Ақтөбе — 150

Орынбор аллеясына 150 түп ағаш егілді

Сенбі күні «Жасыл қала — жасыл ауыл» жалпыұлттық жобасы аясында Батыс-2 ауданында орналасқан Орынбор аллеясына 150 түп ағаш егілді.  Кең көлемді акцияға қала әкімі Ілияс Испанов, қалалық мәслихат хатшысы Сұлупан Шынтасова, қалалық мәслихат депутаттары мен 300-ден астам жас қатысты.

Жастардың бастамасына өз ризашылығын білдірген шаһар басшысы барлық қала тұрғындарын екі айлық сенбілікке белсене қатысып, тал егуге шақырды.

Қалалық жастар ресурстық орталығының басшысы Жандос Табылғановтың айтуынша, құтты мекеннің жастары Жастар жылы мен Ақтөбе қаласының 150 жылдық мерейтойы аясында түрлі іс-шараларды қолға алған. Соның бірі «Жасыл қала-жасыл ауыл» жалпыұлттық жобасы аясында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетімен бірлесе қолға алған — «Құтты мекен Ақтөбе жасыл қала» атты акциясы.

— Жастар жылы аясында біздің университет ішінде «Жасыл ел» еңбек жасағының фронт-офисі ашылған болатын. Облыс жастары мен ерікті жастардың басын біріктіру мақсатында құрылған фронт-офис қаламыздың көркеюі жолында жұмыс жасайды. Бүгін біздің университеттің  350-ге жуық студенті мен 30-ға жуық профессорлары  ағаш отырғызу акциясына белсене қатысуда. Акция аясында 150 ағаш егетін боламыз, — дейді студент, «Жасыл ел» студенттік еңбек жасағының комиссары Әділет Төремұрат.

Сондай-ақ жастар дәл сол күні Назарбаев Зияткерлік мектебінің алаңына да 35 түп ағаш екті.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button