Әлеумет

Жамағаттың жәрдемі: темірлік көпбалалы отбасыға екі бөлмелі пәтер кілті табысталды

Акция

Еліміздің Бас мүфтиі Серікбай қажы Ораздың бастамасымен өткен жылы республика аумағында «Ел үлесі — пәтерге» қайырымдылық акциясы бастау алған болатын. Мақсат — мұқтаж отбасыларға баспана алып беру.

Облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешіті баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгінге  дейін аталған жоба аясында Қазақстан бойынша 15 отбасыға баспана кілті табысталыпты.

Сәуір айының басында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ақтөбе облысы бойынша өкілдігі «Зекет» қорымен бірлесіп, қайырымдылық жобасы аясында  Темір ауданындағы көпбалалы отбасыға екі бөлмелі пәтердің кілтін табыс етті. Қайырымдылық шарасына облыстық дін істері басқармасының басшысы А.Тұралиев, «Нұр Ғасыр» мешітінің өкіл имамы Т.Оспан, Темір ауданының әкімі Жолдас Қалмағанбетов, сондай-ақ аудан имамдары мен жамағат қатысты.

Жаңа пәтерге  қол жеткізген отбасы мүшелері баспана зардабын көп тартқан. Тіпті мұқтаждықтың салдарынан олар 6 баланың төртеуін интернатқа тапсыруға мәжбүр болыпты. Екеуі — студент.  Жомарт жандардың жәрдемінің арқасында бұл отбасыға күрделі жөндеуден өткен, асхана жиһазымен қоса, «Аристон» су жылытқыш құрылғысымен жабдықталған 2 бөлмелі пәтер кілті тапсырылды. Баспана іші жайлы әрі кең.

«Ел үлесі — пәтерге» — тұрмысы төмен көпбалалы отбасыларға  халық болып қаражат жинап, үй алып беруді  көздейтін  жоба. Осылайша, бұл — жамағаттың қолдауының арқасында облыс көлеміндегі мешіттерде жәрмеңкелер өткізу арқылы тиындап жиналған қаражаттың арқасында қол жеткізген екінші баспана екенін айтқым келеді. Осындай халықтық жобаға атсалысушы ақтөбеліктердің арқасында темірлік отбасыға үй алудың мүмкіндігі туды. Осынау сауапты іске облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешіті, Ақтөбе қалалық мешіті, «Қабақ баба» және Темірдегі «Досжан Хазрет» мешіттерінің жамағаты белсенді түрде атсалысты. Бізді қолдаған барша жамағатқа алғыс білдіреміз, — деді өкіл имам Т.Оспан.

Көпбалалы ана Назгүл Таңбаева елімізде осындай қайырымдылық шарасының жүзеге асырылып жатқанына, соның нәтижесінде оның отбасы осындай баспанаға ие болғаны үшін акцияны ұйымдастырушыларға шексіз алғысын білдірді. Көпбалалы отбасының қуанышын бөлісуге келген ауыл ақсақалдары мен ақ жаулықты әжелер де жомарт жандардың игі ісіне өз ризашылықтарын білдіріп жатты.

Темір аудандық әкімдігі атынан қоныстой иелеріне тұрмыстық техника алу үшін 50 000 теңгенің сертификатын табыстаса, ауданындағы «Анаға сый» қорының өкілдері де материалдық қолдау танытты. «Нұр Ғасыр» мешіті атынан жаңа үйдің төріне кілем жайылып, көпбалалы отбасыға азық-түлік жеткізілді.

Еске сала кетсек, биыл ақпанда «Нұр Ғасыр» мешітінің ұйымдастыруымен Мұғалжар ауданының Ембі қаласында баспанасыз жүрген отбасыға 3 бөлмелі пәтер кілті табысталған болатын.

Арайлым НҰРБАЕВА.  

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button