Оның ішінде еліміздің 9 өңірінен әрі көршілес Ресей Федерациясынан да спортшылар өз бақтарын сынады. Әрине, спорт болғасын жеңімпаздар болда. Бірақ, бұл жарысты бәріміздің ортақ жеңісіміз деп түсінуіміз керек. Турнирдің өте жоғары деңгейде ұйымдастырылуына қолдау көрсеткен «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» компаниясына алғысымды білдіремін. Ақтөбе қаласында, жалпы облысымызда спортты дамытуымыз керек. Спорт — бұл денсаулық, әрбір адамның, оның ішінде жастарымыздың салауатты өмір салтын қалыптастыруына септігін тигізеді. Алдағы уақытта да осындай табысты турнирлеріміздің көп болатынына сенімдімін, — деп облыс басшысы жанкүйерлерді республикалық турнирдің сәтті аяқталуымен құттықтады.

Содан соң салтанатты шарада «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ бас директорының орынбасары  Ван Хайцзюнь жиналғандарды турнирдің аяқталуымен құттықтап, осындай үлкен шараға қолдау көрсетуге мүмкіндік жасағаны үшін облыс әкімдігіне ризашылығын білдірді. «Біз әрқашан облысымызда спортты дамытуға, насихаттауға атсалысамыз. Бұл — біздің маңызды міндеттеріміздің бірі. Осындай шараларға демеушілік көрсету арқылы біз Ақтөбе облысында спорттың одан әрі дамуына үлес қосатын боламыз», — деді Ван Хайцзюнь.

Салтанатты шараның соңында облыс әкімі жеңімпаздарды марапаттап, құрмет көрсетті. Олардың қатарында ақтөбелік Жанай Есенкелді, Батыс Қазақстан облысының спортшысы Дастан Кенжеғұлов, астаналық Александр Герасименко, сондай-ақ Ресей спортшылары — Никита Потеряхин, Руслан Алчимбаев және  Илья Березиндер бар.

 

Арайлым НҰРБАЕВА.

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button