Мәдениет

«Театр — өнердің ұлы көші»: Мұғалжар ауданының халықтық театры үздік шықты

Өткен сенбі күні Ақтөбе қаласында ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Театр — өнердің ұлы көші» атты халықтық және жастар театрларының облыстық фестивалі өтті. Облыстық халық шығармашылығы орталығы ұйымдастырған дәстүрлі өнер мерекесіне биыл 11 театр қатысты.

Мақсат — өңірдегі халықтық театр ұжымдарына қолдау көрсетіп, өзара тәжірибе алмасу. Ырғыз, Мұғалжар, Байғанин, Ойыл, Әйтеке би, Хромтау, Қобда, Қарғалы аудандары мен Ақтөбе қаласы атынан қатысқан труппалар арасында кіл жастардан құралған театрлар да бар. Биылғы жылдағы басты ерекшелік — осы.

Бір күнге жалғасқан фестиваль барысында негізінен сақ, ғұн, түркі, Қазақ хандығы, Тәуелсіз Қазақстан тұлғаларына арналған қойылымдар ұсынылды. Айталық, «Қазақ тарихындағы тұғырлы тұлғалар», «Батыр Баян», «Соңғы көш», «Нарком Жүргенов», «Томирис патшайым», т.б. бар.

Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Маржан Қорғанбаева бастаған қазылар алқасының шешімімен бас жүлде — «Үздік қойылым» аталымына Мұғалжар аудандық Мәдениет үйінің халықтық театры лайық деп танылды. Режиссері — Айнагүл Мусина. Р.Отарбаевтың «Нарком Жүргенов» спектаклін сахналаған жеңімпаздарға диплом мен 150 мың теңге табысталды. Ал «Үздік режиссура» номинациясы Ырғыз аудандық Мәдениет үйінің режиссері Ратбек Бердалиевке берілсе, «Үздік ер адам бейнесін» «Тарлан» көпсалалы колледжі жастар театрының актері Алтынбек Раш пен Әйтеке би ауданы «Замандас» халықтық театрының актері Алтынбек Шайхин иеленді, «Үздік әйел бейнесін» Байғанин ауданы Оймауыт халықтық театрының артисі Данагүл Жанәділова алды. Сондай-ақ, «Үздік екінші пландағы бейне» марапаты Қобда ауданы «Сынтас» жастар театрының актері Нұржан Әбжанға, «Үздік актерлік ансамбль» атағы Ойыл халықтық театрына, «Актерлік ізденісі үшін» аталымы Ырғыз ауданы «Мәні» халықтық театрының актері Әкімжан Ақдәулетовке және «Үміт» номинациясы С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің «Алаш» студенттік театрының жас артисі Фарида Қазиға бұйырды.  Осылайша, жеңімпаз бен барлық қатысушыларға дипломдар мен ақшалай сертификаттар табыс етілді.

Айта кетейік, облыстағы Мәдениет үйлері мен клубтарында ұзын саны 136 драма үйірмесі бар. Олардың 16-сы — халықтық театрлар.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button